Волентер деген кімдер? Қазақстанда қалай волонтер болуға болады?

Дүние жүзінде апатты аймақтардағы адамдарға көмектесетін, қайырымдылық жобаларын ұйымдастыратын, ағаш отырғызатын, қоршаған ортаны тазартатын және басқа да көптеген игі істерді атқаратын 1 миллиардтан астам еріктілер бар.
Әлемде климаттық апат, ауру, кедейлік және т.б салдардан көптеген адамдар әртүрлі қиындықтарға тап болады. Мұндай жағдайда еріктілер адамдарға қол ұшын созып, оларға қолдау көрсетіп, қиын жағдайда көмектесіп отырады. Мұндай еріктілерді «волонтер» деп атаймыз.
Дүние жүзінде 1 миллиардтан астам адам волонтер бар. Ал АҚШ-та әрбір төртінші адам волонтер саналады. Ресми және бейресми дереккөздерге сүйенсек, ерлерге қарағанда әйелдер волонтерлікке көбірек барады екен. Қазіргі күнде волонтер саны жыл өткен сайын артып келеді. Мысалы, Қазақстанда волонтерлік ұйымдар саны 2020 жылдан бері 3 есеге артып, 700-ге жетті. Ал белсенді волонтер саны 5 есеге артып, 240 мыңға жетті. 2020 жылды бекер атап отырғанымыз жоқ. Елімізде 2020 жылы «волонтер» жылы жеп аталған болатын. Жалпы, әлемде коронавирустан кейін волонтерлік қызмет жүйесі өзгерді. Пандемия басталған 2020 жылдан 2022 жылға дейін интернетте волонтерлік қызмет көрсететін адамдардың саны 32 пайыздан 51 пайызға дейін өсті.
Волонтерлік деген не?
Волонтер – коммерциялық емес ұйымдарды қолдау және игі мақсатта қоғамдық жұмыстарды атқару үшін әртүрлі міндеттермен айналысатын адамдар. Олар ақша алмай-ақ осы мақсатқа уақыттары мен күштерін жұмсайды. Мысалы, қандай да бір аумақта су тасқыны болып, тұрғындардың үйлері қирандыға айналса, еріктілер тазалық жұмыстарына көмектесе алады. Немесе түрлі пайдалы іс-шаралар ұйымдастыра алады. Олар адамдарға әртүрлі жолдармен пайда әкеледі.
Волонтер қалай пайда болды?
Волонтерлік қызметтің тарихын XII ғасырдағы Ұлыбританиядан бастауға болады. Осы кезеңде еріктілер басқаратын 500-ден астам аурухана болды. Бірақ бұрын тарихта адамдарға өз еркімен көмектесу жүйесі болғанын жоққа шығаруға болмайды. Ерікті іс-әрекеттер негізінен дінге және діни мекемелерге байланысты жүргізілді. «Волонтер» сөзінің пайда болуы XVII ғасырдан басталады, бұл сөз француз тілінен алынған. Оны белсенді қолдану XVIIІ ғасырда адамдар өз еркімен әскери қызметке бара бастағанда танымал болды. Бүгінгі таңда «волонтер» сөзі әскери қызметпен емес, қоғамдық жұмыстармен байланысты. Жас жігіттер мен қыздарға соғыста жараланған жауынгерлерге көмектесу және оларға керек-жарақ жинау үшін ХІХ ғасырдан бастап ұйымдасқан ерікті қозғалыстар құрылды.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде еріктілер алдымен басқаларға көмектесу үшін әртүрлі шет елдерге бара бастады. Кейінірек волонтерлік қызметтің танымал болуымен әртүрлі ұйымдар мен оқу орындары өз қызметкерлері мен студенттерінен волонтерлік бағдарламаларға қатысуды талап ете бастады. Еріктілік енді әртүрлі білім беру бағдарламаларына құжат тапсыру кезінде ескеріледі.
Қай елдерде еріктілер көп?
Халқы волонтерлік қызметпен айналысатын алғашқы 5 ел:
АҚШ;
Жаңа зеландия;
Норвегия;
Канада;
Австралия.
Бұл елдерде еріктілер климаттық проблемалар туындаған жағдайларға қатысу, сондай-ақ өз дағдылары мен білімдерін басқаларға ерікті түрде үйрету сияқты іс-шараларға қатысады. Олар халықаралық волонтерлік жобаларға да қатысады.
Сіз қай салаларда волонтер бола аласыз?
Табиғатқа қамқорлық жасау – бұл бағытта әр түрлі әрекеттерді орындауға болады: қоршаған ортаны тазартуға еріктілік таныту, шаруа қожалықтарында өсірілген өнімдерді сұрыптауға көмектесу, табиғатты қорғауға байланысты түрлі жобаларды насихаттау, онлайн өтініштер жинау, жануарларға қамқорлық жасау.
Әлеуметтік салада волонтерлік жұмыс. Бұл салада да атқарар шаруалар аз емес: балаларға тәлімгерлік ету, халыққа еріктілік таныту, шағын бизнесті дамытуға көмектесу, гендерлік теңдік бағытында жалғызбасты аналарға қайырымдылық жасау, мұқтаж әйелдерге көмек көрсету және оларға көмектесетін ұйымдарды қолдау.
Қазақстанда волонтерлік ұйым қалай жұмыс істейді?
Елімізде қаңтарда «Волонтерлікті дамыту мен қолдаудың 2024-2026 жылдарға арналған Жол картасы» қабылданды.
Қазақстанда волонтерлік жыл өткен сайын артып келе жатқанын жазды. Сөзіміздің дәлелі ретінде мына статистиканы назарларыңызға ұсынамыз:
- Елімізде 20 волонтерлік фронт-офис бар;
- Осы уақытқа дейін 150-ден асатм жоба мен 700 ден астам бағдарлама жүзеге асты;
- Qazvolunteer.kz онлайн платформасы іске қосылды. Ол жерде 60 мыңнан астам волонтер тіркелген.
Сонымен бірге волонтерлік бірқатар жобалар іске асты. Атап айтар болсақ:
- «Birgemiz: Bilim» жобасы;
- «Birgemiz: Sabaqtastyq» жобасы;
- «Birgemiz: Asyl mura» жобасы;
- «Birgemiz: Qamqor» жобасы;
- «Birgemiz: TazaÁlem» жобасы;
- «Birgemiz: Úmit» жобасы;
- «Birgemiz: Saýlyq».
Бұл тізім атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасы ғана. Әйтпесе, елімізде 700-ден астам жоба жүзеге асырылғанын жоғарыда атап өттік.
Қазақстанда қалай волонтер бола аласыз?
Жалпы волонтер болу қазіргі күнде қиын емес. Интернет беттерінде волонтерлікке шақыратын ұйымдар бар. Ең оңай жолы qazvolunteer.kz сайтына кіріп, сол жерден тіркеуден өтсеңіз болады.