Венесуэлада оппозиция өкілдері мен шетелдіктерді қоса алғанда бірқатар тұтқын босатылады
Венесуэла билігі оппозиция өкілдері мен шетел азаматтарын қамтитын «көп санды» тұтқынның босатылатынын жариялады.
Алайда әзірге олардың нақты саны мен аты-жөндері айтылған жоқ. Елде әлі де шамамен 800 саяси тұтқын қамауда отыр.
Фото: REUTERS
Венесуэла үкіметі 8 қаңтар, бейсенбі күні венесуэлалық және шетелдік тұтқындардың едәуір бөлігін босату туралы мәлімдеді. Босатылатындардың қатарында танымал оппозиция қайраткерлері де бар. Бұл туралы dpa агенттігі хабарлады. Испанияның Сыртқы істер министрлігі босатылғандар арасында бес испан азаматы бар екенін растады.
El Nacional басылымының мәліметінше, оппозициялық саясаткер Хуан Пабло Гуанипа мен құқық қорғаушы Росио Сан-Мигель бостандыққа шығуы тиіс. Сондай-ақ БАҚ саясаткер Эдмундо Гонсалес Уррутияның күйеу баласы Рафаэль Тударестің де босатылуы мүмкін екенін жазуда. Оппозиция мен халықаралық бақылаушылардың пікірінше, Гонсалес Уррутия Венесуэлада өткен соңғы президент сайлауында іс жүзінде Николас Мадуроны жеңген.
Foro Penal құқық қорғау ұйымының дерегіне сәйкес, Венесуэлада қазіргі уақытта шамамен 800 саяси тұтқын бар. Олардың басым бөлігі 2024 жылы Николас Мадуроның қайта сайлануына қарсы өткен наразылықтар кезінде ұсталған. Халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар Венесуэла күш құрылымдарын адам құқықтарын өрескел бұзды деп айыптап келеді.
Венесуэлалық құқық қорғаушы Марта Тинеоның айтуынша, тұтқындар негізінен «Эль-Геликоид» (El Helicoide) түрмесінен босатылуда. Бұл мекеме тұтқындарды ұстаудың аса қатал жағдайларымен және Мадуро режиміне қарсы шыққандарға қолданылатын азаптауларымен танымал.
Нобель сыйлығының лауреаты, Венесуэла оппозициясының көшбасшысы Мария Корина Мачадо саяси тұтқындардың босатылуын құптады. Бұған дейін ол Делси Родригес басшылық ететін жаңа үкіметті «толықтай уақытша» деп атаған. Сондай-ақ АҚШ президенті Дональд Трампты Каракаста Николас Мадуроны ұстау операциясына байланысты мақтап, Вашингтонның әрекетін «адамзат, бостандық және адам қадір-қасиеті үшін жасалған үлкен қадам» деп бағалаған.