Вячеслав Кимнің жұбайы Лондонда бизнесін жапты
Kaspi банкінің тең иесі Вячеслав Кимнің жұбайы Татьяна Ким Ұлыбританиядағы өз компаниясы Evoshave Limited-ті жауып жатыр. Қазан айының соңында компанияның ликвидаторы фирманың профилінде соңғы есепті жариялаған.
Выход к морю телеграм арнасының жазуынша, Evoshave қырыну станоктарын өндірумен айналысқан, ал оның серіктестерінің бірі – Ресейдің белгілі миллиардері Михаил Фридманның ұлы Александр Фридман. Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Фридман АҚШ, ЕО, Ұлыбритания және Канаданың жеке санкциялар тізіміне енген болатын.
2 млн фунт стерлинг инвестиция және компанияны жабудың белгісіз себептері
Ұлыбританияның коммерциялық реестріндегі құжаттарға қарағанда, Татьяна Ким компанияға 2019 жылы 2 млн фунт стерлинг инвестиция салған. Бұған дейін, алты жыл бұрын, бұл бизнеске қазақстандық кәсіпкер Кенес Рақышев өзінің сингапурлық Novatus Holding Pte. Ltd компаниясы арқылы шамамен дәл осындай көлемде қаржы құйған.
2022 жылдың тамызына дейін компанияның түпкі бенефициары Рақышев болса, кейін бұл мәртебені Татьяна Ким иеленді. Компанияны не үшін жоюға шешім қабылданғаны құжаттарда көрсетілмеген, алайда жоба экономикалық тұрғыда тиімсіз болғаны ықтимал.
Компания кредиторларға 900 мың фунт стерлинг қарыз болып қалған. Оның 800 мыңға жуығын Evoshave Limited тікелей Татьяна Кимге және Қазақстандағы ең ірі ритейлер — Magnum Cash & Carry-ге берешек. Magnum-ды да оның күйеуі Вячеслав Ким бақылайды.
Қалған қарыздар салық органдарына, жалға берушілерге және бұрынғы қызметкерлерге тиесілі. Компания кеңсе жиһазын және құрал-жабдықтарын сату арқылы бірнеше мың фунт қана қайтарған.
Evoshave өнімдері: жоспарланған 7 млн доллар табысқа жете алды ма?
Magnum-ның көтерме сайтында Evoshave тауарлары сапалы өнімдер ретінде сипатталған. Бірақ қазір бұл өнімдер сатылымда жоқ.
2021 жылы ресейлік Forbes Evoshave сол жылы 7 млн доллар табыс түсіруді жоспарлағанын, оның 1 млн доллары Ресейден түсуі тиіс екенін жазған. Бұл жоспар орындалды ма әлде орындалмады ма белгісіз. Ұлыбританиядағы микрокомпаниялар толық қаржылық есеп беруге міндетті емес.
Алайда компанияның таза активтері сол уақыттан бері 5 есе азайған. Бұл оның шығынға батқанын жанама түрде көрсетеді.
Evoshave өнімдерін Ресейде таратуды Михаил Фридманның ұлы Александр Фридман өз мойнына алған. 2021 жылы Evoshave станоктары оның X5 Retail Group желісінде (11,5 мыңнан астам дүкен) сатыла бастаған.
Алайда Ресей соғыс бастағаннан кейін Михаил Фридман Ұлыбритания мен ЕО санкцияларына ұшырады. Мысалы, Ұлыбритания билігі оған айына небәрі 2 мың фунт стерлинг қана жұмсауға рұқсат еткен. Фридманның өзі бұл қаражат «үй қызметкерінің жалақысын төлеуге де жетпейтінін» айтқан.
2023 жылы ол Израильге қоныс аударып, кейін Таяу Шығыстағы соғыс басталғанда Мәскеуге оралған.
Лондоннан кетудің қажеті жоқ
Михаил Фридманнан айырмашылығы, Татьяна Ким бизнесінің жабылуына қарамастан Лондоннан кетуге мәжбүр емес. Коммерциялық реестр дерегіне сүйенсек, оның Ұлыбританияда оқу немесе инвестициялық негіздегі тұру құқығы бар. Сонымен қатар оның Қазақстан және Мальтада азаматтығы бар.
Бұған қоса, бұған дейін анықталғандай, Татьяна Ким Лондонда элиталық тұрғын үй кешенінде құны 26 млн фунт стерлинг тұратын екі пәтерге иелік етеді.