Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Вьетнамда туристер мінген яхта аударылып, 38 адам қаза тапты

Вьетнамда кеме аударылды
Фото: Vietnam News Agency / EPA / Scanpix / LETA

 Вьетнамның солтүстігінде орналасқан Халонг шығанағында туристер мінген экскурсиялық яхта дауылды ауа райында аударылып қалды.

"Wonder Sea" деп аталатын туристік кеме экскурсия кезінде кенеттен басталған найзағай мен қатты жел салдарынан аударылған. Яхта бортында 53 адам болған – 48 жолаушы және 5 экипаж мүшесі. Олардың барлығы Вьетнам азаматтары еді.

Апат салдарынан 38 адамның көз жұмғаны расталды. Қаза тапқандардың 8-і – балалар. 12 адам құтқарылып, тағы 7 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Іздестіру-құтқару жұмыстары оқиға орнында тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Оған 300-ден астам құтқарушы, сүңгуірлер, полиция мен әскери бөлімшелер жұмылдырылған.

Куәгерлердің айтуынша, кеме аударылған сәтте жолаушылардың көбі кабина ішінде болған. Тірі қалған 14 жастағы жасөспірім құтқарушылар келгенге дейін 4 сағат бойы кеменің ішінде ауа толы қуыста жан сақтап қалған.

Қайғылы оқиғаға байланысты Вьетнам үкіметі тергеу жұмыстарын бастап, апаттың нақты себебін анықтауға кірісті. Алдын ала болжам бойынша, оқиғаға кенет күшейген дауыл мен қауіпсіздік талаптарының сақталмауы себеп болуы мүмкін.

Халонг шығанағы – ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген, Вьетнамдағы ең танымал туристік бағыттардың бірі. Кейінгі жылдары бұл өңірде туристік қауіпсіздік мәселелері жиі көтеріліп келеді.