Вице-президент лауазымына қойылатын шектеулер Конституцияда бекітілмек
Конституцияға вице-президент лауазымын енгізуге байланысты Әділет министрі Ерлан Сарсембаев бұл жаңа институттың міндеттері, шектеулері және мемлекеттік билік жүйесіндегі рөлі туралы айтып берді.
Министрдің айтуынша, вице-президент өкілетті органның депутаты бола алмайды, басқа да ақылы қызмет атқаруға, кәсіпкерлікпен айналысуға және саяси партия мүшесі болуға құқығы жоқ. Бұл шектеулер, әсіресе партияға мүше болмау, депутаттық мандат пен басқа да ақылы қызметке тыйым салу — еліміздің Негізгі заңында көзделген талаптарға ұқсас.
"Мұндай талаптар бұл лауазымның кәсіби әрі саясиланбаған сипатта болуын қамтамасыз етеді", - деді Сарсембаев.
Сонымен қатар, вице-президент Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елдің сыртқы өкілдігін қамтамасыз етеді, биліктің негізгі институттарымен өзара әрекет етеді және азаматтық қоғаммен, ғылыми, мәдени және сараптамалық қауымдастықтармен диалогты дамытады. Бұл өкілеттіктер базалық сипатқа ие және қажет болған жағдайда Президент тарапынан нақтылануы мүмкін.
Вице-президент Президент өкілеттігін өз мойнына ала алмайтын жағдайда, бұл өкілеттік Құрылтай төрағасына өтеді, ал ол да мүмкін болмаса – Премьер-Министрге беріледі.
"Президент өкілеттігін қабылдаған тұлға тиісінше вице-президент, Құрылтай төрағасы немесе премьер-министр лауазымынан босатылады. Мұндай жағдайда босап қалған мемлекеттік лауазымдарға тағайындау Конституцияға сәйкес жүзеге асырылады. Бұл қоғам үшін мемлекеттің кез келген жағдайға қарамастан заң аясында және бірізді әрекет ететініне деген сенімділікті білдіреді, - дейді министр.
Естеріңізге сала кетейік, Астанада Конституциялық реформаларға қатысты ұсыныстарды талқылауға арналған Конституциялық комиссияның екінші отырысы өтіп жатыр.