Владимир Зеленский Ресеймен ішінара мәмілеге келгенін мәлімдеді.
Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен ішінара бітімге келгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, 2026 жылғы 30 қаңтарда Украина мен Ресей энергетика нысандарына соққы жасамау жөнінде келісімге қол жеткізген. Бұл уағдаластық Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен келіссөздер барысында жасалған.
Зеленский АҚШ-тың бұл үдерістегі рөліне тоқталып, энергетикалық инфрақұрылымға шабуылдарды тоқтатуға бағытталған күш-жігері үшін алғыс білдірді. Ол АҚШ бұл келісімнің орындалуына ықпал ете алады деген үмітін жеткізді. Украина президентінің айтуынша, алдағы кештер мен бірнеше күн ішіндегі жағдай, әсіресе елдегі энергетикалық нысандар мен қалалардағы ахуал келісімнің қаншалықты сақталатынын көрсетеді.
Президенттің сөзінше, тараптар «энергетикалық бітімге» ерекше суық кезеңде бейбіт тұрғындарды қорғау мақсатында келген. Бұған дейін АҚШ президенті Ресей президенті Владимир Путиннен Украина аумағына жасалатын соққыларды бір аптаға тоқтатуға келісім алғанын хабарлаған еді.
Алайда Кремль бұл ақпаратты ресми түрде растаған да, жоққа шығарған да жоқ. Соған қарамастан, ресейлік әскери тілшілер энергетика саласына қатысты уақытша келісімге қол жеткізілгенін мәлімдеді.
Владимир Зеленскийдің айтуынша, нақты қорытындыны жақын күндердегі жағдайға қарап жасауға болады. Оның пікірінше, келісімнің шын мәнінде орындалуы немесе орындалмауы шабуылдардың тоқтауымен ғана айқындалады.