Визалық режимді жеңілдету – басты міндет

Жақында елордада ҚР Премьер-министрдің орынбасары-Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Люксембургтен келген Ұлы Герцогтігінің Сыртқы және еуропалық істер министрі Жан Ассельборнмен екіжақты келіссөз өткізді.
Бұл бұдан 31 жыл бұрын дәл осы уақытта екі ел арасында дипломатиялық қатынастар орнатылған тарихи сәт екенін атап айта кеткен жөн.
Келіссөзде екі ел арасындағы саяси, сауда-саттық, мәдени-гуманитарлық іс-шаралар кеңінен талқыланды.
М.Нұртілеу Қазақстан мен Люксембург екі елдің әріптестігі өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша ұқсас бағытты ұстанатындықтан көп уақыттан бері достық пен өзара сенімге негізделген сындарлы саясатты ұстанатынын айтты. «Біз осы қарқыннан таймай, қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге мүдделіміз, Люксембургтегі әріптестерімізбен тығыз жұмыс істеуге дайынбыз», деді.
Ал Ж. Ассельборн Люксембург тарапының Қазақстанмен әріптестікті одан әрі нығайтуға және кеңейтуге мүдделі екенін білдірді. Осы тұрғыда, сапар барысында авиация саласында, ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта зерттеу мен пайдалану мәселелері бойынша өзара түсіністікпен келісімге қол қойылғанын атап өтті. Өзара келісімнің арқасында екі елдің сауда айналымы жылдан жылға өсіп келе жатқанына тоқталды. Инвестициялық әріптестік былтыр 2,5 есеге, ал биыл 4,5 есеге артқанын атап өтті.
Люксембургтен тартылған инвестицияның көлемі 2022 жылы 202,5 миллион АҚШ долларын құрағаны қуантады.
Біздің ел үшін аса күрделі мәселелердің бірі – виза мәселесі екені белгілі. Сондықтан келіссөзде Қазақстан мен ЕО ынтымақтастығы жағдайында ҚР азаматтары үшін визалық режим туралы халықаралық міндеттемелерді жеңілдету жайы сөз болды. Басым бағыттар бойынша байланыстарды нығайтуға ерекше назар аударылды. Ж. Ассельборн ҚР мен ЕО арасындағы визалық режимді либерализациялауды қолдайтынын растады.
Қазақстан мен Люксембург СІМ басшылары сондай-ақ білім беру, қаржы, көлік, тау-кен өндіру, энергетика және табиғатты қорғау секторларындағы ықпалдастық мүмкіндіктерін талқылады.
Тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Екі ел арасындағы келесі кездесуді 2024 жылы Астанада өткізу туралы уағдаласты.