Волонтерлер құрамын жастар толықтыруда
Қарағандыда волонтерлік қызметке жүрек қалауымен келуші жастар көбейіп келеді. Қазіргі кезде облыс бойынша 99 волонтерлік ұйымға 5 мың жас мүше.
Аймақтағы жастар ресурстық орталығы жастар ұйымының көшбасшыларымен бірігіп үнемі ЖОО студенттеріне волонтерлік ұйым қызметі туралы ақпараттық насихаттау жұмысын жүргізеді. 2021 жылдан бері жастар басқармасы еріктілерді қажетті бағыттар бойынша тіркеуге алған. Бүгінде «Телеграмм бот» 5 бағытымен 68 волонтерлік ұйым тіркелген. Оған 450 жас мүше. Жастар ресурстық орталығы еріктілер тұратын өңірлермен тығыз байланыста. Аймақтағы еріктілер қызметі қайырымдылық көрсетумен қатар, әлеуметтік қолдау жасауды қатар ұстап келеді.
— Былтырғы және биылғы жылдың наурыз және маусым айында «Қайырымды ұрпақ» акциясы өтіп, 258 балаға 10 млн теңгенің қайырымдылық көмегі таратылды. Жомарт шара барысында жасөспірімдердің білім алуына, шығармашылық қабілетін ашуға және спорттық қабілетін дамытуға мүмкіндік туғызылды. «Ел тірегі – Елбасы» қорының халықтық акциясына 1500 ерікті тартылды. Бұдан тыс, өңірдегі зейнеткерлерге, ардагерлер мен мүгедектерге қайырымдылық көмек көрсету міндеті тұрақты өтіп тұрады. Ол бойынша, тек соңғы айда 113 адам жәрдем алды. Оған 500-ге жуық ерікті атсалысты, – дейді облыстық жастар мәселелері жөніндегі басқарманың бас маманы Сәттібай Жүнісов.
Бір қуанарлық жайт, волонтерлерді қолдау, осы бағыттағы жобаларды жүзеге асыруға бөлінетін қаражат көлемі артып келеді. Соның арқасында, былтыр штаб үйлестірушілері үшін онлайн-тренингтер кешенінің жұмысын жандандыруға және қалалар мен ауылдардағы волонтерлік инфрақұрылымы төмен мамандарға арналып онлайн-тур өткізілді. Бұл бастаманы іске асыруға облыстық бюджеттен – 1,1 млн теңге бөлінген.
Жақында Қарқаралы қаласында волонтерлік қоғамдастықты қалыптастыру, волонтерлерді жаңаша дайындауға арналған форум өтті. Оның жұмысына 40-тан астам үздік, әрі белсенді ерікті қатысты.
— Форумда волонтерлік ұйымдарға грант беру байқауын ұйымдастыру мәселесі көтеріліп, ол бастама қолдау тапты. Қазіргі кезде конкурсқа үміткерлердің өтінімін қабылдау жүріп жатыр. Грант көлемі ауқымды, 2 500 000 теңгеге бағаланып отыр. Шарт бойынша 5 жеңімпазға 500 мың теңге грант беріледі. Оған жеке және волонтерлік ұйымдар қатыса алады, – деп мәлімдеді Сәттібай Жүнісов.