Венесуэланың вице-президенті Родригес елінің ешкімге отар болмайтынын мәлімдеді
Дональд Трамп Венесуэла вице-президенті Делси Родригес атына ашық шарт қойып, ал Каракас бұл талапты егемендікке төнген қауіп ретінде қабылдады.
Қос тараптың мәлімдемелері қақтығыстың енді тек әскери емес, саяси және символдық деңгейге көтерілгенін аңғартады.
Трамптың шарты: «Айтқанымызды орындаса – әскер кірмейді»
New York Post басылымына берген сұхбатында Трамп АҚШ әскерінің Венесуэлаға орналастырылуы Делси Родригестің әрекетіне тікелей байланысты екенін айтты.
«Егер вице-президент біздің айтқанымызды орындайтын болса, әскер кіргізудің қажеті болмайды», - деді АҚШ президенті.
Бұған дейін Трамп АҚШ Венесуэланы «билік қауіпсіз, ақылға қонымды және заңды түрде басқа қолға өткенге дейін уақытша басқаратынын» ашық мәлімдеген еді. Бұл мәлімдеме халықаралық деңгейде үлкен дау туғызды.
Каракаста ант беру: «Біз ешкімнің отары болмаймыз»
Осы мәлімдемелерден кейін Венесуэлада Делси Родригеске ресми түрде мемлекет басшысының міндетін атқару өкілеті берілді. Каракаста өткен рәсімде ол АҚШ-тың әрекетін қатаң сынға алып, елдің егемендігін қорғауға дайын екенін жеткізді.
«Венесуэла ешқашан біреудің колониясына айналмайды. Біз зорлық-зомбылыққа да, сырттан әскер кргізуге қарсымыз», - деді Родригес.
Ол сондай-ақ ұсталған Николас Мадуро мен оның жұбайын босатуды талап етіп, Мадуроның әлі де заңды президент екенін ерекше атап өтті.
Әлемдік көшелердегі Венесуэла
Дағдарыс тек Каракаспен шектелмеді. Венесуэладағы оқиғаларға байланысты әлемнің әр түкпірінде наразылық акциялары өтті.
-
Үндістанның Калькутта қаласында белсенділер Трамптың қуыршағын өртеді;
-
Лондонда АҚШ елшілігі алдында «Венесуэладан қолыңды тарт!» деген ұран көтерілді;
-
Рим мен Нью-Йоркте жүздеген адам дәл осындай талаппен көшеге шықты;
-
Нью-Йорк мэрі Зохран Мамдани АҚШ операциясын ашық айыптады.
Сонымен қатар Мадрид пен Сантьягодағы венесуэлалық диаспора керісінше, «Мадуро режимінің құлағанын» атап өтті.