Венесуэлада президент сайлауының қорытындысына қарсы шеруде 17 адам қаза тапты
Венесуэлада Президент сайлауының қорытындысына қарсы шыққандар мен қауіпсіздік күштері арасындағы қақтығыста 17 адам қаза тапты.
Наразылық кезінде ұсталғандар саны 1,2 мыңнан асты. Бұл туралы Боливар ұлттық гвардиясының мәлімдемесінде айтылған.
Хабарда айтылғандай, қамауға алынған белсенділер АҚШ, Перу, Чили және Колумбияда арнайы дайындықтан өткен. Билік оларды «терроризм мен көшеде зорлық-зомбылық туғызды» деп айыптайды.
Ел президенті Николас Мадуроның айтуынша, елге АҚШ-тан келген венесуэлалықтардың 80 пайызы қылмыстық әрекеттерге қатысқан. Боливар республикасының бас прокуроры Тарек Уильям Саабтың айтуынша, наразылықтар кезінде 77 қауіпсіздік қызметкері жараланған.
Айта кетейік, 28 шілдеде Венесуэлада президент сайлауы өтті. Венесуэланың Ұлттық сайлау кеңесі қазіргі мемлекет басшысы Николас Мадуроның 51,2% дауыс жинап, үшінші алты жылдық мерзімге қайта сайланғанын хабарлады.
Оппозиция сайлау нәтижелері бұрмаланғанын мәлімдеді.
Қаза тапқан 17 адамның ішінде әскери қызметкер бар.