Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:55

Венгрия астанасында сайлау алдында жаппай митингтер өтті

Венгрия
Фото: Zsolt Czegledi/MTI/AP

Венгрияның премьер-министрі Виктор Орбанның жақтастары мен оның қарсыластары Будапештте парламент сайлауы қарсаңында жаппай митингтер өткізді.

БАҚ мәліметінше, акцияларға он мыңдаған адам қатысқан.

15 наурыз, жексенбі күні Венгрияның ұлттық мерекесіне орай Будапештте Виктор Орбан мен оның басты қарсыласы — «Құрмет және еркіндік» (TISZA) оппозициялық партиясының жетекшісі, Еуропарламент депутаты Петер Мадяр ірі митингтер ұйымдастырды. Бұл акциялар парламент сайлауына бір ай қалғанда қай тараптың қолдауы көбірек екенін көрсететін маңызды саяси сигнал ретінде бағалануда.

Венгрияда дауыс беру 12 сәуірге белгіленген. Сарапшылар бұл сайлауды Орбан үшін 2010 жылы премьер-министр болғаннан бергі ең үлкен саяси сынақ деп сипаттайды. Қазіргі уақытта көптеген сауалнамаларда TISZA партиясы Орбан жетекшілік ететін «FIDESZ – Венгрия азаматтық одағы» партиясынан алда келеді.

Парламент ғимараты алдында өткен «Бейбітшілік маршы» кезінде сөйлеген Орбан жақтастарын сайлауға белсенді қатысуға шақырып, алдағы сайлауды «тарихи» деп атады. Ол билік партиясы 2022 жылғы сайлаудағы нәтижеден де жоғары көрсеткішке жетуі тиіс екенін айтты.

«Біз төрт жыл бұрынғыдан да жақсы жеңіске жетуіміз керек. Бізге көбірек дауыс қажет», — деп келтіреді оның сөзін Reuters агенттігі.

Орбан бұл сайлауды сондай-ақ «соғыс пен бейбітшіліктің арасындағы таңдау» деп сипаттап, қарсыластарын Венгрияны Украинадағы соғысқа тартуға тырысып жатыр деп айыптады. Сонымен қатар ол елдің тәуелсіздігін сыртқы қысымнан, оның ішінде Брюссель қысымынан қорғауды жалғастыратынын айтты.

Будапешттегі «Бейбітшілік маршына» қатысушылардың плакаттарында «Біз Украина колониясына айналмаймыз» және «Соғысты тоқтатыңдар» деген жазулар, сондай-ақ Украина президенті Владимир Зеленскийдің және оппозиция жетекшісі Петер Мадярдың суреттері бейнеленген. Орбанның айтуынша, бұл митинг өз тарихындағы ең ірі акциялардың бірі болып, парламент маңындағы алаңды толтырған.

Ал Петер Мадяр Орбанның сайлауалды науқанын «күлкілі насихат» деп атады. Қаһармандар алаңында сөйлеген сөзінде ол Венгрия Еуропалық одақ пен НАТО құрамында қалуы тиіс екенін атап өтті.

«Билікті кез келген жолмен сақтап қалу — қазір ол үшін ең маңызды нәрсе. Соғысты қоздыру, соғыспен қорқыту, соғысты өршіту — бұл оның венгр халқына қарсы қолданатын ең күшті қаруы», - деді Мадяр.

Сонымен қатар ол Орбанды «сайлауға араласу үшін ресейлік агенттерді шақырды» деп айыптап, бұл Венгрияның еркіндігін шектеуге бағытталған әрекет екенін айтты.

AFP журналистерінің мәліметінше, екі митингке де он мыңдаған адам қатысқан.

Тегтер: