Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:15

Вэнс: Ресей Украина мәселесінде келісімге келді

Джей Ди Вэнс
Джей Ди Вэнс. Фото: Kent Nishimura/Getty Images

АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнстің айтуынша, Ресей Украинадағы соғысты тоқтату үшін «айтарлықтай қадамға» барған. Оның сөзінше, Мәскеу «соғыстан кейін Украина аумақтық тұтастығын сақтап қалатынын» мойындаған.

Вэнс бұл туралы NBC арнасында көрсетілген «Кристен Уэлкермен кездесу» ток-шоуына алдын ала жазылған сұхбатында мәлімдеді.

Оның айтуынша, АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтату мақсатында Мәскеу мен Киевпен «өте күшті, қатаң дипломатия» жүргізіп жатыр, және тараптарды ымыраға келтіруге тырысуда.

«Менің ойымша, ресейліктер 3,5 жыл ішінде алғаш рет президент Трампқа маңызды қадам жасады. Олар өздерінің кейбір басты талаптарында жұмсақтық танытуға дайын болды», — деді Вэнс.

АҚШ вице-президентінің айтуынша, Мәскеу «соғыстан кейін Украина аумақтық тұтастығын сақтайтынын» мойындаған. Дегенмен, Ресейдің Киевтің бақылауында қай аймақтарды қалдыруға дайын екенін ол нақтылаған жоқ.

Сонымен қатар, Вэнстің сөзінше, Ресей «Киевте қуыршақ режим орната алмайтынын да мойындаған».

«Олар толыққанды ымыраға барды ма? Әрине, жоқ. Бірақ біз белгілі бір өзгерістерге қол жеткізіп жатырмыз», — деді АҚШ вице-президенті.

Айта кетейік, Зеленский мен Путин кездесуі жоспарланып жатыр. Бірақ қай елде кездесетіні әлі белгілі емес.