WSJ: БАӘ Ормуз бұғазын күшпен ашуға дайын
АҚШ пен оның одақтастары Ормуз бұғазын күш қолдану арқылы ашу туралы шешім қабылдаса, Біріккен Араб Әмірліктері мұндай операцияға қатысуға дайын.
Бұл туралы The Wall Street Journal дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.
Басылымның мәліметінше, бұл жағдайда БАӘ Парсы шығанағында Иранға қарсы әскери әрекеттерге тікелей қатысқан алғашқы мемлекетке айналуы мүмкін.
WSJ дереккөздерінің айтуынша, қазіргі уақытта БАӘ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі арқылы Ормуз бұғазын ашу үшін күш қолдануға рұқсат беретін резолюция қабылдатуға күш салып жатыр. Әмірліктердің дипломаттары АҚШ-ты, сондай-ақ Еуропа мен Азия елдерін бұғазды күшпен ашатын коалиция құруға шақырған.
Сонымен қатар, БАӘ АҚШ-ты Ормуз бұғазындағы аралдарды, соның ішінде Иран бақылауындағы, бірақ Әмірліктер өзінікі деп санайтын Абу-Муса аралын басып алуға итермелеп отырғаны айтылды.
Еске салайық, Иран Ормуз бұғазын Таяу Шығыстағы соғыстың алғашқы күндерінде-ақ жауып тастаған. Соғысқа дейін әлемде теңіз арқылы экспортталатын мұнайдың шамамен бестен бірі — тәулігіне 20 млн баррель, сондай-ақ сұйытылған табиғи газдың едәуір бөлігі осы бұғаз арқылы өтетін.
Бұғаздың жабылуы мұнай бағасының күрт өсуіне әкелді. Наурыз айының соңында Иран бұғаз арқылы өтетін кемелерден төлем алынатынын мәлімдеген.
WSJ дерегінше, АҚШ президенті Дональд Трамп көмекшілеріне Ормуз бұғазы ашылмаса да, Иранға қарсы соғысты аяқтауды жоспарлап отырғанын айтқан. Сонымен қатар, Вашингтон бұғазды ашу мәселесін Еуропа мен Парсы шығанағындағы одақтастарына жүктеуді көздеп отыр.