Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 09:40

Венесуэла тек америкалық тауарларды сатып алады – Трамп

Трамп
Фото: ЖИ

Дональд Трамп АҚШ пен Венесуэла арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың кеңейетінін мәлімдеді. 

АҚШ президентінің айтуынша, Венесуэла жаңа мұнай келісімі аясында түсетін қаржыға тек америкалық өндірістегі тауарларды сатып алмақ.

 «Венесуэла біздің жаңа мұнай келісімімізден алатын қаражатқа тек америкалық тауарларды сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл сатып алулардың қатарында АҚШ-та өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдері, дәрі-дәрмектер, медициналық құрал-жабдықтар, сондай-ақ Венесуэланың электр желілері мен энергетикалық секторын жақсартуға арналған америкалық техника болады. Басқаша айтқанда, Венесуэла Америка Құрама Штаттарын өзінің басты іскер серіктесі ретінде таңдауға міндеттеніп отыр. Бұл – Венесуэла халқы мен АҚШ үшін ақылды әрі өте дұрыс шешім», – деп жазды Дональд Трамп Truth Social желісіндегі парақшасында.

Бұған дейін Венесуэланың АҚШ-қа 30-50 миллион баррель көлемінде жоғары сапалы мұнай жеткізетіні хабарланған болатын. Трамптың мәлімдеуінше, аталған мұнайдың сатылуы президенттің тікелей бақылауында болады. Мақсат – түскен табыстың Венесуэла халқы мен АҚШ мүддесіне сай пайдаланылуын қамтамасыз ету.

Бұл мәлімдеме Вашингтон мен Каракас арасындағы ұзақ уақытқа созылған саяси-экономикалық текетірестен кейінгі жаңа кезеңнің басталуы ретінде бағаланып отыр.