Веласкестің қарғыс атқан «Венерасы»
Қадыр Мырза-Әлидің «Жазмышында»: «Осыдан бірнеше жыл бұрын Францияда көрмеген теперіші жоқ, бүкіл өмірлері қайғы мен қасіреттен тұрған, дара тағдырлардың иесі болған, бірнеше ақынның өлеңдерін шығарып, ол кітапқа «Қарғыс атқан ақындар» деп ат қойыпты.
Ауыр сөз. Көңілге келетін сөз. Бірақ бар болғырлар тауып қойған. Өңшең бір шерлі жыр, шерменде ақындардың тағдырларына үңіле отырып, ақын боп туу азап үшін туу ма деп қаласың. Найзағай түскенде де ондаған, жүздеген тіпті одан да көп қалың ағаштың кез келгеніне түспей, ең биігіне, ең зәуліміне барып түседі екен ғой. Жазмыштың жұмыр добы да, қайысқан қалың халыққа жоламай, әлдекімдерді айналып өтіп, ақындарды барып ұратын тәрізді» дегені есіңізде шығар.
Осы секілді бейнелеу өнері тарихында жүріп өткен траекториясы мистикаға қанық «қарғыс атқан картиналар» хақында талай аңыз бар. Оларға қолының ұшы тигеннің бәрі оңбайды деседі. Осы аптаның басында Батыс басылымдары жарыса жазған Лондон Ұлттық галереясындағы «Айна алдындағы Венера» – репутациясы дәл сондай картина. Тіпті эко-белсенділердің оның қорғаныш әйнегін қастандықпен сындыруының өзі осы мифтің тағы бір дәлелі емес пе деген ойға да қаласың.
Бұл өзі – Диего Веласкес шығармашылығында ғана емес, бар өнер тарихындағы теңдессіз көркем туындылардың бірі.
Жалаңаш әйел сымбатын жырлаушыларға Қасиетті Инквизиция қарсылығынан қылқалам шебері нюге онша әуес болмаса керек, мүмкін мұндай кескіндемелері жойылып кеткен де шығар. Бірақ қалай болғанда да, «Венера» – Веласкестің әйел тәнінің ғажабын бейнелеген бізге жеткен жалғыз туындысы.
Жібек төсекте оң қолын таянып, сәбиі Купидон ұстаған айнаға қарап жатқан махаббат құдайының әдемілігін тасадан тамашалаған куәгер көріністің көркемдігінен көз ала алмайды. Сол Қадырдың «Венераны көрген жан сене алмайды, Бұдан басқа сұлудың барлығына» деген жолдары Веласкес қиялындағы кейіпкердің бейнесін дәл жеткізгендей.
Сұлудың жүзіне назар салғанға жұмбақ күйінде қалсын деді ме, әйтеуір бұлдыр бейне оның инкогнито сақталуына мүмкіндік жасады. Бір қызығы, 1983 жылы суретші Италияға ( ню картина жазуына испан шіркеуі шектеуінен алыста болуының да әсері болса керек) жасаған сапары кезінде (шамамен 1649-1651) Фламиния Трива есімді бикешке ғашық болып, одан Антонио деген ұл туылғаны туралы құжат табылған. Осыдан кейін Веласкестің «Венерасы» сол сұлудан жазылған деген болжам пайда болды.
Адамзат тарихындағы ұлы қылқалам шеберлерінің бірі Диего Веласкес 1599 жылы Севильяда дүниеге келген. Ол – Португалиядан қоныс аударған дворян әулетінен еді. Габсбургтер үстемдік құрған Испанияда мұндай лауазымдағылар ақшаға жұмыс істемейтін, олардың міндеті – патшаға қызмет ету. Диего отбасының тұңғыш перзенті, 8 баланың үлкені болғандықтан, қосымша кіріс көзін табу керек болды. Ол 11 жасынан өз заманының үздік суретшісі Франсиско Пачекодан тәлім ала бастайды. Жастайынан байқалған дарынының арқасында емтиханнан сүрінбей өтіп, 18 жасқа қараған шағында Веласкес өз шеберханасын ашу құқығына ие болады.
Жас суретшінің алғашқы жұмыстары жарық пен көлеңкенің айқын контрастін көрсететін тенебризммен салынған. Әсіресе бодегонес жанрына жататын «Жұмыртқа қуырған кемпір» мен «Севильялық су тасушы» картиналары аталған техниканың жарқын мысалы бола алады.
Алғашқы туындылары десек те, бұлардың өзі аллегорияға тұнық еді. Мысалы, екінші аталған картинаға бір қарағанда қарапайым су тасушы көргенімізбен, ұстазы Пачеко мен оның қос шәкіртінің сұлбасынан үш буын өкілі бейнеленгенін аңғарасыз.
Бірнеше жылдан кейін суретші сол ұстазының қызына үйленіп, Мадридке қоныс аударады.
Отбасының байланыстарының және сарай қызметкері Гаспар Оливареспен таныстығының арқасында Веласкес Филипп IV патшаның портретін жазуға тапсырыс алады. Ақсүйек кезінде өзі суретші болуды армандаған монархқа картинаның ұнағаны сонша, сол сәттен-ақ Веласкесті бауырына тартады.
