Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:58

“Владимир, Мәскеуге соққы жасай аласың ба?” - Трамптың сұрағы

Зеленский
Фото: БАҚ

Трамп Украина президенті Владимир Зеленскийге Ресей аумағына, соның ішінде елдің ішкі өңірлеріне зымыранмен соққы жасауды күшейтуді ұсынған. 

Америкалық бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, АҚШ президенті Дональд Трамп Украина басшысы Владимир Зеленскийден Ресей астанасына неге соққы жасамайтынын сұраған. Бұл туралы The Washington Post та жазды. Басылым мәліметінше, бұл сұраққа жауап ретінде Зеленский АҚШ-тан қару-жарақ сұраған.

Әңгіме барысында Трамп Зеленскийден тікелей:

«Владимир, сен Мәскеуге соққы жасай аласың ба? Санкт-Петербургке ше?» - деп сұраған.

Зеленский:

«Әрине. Егер сіз бізге қажетті қару берсеңіз — жүзеге асырамыз», - деп жауап берген.

Financial Times дереккөздерінің айтуынша, Ақ үй басшысы мұндай шабуылдарды «орыстарға ауырсынуды сезіндіру» және Кремльді бейбіт келіссөзге мәжбүрлеу стратегиясының бір бөлігі ретінде қарастырады.

Айта кетейік, осы қоңыраудан кейін АҚШ-тың Украинаға Tomahawk зымырандарын беру мүмкіндігі қарастырылып жатқаны туралы ақпараттар тарады. Сондай-ақ, Трамп НАТО елдеріне бұл зымырандарды сатып, олардың Украина Қарулы күштеріне беруін қолдайтынын мәлімдеді.

Осы аптаның басында Трамп Мәскеуге 50 күндік ультиматум қойған. Егер Ресей мен Украина бейбіт келісімге келмесе, АҚШ Ресейден келетін барлық тауарларға 100 пайыздық кедендік тариф енгізіп, мұнай, газ және өзге де энергетикалық ресурстарды сатып алатын елдерге де қайталама санкция салатынын ескерткен.

Кремль өкілі Дмитрий Песков бұл мәлімдемелерді «аса маңызды» деп бағалап, Ресей тарапына оларды мұқият саралау үшін уақыт қажет екенін айтты. Оның сөзінше, егер Владимир Путин бұл мәселеге қатысты пікір білдіруді қажет деп тапса, онда жауап береді.