Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:00, 25 Сәуір 2024

Визасыз режим Қазақстанға не береді?

виза
Фото:

Жақында Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары, сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Тайланд корольдігіне ресми сапармен барып қайтты. Бұл сапарға Тайланд премьер-министрінің орынбасары Парнпри Бахиддха-Нукара мұрындық болды.

Ресми кездесуде қос тарап саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қатынастарының қазіргі жағдайы мен болашақтағы даму жоспарын талқылады. Сондай-ақ министрлер жаһандық саяси күн тәртібіндегі негізгі мәселелерді, атап айтқанда, Азия континентіндегі ядролық қаруды таратпау келісімін сөз етті. Екі мемлекеттің өңірдегі қауіпсіздік мәселесі бойынша ұстанымы ұқсас.

Сондай-ақ екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыс та жиілеп келеді. Мысалы, 2023 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш тарихтағы ең жоғары шекке жетті, 367 миллион АҚШ доллары.

«Тайланд – Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азия өңіріндегі ең ірі және сенімді серіктесі. Отыз жылдық берік дипломатиялық қарым-қатынастар барысында мемлекеттеріміз арасындағы тұрақты байланыстар жан-жақты және жемісті өзара іс-қимылға жол ашты.

Елдеріміз арасында сындарлы диалог орнатылды, көптеген мәселелер бойынша мемлекеттеріміздің ұстанымдары сәйкес келеді. Қазақстан – Орталық Азиядағы басты серіктесіміз», – деді ҚР сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу.

Туризмді Тайландтан үйренеміз

Тайланд жайлы айтқанда, туризм бизнесі туралы сөз етпеу мүмкін емес. Өйткені бұл ел әлемдегі туризм саласы өте жақсы дамыған мемлекеттердің бірі. Бангкок бұл саланы дамытуға баса мән беріп отыр.

Туризм – әлемдік экономикада басты рөл атқаратын маңызды салалардың бірі. Дүниежүзілік туризм ұйымының дерегі бойынша ол әлемдегі жалпы ұлттық өнімнің оннан бір бөлігін, халықаралық инвестицияның 11 пайыздан астамын құрайды, әлемдік өндірістің әрбір тоғызыншы жұмыс орнын туризм қамтамасыз етеді.

Қазақстан үкімет мүшелерінің Тайландқа сапары барысында бұл мәселе ескерусіз қалған жоқ. Қазақстан мен Тайландтың туризм және спорт министрліктері арасында осы саладағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Екі мемлекет арасында туризм саласындағы ынтымақтастық дамып келеді. Бангкок пен Астана арасында тікелей әуе рейстерінің саны артты. Мысалы, 2023 жылы Тайландқа 172 мың қазақстандық турист барған, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 2,5 есе жоғары көрсеткіш.

Екі ел арасындағы туризмді дамытуға бағытталған тағы бір маңызды шара – визасыз режим енгізу болды. Сапар қорытындысы бойынша сыртқы саяси ведомстволардың басшылары Қазақстан үкіметі мен Тайланд корольдігі үкіметі ұлттық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қойды. Осы құжатқа сәйкес екі мемлекет азаматтары елге кірген күннен бастап 30 күнтізбелік күнге дейін бір-бірінің аумағында визасыз жүре алады. Бұл келісім қос тарап мемлекет ішіндегі рәсімдерді аяқтағаннан кейін күшіне енеді.

Қазақстан Біріккен ұлттар ұйымына мүше 186 мемлекет және халықаралық ұйымдармен дипломатиялық қатынас орнатқан. Қазақстан азаматтары оның ішіндегі 41 елге визасыз бара алады. Ал дипломатиялық паспортпен 82 мемлекетке визасыз сапар шегуге болады.

Осы қатарға енді Тайланд қосылып отыр. Бұған дейін Қазақстан азаматтары бұл елге виза алмай, 14 күнге ғана бара алатын. Оның үстіне бұл шешім түпкілікті емес, уақытша болатын. Қажет болса, уақытша ұзартып отыратын. Қос елдің үкіметі келісімге келген жаңа шарт бойынша екі ел тұрғындары бір-біріне 30 күнге виза қолданбай бара алады.

Әрине, Тайландты әлемдегі экономикасы дамыған, озық ел деп айта алмаймыз. Бірақ туризм тұрғысынан алғанда Бангкоктан үйренеріміз көп. Ол елге саяхаттап барғысы келетін азаматтарымыз да аз емес. Егер өзара визасыз режим күшіне еніп, барлық жұмыс дұрыс жолға қойылса, ол елден Қазақстанға келетін туристер де көбеюі әбден мүмкін.

Әлемде туризмнен түскен табыс мұнай өнімдері және автомобиль экспорты табысынан кейінгі үшінші орында тұрады. Мұндай үрдіс жаңа ғасырдың бас кезінде байқалды. Дүниежүзілік туризм ұйымының болжамы бойынша ХХI ғасырда туристік индустрия үлкен күшке ие болады.

Кейінгі кезде туризм саласында жаңа үрдіс байқалып отыр. Туристер бұрыннан белгілі аймақтарға емес, жаңа өңірлерге баруға ынта таныта бастаған. Демек, Қазақстанның әлемдегі туристік нарықта өз орнын табу үшін ертерек қимылдау керек.

Жері кең, халық саны аз Қазақстанда туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Ұлан-байтақ қазақ даласында көрінісі көркем туристік орындар мен жанға жайлы, дертке шипа экзотикалық орталықтар өте көп. Бір ғана Алматы қаласының маңында туристерді баурайтын қаншама көрікті жерлер бар. Ал тұмса табиғаты бұзылмаған Шығыс Қазақстан, тарихи нысандарға бай Маңғыстау өңірі және әр тасы тарихтан сыр шертетін орталық Қазақстан өңірі шетелдік саяхатшыларды баурайтыны анық. Ол үшін елдегі инфрақұрылымды жақсартып, туристер үшін қолайлы жағдай жасау қажет.

Қазақстан Дүниежүзі туристік ұйымына 1993 жылы мүшелікке өткен. Содан бері туризм саласын дамыту бағытында жұмыс істеп келеді. Бірақ оны жемісті деп айта алмаймыз. Көркі көз тартатын әсем жерлеріміз өте көп болса да, әлемдегі туризмі дамыған елдер қатарына қосыла алған жоқпыз. Бұған нашар дамыған инфрақұрылым мен қызмет көрсету саласындағы кемшіліктер себеп болып отыр. Алдағы уақытта осы олқылықтардың орнын толтыруға күш салу қажет.

Сондай-ақ туризмді дамыту үшін елдің ішкі жағдайы тұрақты, сыртқы саясаты сенімді болуы керек. Жоғарыда еліміз БҰҰ-ға мүше көп елмен серіктес екенін жаздық, елуге жуық елмен визасыз режим енгізіп отырмыз. Осы фактор да ел экономикасының өсуіне оң әсер етуі мүмкін.

Қуан Өмірхан