Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:12, 05 Қаңтар 2026

«Венесуэла – біздікі, келесі Колумбия болуы мүмкін» – Трамп

Трамп
Фото: Reuters

АҚШ президенті Дональд Трамп жүргізілген операциядан кейін АҚШ Венесуэланы іс жүзінде басқарып отырғанын мәлімдеді. 

Трамптың айтуынша, Венесуэла басшысын қолға түсіру операциясы жылдам болғанын, ал Мадуро «АҚШ әскеріне бірден берілген». Сонымен қатар Ақ үй басшысы болған жайтты «ұрлау» деп атады және бұл сөз операцияның мәнін ең дәл сипаттайды деп мәлімдеді.

Вашингтонның мәлімдемелері

Дональд Трамп Венесуэланы «өлі ел» деп атап, АҚШ оның экономикасын «қайта қалпына келтіруге ниетті» екенін айтты. Оның сөзінше, америкалық мұнай компаниялары Венесуэлада инфрақұрылымға инвестиция салып, жұмысын бастауға дайын.

 Трамп бұдан бөлек, Колумбия, Мексика және Куба басшылығына қатысты қатаң мәлімдемелер жасап, бұл елдерге қарсы  шараларды да жоққа шығармайтынын айтты. 

Politico басылымының мәліметінше, Колумбияға қарсы АҚШ-тың әскери операция жүргізуі мүмкін бе деген сұраққа Трамп: «Меніңше, бұл жаман идея емес», – деп жауап берген.

Президент ұшақ бортында журналистерге берген сұхбатында Колумбияны «АҚШ-қа кокаин өндіру мен сатуды ұнататын ауру адам басқарып отыр» деп сипаттап, бұл сөзін ел президенті Густаво Петроге қарата айтты.

«Ол мұнымен ұзақ айналыспайды. Маған сеніңіздер», – деді Трамп.

Бұл мәлімдемелер Колумбия басшысының қатаң сынына ұшырады. Густаво Петро Трампты «жала жабуды тоқтатуға» шақырып, Латын Америкасы елдерін бірігуге үндеді.

Куба және Мексика жөніндегі ескертулер

Трамп сондай-ақ Куба үкіметі жақын арада құлауы мүмкін екенін айтты және аралға АҚШ әскер кіргізуі қажет емес екенін жеткізді.

«Куба құлауға дайын. Қазір олардың табысы жоқ. Бар табысын Венесуэладан, венесуэлалық мұнайдан алатын. Енді ол да жоқ. Куба шын мәнінде құлаудың алдында тұр», – деді ол.

Сонымен қатар Ақ үй басшысы Мексикаға да ескерту жасап, елге «өзіне келу керек» екенін айтты. Оның сөзінше, есірткі ағыны Мексика арқылы АҚШ-қа көптеп өтіп жатыр.

Трамп Мексика президенті Клаудия Шейнбаумды «керемет адам» деп атап, әр кездесуде оған АҚШ әскерін Мексикаға енгізуді ұсынғанын айтты.

«Мексика үкіметі бұл мәселені шеше алады, бірақ, өкінішке қарай, елдегі картельдер өте күшті», – дейді Трамп.

 

Бұған дейін Трамп АҚШ-қа Гренландия ұлттық қауіпсіздік үшін қажет екенін мәлімдеген еді. Ал Венесуэла лидері Николас Мадуро ұсталғаннан кейін бұл тақырып одан әрі резонанс тудырды.