WSJ: Ресей АЭС құрылысын қаржыландыру желеуімен Түркияда "доллар резервін" құрғысы келген
Схема бойынша "Газпромбанк" Түркиядағы "Ақкую" атом электр стансасының құрылысына 9 миллиард доллар бөлуі керек еді. Қаржыны Ziraat Bank арқылы ресейлік компаниялардың есепшотына аудару жоспарланған.
Валюта қорлары тоқтатылғаннан кейін Ресей Американың санкцияларын айналып өтіп, өзінің сыртқы операцияларын қаржыландыру үшін Түркияда «оффшорлық доллар резервін» құруға әрекет жасады. Бұл туралы The Wall Street Journal өз ақпарат көздеріне сілтеме жасап хабарлады.
Басылым дереккөздерінің хабарлауынша, бұл схема келесідей жұмыс істеуі керек еді: Ресей мен Түркия сол кезде әлі санкцияға ұшырамаған "Газпромбанктің" "Ақкую" атом электр станциясының құрылысына шамамен 9 миллиард доллар несие беретініне келіскен. (Санкцияға ұшырамаған "Росатом" атом электр станциясының құрылысына қатысатын еді). Ақша Түркияның ең ірі мемлекеттік банкі Ziraat Bank-ке келіп, сол банкте есепшоттары бар ресейлік компанияларға түсуі керек еді.
Нәтижесінде ресейлік тарап америкалық JPMorgan және Citigroup банктері арқылы 5 миллиард доллардан астам қаражатты аударып үлгерген. 2022 жылдың жазында "Газпромбанк" АЭС-тің Ziraat Bank-тегі шотына 3 млрд доллар аударады. Осыдан кейін АҚШ әділет министрлігі JPMorgan компаниясымен байланысып, келесі 2 миллиард доллар траншына тосқауыл қойып, қаражатты бұғаттады.
2024 жылы прокурорлар бұл қаражатты азаматтық сот арқылы тәркілеу жолын іздей бастайды, бірақ Ақ үй бұл Анкарамен қарым-қатынасты нашарлатады және АҚШ-тың Түркиямен барлық мәселелер бойынша ынтымақтастығына нұқсан келтіреді деп алаңдайды. Нәтижесінде, тәркілеу процесін Байден әкімшілігі тоқтатады.
WSJ дереккөздерінің хабарлауынша, валюталық резервтер тоқтатылғаннан кейін 2022 жылдың ақпан айында Орталық банк басшысы Эльвира Набиуллина мен мемлекеттік корпорация Кремльден бұл қаражатты пайдаланудың жолын табу туралы тікелей нұсқау алады. Сондай-ақ АҚШ Ресейдің басқа жоғары лауазымды шенеуніктері мен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның басты көмекшілерінің бірі Ұлттық барлау басқармасының басшысы Ибрагим Калиннің де бұл схемаға қатысы бар деп күдіктенеді.
"Росатомның" баспасөз қызметі АЭС-ке бөлінген барлық қаражат жобаны қаржыландыруға, мердігерлерге және Түркиядағы басқа да әлеуметтік және қаржылық міндеттемелерге жұмсалғанын хабарлады. Ресей Банкі, "Газпромбанк" және Ziraat Bank жоғарыда аталған схемаға қатысты сұрақтарға жауап бермеді.