Венесуэла АҚШ-тың нұсқауларынан шаршады – Делси Родригес
Венесуэла билігі Вашингтонның талаптары мен қысымынан қажығанын ашық мәлімдеді.
Ел президентінің міндетін уақытша атқарушы Делси Родригес АҚШ-тың бұйрықтарына бағыну Венесуэла үшін қабылдауға келмейтін жағдайға айналғанын айтты.
CNN телеарнасының хабарлауынша, Делси Родригес Пуэрто-ла-Крус қаласында мұнай саласының қызметкерлері алдында сөйлеп, ел ішіндегі саяси дауларды шетелден келген нұсқауларға сүйенбей, өзара келісім арқылы шешуге шақырған. Оның айтуынша, Венесуэла «елдегі фашизм мен экстремизмге қарсы күресте» өте ауыр баға төлеген.
Ақпаратқа сәйкес, қаңтар айының басында президент Николас Мадуро АҚШ арнайы күштері тарапынан ұсталғаннан кейін, Делси Родригес Ақ үйдің талаптары мен ел ішіндегі қоғамдық қолдауды сақтау қажеттігі арасында тепе-теңдік табуға тырысып келеді.
Вашингтон Каракасқа бірқатар талап қойған. Атап айтқанда, Венесуэла Қытай, Ресей, Иран және Кубамен экономикалық байланыстарын үзуі, мұнай өндіру саласында АҚШ-пен эксклюзивті әріптестікке келуі және ауыр мұнайды сатуда америкалық компанияларға басымдық беруі тиіс.
Бұған дейін Делси Родригес АҚШ Венесуэланы басқармайтынын айтқанымен, сонымен қатар Вашингтонның кейбір талаптарын орындауға кіріскен еді. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп Мадуро қолға түскеннен кейін, Америка Құрама Штаттары «қауіпсіз өтпелі кезең басталғанға дейін» Венесуэланы бақылауда ұстайтынын және елдің орасан зор мұнай қорларын өз қадағалауына алатынын мәлімдеген.
Қазіргі таңда Венесуэла қоғамы бірнеше лагерьге бөлінген: Мадуро жақтастары, солшыл оппозиция және Уго Чавес идеяларын ұстанатын «чавист-мадуристер». CNN дерегінше, бұрын Мадуро кезеңінде вице-президент болған Родригес енді осы топтарды біріктіруге әрі жаңа санкциялар мен ықтимал әскери қақтығыстардың алдын алу үшін Вашингтонмен қарым-қатынаста белгілі бір тепе-теңдік орнатуға күш салып отыр.
Сонымен қатар, Венесуэла үкіметі 25 қаңтарда саяси себептермен қамауға алынған 104 адамды түрмеден босатты. Бұл процесс 8 қаңтардан бері жалғасып келеді. Ал Дональд Трамптың айтуынша, саяси тұтқындар АҚШ әкімшілігінің талабы бойынша босатылып жатыр.