ВСУ Ресейдің стратегиялық авиациясына ең ірі соққы жасады

1 маусым күні Украина Қарулы күштері Ресейдің бірқатар аэродромдарына ауқымды дрон шабуылын жасап, стратегиялық авиациясына ауыр соққы берді. Бұл соғыс басталғалы бері Ресейдің әуе күштеріне жасалған ең ірі шабуыл болуы мүмкін.
Неміс басылымы Bild әскери шолушысы Юлиан Рёпкенің жазуынша, шабуыл кезінде 10-ға жуық стратегиялық бомбардировщик жойылуы мүмкін. Атап айтқанда, өртеніп жатқан Ту-95 ұшақтарының спутниктік суреттері жарияланған. Сарапшы бұл шабуылды Ресейдің стратегиялық ядролық әлеуетіне төнген елеулі қатер деп бағалайды.
Германиялық әскери сарапшы Нико Ланге болса, Ресейдің стратегиялық ұшақтарының саны азайғаны — Еуропа қауіпсіздігі үшін оң қадам екенін атап өтті.
Израильдік әскери шолушы Игаль Левин операцияны «салыстыруға келмейтін деңгейдегі шабуыл» деп сипаттады. Telegram-дағы жазбасында: «Украиндықтар шабуыл ауқымын аспандатып жіберді», — деді ол.
Операцияны СБУ ұйымдастырған
DW басылымының СБУ-дағы дереккөзіне сүйенсек, бұл "Өрмек" атты арнайы операцияны Украина қауіпсіздік қызметі (СБУ) жүзеге асырған. Шабуыл нәтижесінде жалпы құны 2 млрд долларға дейін жететін 41 ұшаққа зақым келген. Олардың ішінде Ту-95, А-50 және Ту-22М3 сияқты стратегиялық ұшақтар бар.
Украиналық журналист Виталий Глагола Telegram арнасында шабуыл сәтін түсірген бейнероликті жариялап, бұл соғыс басталғалы бері Ресей авиациясына жасалған ең қуатты соққы екенін мәлімдеді.
FPV-дрондар жүк көліктерден ұшырылған
УНИАН агенттігінің жазуынша, операцияны президент Владимир Зеленский жеке бақылауына алған. Дайындық жұмыстары 1,5 жылға созылған. Бұл уақыт ішінде Ресейге арнайы фургондар арқылы FPV-дрондар мен оларды тасымалдайтын контейнерлер жеткізілген. Олар базалар маңына қойылып, белгіленген уақытта қашықтан ашылып, дрондар ұшырылған.
РФ Қорғаныс министрлігі: бірнеше ұшаққа зақым келді
Ресей Қорғаныс министрлігі Мурманск, Иркутск, Иваново, Рязань және Амур облыстарындағы аэродромдарға FPV-дрондармен шабуыл жасалғанын растады. Министрлік мәліметінше, Иваново, Рязань және Амур облыстарындағы шабуылдар тойтарылған, ал Мурманск пен Иркутск облыстарында авиация техникасы өртенген.
Жарақат алғандар жоқ деп хабарланғанымен, зақымданған ұшақтар саны нақтыланбады. Кейбір адамдар ұсталған.
Z-каналдар: Бұл — "Орыстың Пёрл-Харборы"
Ресейлік әскери Telegram арналары болған оқиғаны АҚШ-тың 1941 жылғы Пёрл-Харбордағы шабуылымен салыстырып отыр.