Вице-министр Батыс Қазақстан облысындағы су тасқынының жағдайымен танысты
Еліміздің батысындағы су тасқыны жағдайы елді алаңдатып отыр. Осыған орай жақында Батыс Қазақстан облысына Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков арнайы келді.
Сапардың басты мақсаты — облыстың қауіпті аумақтарындағы су тасқыны жағдайымен танысу, төтенше жағдайдың алдын алу барысымен танысу, болашақта оның қайталанбауын бақылау болып табылады. Жалпы Батыс Қазақстан облысында су басу салдарын жоюға бағытталған Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары ойдағыдай біріктірілген.
Алайда табиғаттың тосын жағдайына орай су тасқыны қатерінің туындауы халықты алаңдатып отыр. Осы орайда жұмыс сапарының бірінші күні вице-министр М.Күлдіков, облыс әкімінің орынбасары Т.Меңдіғалиев және БҚО төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Е.Өтегенов бірнеше аудандардың аумағын аралап шықты. Маршрут Теректі ауданын аралаумен басталып, Бөрлі ауданының аумағымен Ақсай қаласына дейін жетті. Аудан әкімі М. Сатқанов қар еру нәтижесінде 12 тұрғын үй су астында қалған Қызылтал шағын ауданындағы су тасқыны жағдайымен таныстырды. Тұрғындарды эвакуациялау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар, еріген суды бұру бойынша іс-шаралар туралы баяндады. Одан әрі делегация Ақсай қаласының проблемалық учаскелері мен автожолдарды аралады. Барлық қызметтер мен басқару органдарына нақты тапсырмалар берілді. Сырым ауданының Өленті, Бұлдырты, Аңқаты, Шідерті өзендері арналарының бойында орналасқан Бұлдырты, Жымпиты, Алғабас, Тоғанас кенттерінің аумағын әуе арқылы шолу жүргізді. Жұмыс сапарының екінші күні Марат Күлдіков облыстың солтүстік-батыс бөлігін, Тасқала, Бәйтерек аудандары және Шаған өзенінің акваториясын аралады. Маңғыстау облысы ТЖД күштері мен құралдары, яғни 43 құтқарушы, 4 бірлік техника және 2 жүзу құралы, 6 мотопомпа жеткізілді. Олар авариялық-құтқару және басқа да жұмыстарды жүргізу үшін орналасу орындарына жіберілді. Мұндай қосымша техниканың жеткізілуі төтенше жағдайдың салдарын тезірек жоюға ықпал етеді деген үміт зор.
Ерзия Ерсұңқар