Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:50

Венгрия Еуропа елдеріне қарсы шығып, Украинаға көмекті мақұлдаудан бас тартты

Венгрия
Фото: zhasalash.kz

Еуропалық кеңес Украинаға қолдау білдіретін мәлімдемені қабылдай алмады – бір мемлекет құжатты мақұлдаудан бас тартқан. 

Бұл туралы Еуропалық кеңестің ресми сайтында жарияланған құжатта айтылды, деп хабарлайды РБК.

Құжатқа сәйкес, Еуропалық кеңес Украинадағы соңғы оқиғаларды талқылап, мәлімдеме мәтінін 26 елдің көшбасшысы қолдаған. Еуроодақ құрамында 27 мемлекет бар, алайда қай елдің қарсы шыққаны нақты көрсетілмеген. Дегенмен РБК-Украина мәліметіне сүйенсек, мәлімдемеге қарсы дауыс берген – Венгрия.

Мәлімдемеде Еуропалық кеңес Ресейдің Украинадағы әрекеттерін қатаң айыптайтыны, жан-жақты әрі әділетті бейбіт шешімді қолдайтыны және Мәскеуді атысты тоқтатуға шақыратыны жазылған. Сондай-ақ, қажетті жағдайда ЕО қысымды күшейтіп, жаңа санкциялар пакетін енгізуге дайын екенін мәлімдеген.

Құжатта бұған қоса Ресейге қарсы 17-санкциялар пакеті мақұлданатыны және Украинаға сенімді қауіпсіздік кепілдіктері берілген жағдайда ғана бейбіт келісім мүмкін екені айтылған. Еуроодақ Украинаның халықаралық деңгейде танылған шекараларындағы егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдайтынын тағы бір мәрте растады.

Сонымен қатар мәлімдемеде ЕО елдері Украинаға әскери қолдау көрсетуді жалғастыруға шақырылып, 2025 жылы Киевке 30,6 миллиард еуро көлемінде көмек беру жоспары көрсетілген. Украинаның Еуроодаққа қосылуға бағытталған қадамдары да оң бағаланды.

Айта кетейік, Украина мен Молдова 2022 жылдың маусымында ЕО кандидат-мемлекет мәртебесін алған болатын. Еуропалық комиссия Украина үшін жеті негізгі талаптан тұратын бағдарлама әзірлеген. Олардың ішінде сот реформасы, жемқорлықпен күрес және деолигархизация бар.

Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан Украинаның еуроинтеграциясына бұған дейін де қарсы екенін бірнеше рет мәлімдеген. Оның айтуынша, бұл қадам Венгрия экономикасына кері әсерін тигізуі мүмкін. Сәуір айында елде өткен жалпыұлттық сауалнама нәтижесінде халықтың 95 пайызы Украинаның ЕО-ға қосылуын қолдамаған.

Сондай-ақ, АҚШ 2026 қаржы жылында Украинаға арналған бірқатар шығындарды қысқартты. Бұл туралы Пентагон басшысы Пит Хегсет пен әуе күштері генералы Дэн Кейн бірлескен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Атап айтқанда, екі ірі бағдарлама – Коалицияны қолдау қоры мен Украинадағы қауіпсіздікке жәрдемдесу бастамасының бюджеті қысқартылды, - деді Хегсет брифинг барысында.

Ал 25 маусымда Германияның қорғаныс министрі Борис Писториус Еуроодақ елдері АҚШ-тың Украинадағы қақтығысқа деген назарын жоғалтпау үшін күш салып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл — жай ғана аймақтық шиеленіс емес, еуроатлантикалық кеңістіктің тұтастай қауіпсіздігіне қатысты мәселе.

Писториус АҚШ тарапынан көрсетілетін қолдаудың маңыздылығын атап өтіп, оның тек әскери көмек көлемімен ғана емес, НАТО-дағы серіктестерге бағытталған саяси белгі ретінде де аса маңызды екенін айтты.