Филипп Веласкеспен жақын танысқаннан кейін оны одан сайын құрметтей түседі. Суретшінің ұстамды, байсалды, білімді болмысы оны баурап алады. Оған іш тартқасын, сарай суретшілерінің бірі қайтыс болған кезде, еш ойланбастан Диегоны сарайға алдыртады. Онда суретші шеберханасының кілті бар еді, патша кейде оның жұмыс барысын тамашалағанды ұнататын.
Диего Веласкес Испаниядағы ең атақты суретші болды, десе де шекарадан тыс аймаққа оның есімі беймәлім күйінде қалды. Оған себеп – испанияның жабықтығы, инквизициялық цензура мен XVII ғасыр испандарының тым консерватив көзқарасы.
Италияға сапары кезінде Веласкес осы олқылықтың орнын толтыру үшін өзімен үнемі кенеп алып жүріп, Рим папасы мен жергілікті ақсүйектер назарына ілігуді көздейді. Суретші туралы түрлі аңыз діттеген жеріне де жетеді. Х Иннокентий өз портретін Диегоның салғанын қалап, тапсырыс береді. Ал сурет дайын болғанда біраз үнсіз тұрып: «Тым дәл» деген екен.
Жалпы Веласкестің Италияға екі рет сапар жасағаны белгілі. Біріншісі – Рубенстің кеңесімен 1629 жылы болады. Ұлы италиялықтардың шығармашылығына ден қояды, әсіресе Тицианға тәнті еді. Бұл оның шебер ретіндегі бағытының айқындалуына себепкер болды.
Италия сапары суретшінің жұмыс істеу мәнері мен техникасына да өзгеріс әкелді. Енді тенебризм орнына ашық түсті палитра үстемдік құра бастайды, детальдар маңызына көзі жетеді. Сюжеттері жағынан да мифология мен Інжілге бет бұрады.
Жолаушы пленэрге пейзаждар жазуға әуестенеді, мұнысы импрессионистерден 200 жыл бұрын болған еді. Ал Италияға екінші рет жолы түскенде әйгілі «Венерасын» салады. Осылайша, Диего туған жерінен өзге елдерде де танымал болып, дәурені жүреді.
Сүйікті шеберіне Сантьяго Орденін берерде Филипп Рим Папасына өтініш айтады, өйткені дворянин ретінде оның бұл марапатқа құқығы жоқ еді. Автопортрет фрагменті көрсетілген картинада суретшінің төсінде осы орден бар, бірақ жұмыс оған дейін салынған. Кей сарапшылар ойынша, қызыл кресті кейін IV Филиптің өзі қосқан деседі. Себебі Диего марапаттан кейін көп ұзамай өмірден өтеді. Испан көркемсурет өнері алтын ғасырының ең асқар тауындай болған, қарапайым халық тұрмысын, ақсүйек орта өкілдерін бейнелесе де, қылқаламының өткірлігімен танылған талантты соңғы сапарға сән салтанатпен шығарып салғанымен, кейін оның есімі ұмыт болды, тіпті қазір қабірінің қайда екені белгісіз.
Есесіне «Венера» туралы аңыздар шлейфі тым ұзын еді. Ол қолдан-қолға көп өтті. Картинаны алғаш сатып алғандардың бірі мадридтік көпес болған екен. «Венера» жаңа иесінің үйіне аяқ басқаннан, оның саудагерлік мансабы құрдымға кетеді. Кемедегі тауарының жартысы суға батып, одан қалғанын пираттар ұрлайды. Қаржылық жағдайын қалпына келтіру үшін ол суретпен қош айтысады. Кезекті сатып алушының дүкендеріне де найзағай түсіп, түгі қалмай өртенеді. Одан кейінгінің қолына тигеніне 3 күн болмай жатып, қарақшылар үйін тонап, өзін пышақтап кетеді.
Әрине, XVII ғасырдың ортасында тараған аңыздың қайсыбіріне сенесің?! Еш дәлел жоқ мұның біріне, бірақ XVIII ғасырдың аяғынан бергі тағдыры өнер тарихшыларына аян. Осы кезде ол Гойяның «Жалаңаш Маха» және «Киімді Маха» картиналарында бейнеленген герцогиня Каэтана Альбаның қорына өтеді. Осы екі туындының жанында Веласкестің де «Венерасы» ақсүйек будуарында өле-өлгенше сақтаулы тұрады. Кейін оны испан премьер-министрі һәм Мария-Луиза патшайымның фавориті Мануэль Годой алады.
Ал 1906 жылы ол Лондондағы Ұлттық мұражайға жайғасады. Қаншама жылға созылған сапардан кейін «Венера» тұрақты мекеніне орналасып, тыныштық тапқандай еді. Бірақ бұл да иллюзия болып шықты. 1914 жылы 10 наурызда әйелдердің дауыс беру құқығы үшін күрескен, атағы парламент үйіне тас лақтырумен шыққан суфражист Мэри Ричардсон «Венераның» тәнін пышақтап тастайды.
Ал күні кеше болған оқиға өздеріңізге мәлім. Қайран «Венера»...
Айымгүл Мақсұтқызы