Вице-адмирал Серік Борамбаев бітімгерлердің дайындығын тексерді
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі басшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, вице-адмирал Серік Борамбаев жұмыс сапарымен Алматы гарнизонына барып, бірқатар әскери оқу орындарының қызметімен танысты. Сапар барысында ол «Бітімгер» оқу орталығында және Қорғаныс министрлігіне қарасты бірнеше білім беру мекемелерінде болды.
Алдымен вице-адмирал Біріккен Ұлттар Ұйымы миссияларына қатысуға әзірленіп жатқан үшінші қазақстандық біріккен бітімгершілік контингентінің жаттығу барысын көріп, оқу орталығының материалдық-техникалық жабдықталуын бағалады. Сондай-ақ бітімгер сарбаздардың дайындық кезінде тұратын тұрмыстық жағдайларымен танысты.
Салтанатты сап түзеу рәсімінде сөз сөйлеген Серік Борамбаев Қазақстан Республикасының бітімгерлік миссияларға қатысуы халықаралық қауіпсіздікке қосылған маңызды үлес екенін атап өтті. Айта кетейік, Біріккен Ұлттар Ұйымы миссияларына бұған дейін Қазақстанан екі мәрте бітімгершілік контингенті аттанған. Бірінші топ міндетін сәтті орындап, биыл көктемде елге абыроймен оралды. Ал екінші топ қазір қызмет атқарып жатыр.
«Біріккен Ұлттар Ұйымының туы астындағы әрбір операция – бұл жаһандық тұрақтылықты қолдау ғана емес. Бұл Қазақстанның халықаралық аренада жауапкершілігі жоғары, сенімді әріптес екенін көрсетеді», – деді ол.
Сапардың жалғасында вице-адмирал Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында және Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжінде болды. Мұнда ол оқу процесінің ұйымдастырылуымен, курсанттардың оқу-жаттығу және тұрмыстық жағдайларымен танысып шықты.
Институтта Серік Борамбаев академиялық ұтқырлық бөлімі мен конструкторлық бюроның жұмысын көріп, оқытушылар мен курсанттардың бірлескен ғылыми жобаларымен танысты. Айта кетсек, дайындалған бірқатар ғылыми әзірлемелер қазірдің өзінде Қарулы Күштер бөлімшелерінде қолданылып жатыр. Мұндай тың жобалар Қазақстан армиясының мүмкіндігін арттырып, тәуелсіз еңбек етуіне ықпал етеді.
Сапар қорытындысы бойынша Қорғаныс министрінің орынбасары әскери ұжымдардағы моральдық-психологиялық климатты күшейту, патриоттық тәрбие жүйесін жан-жақты дамыту және мәдени-демалыс іс-шараларын жетілдіру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Қазіргі таңда қуатты армия – қауіпсіз шекараның кепілі болып отыр. Өйткені Біріккен ұлттыр ұйымының ықпалы бұрынғыдай берік емес екенін әлемдік лидерлердің өзі мойындап отыр. Демек соғыс пен қақтығыстың алдын алу үшін әр мемлекет өз армиясын сайлап, дайындығын пысықтағаны абзал.