Велосипедші Раббим Борашев Парижге жетті
Қазақстанның Франциядағы Елшілігі саяхатшы-велосипедші Раббим Борашев пен оның жұбайын Париждегі Триумф аркасы алдында салтанатты түрде қарсы алды.
Маңғыстау облысының тұрғыны өзінің саяхатын былтыр мамыр айында бастап, бүгін Олимпиада ойындары қарсаңында Парижде сәтті аяқтаған.
Елшілікте арнайы ұйымдастырылған іс-шараға Францияда тұратын отандастарымыз және Қазақстаннан келген туристер, сондай-ақ қазақ диаспорасының өкілдері мен француздық жанкүйерлер қатысты.
Өз кезегінде Р. Борашев жасаған велосаяхаты, атап айтқанда жеті елдің дәстүрлері мен тұрмысымен танысқаны туралы жарқын әсерлерімен бөлісті. Бес мың шақырымды еңсерген велошабандоздың айтуынша, ол қазақстандық спортшыларды қолдау үшін Олимпиада-2024 кезінде Парижге бару туралы өзінің көптен бергі арманын орындады, деді СІМ.
Іс-шара барысында қонақтар жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасын қолдау ретінде ұйымдастырылған Елшілік аумағындағы фотокөрмемен танысты. Фотосуреттерде бокс, дзюдо, теннис, таэквондо, семсерлесу, гимнастика және велоспортта жоғары жетістіктерге жеткен спортшылар бейнеленген.