WSJ: Трамп әкімшілігі Украинаға ERAM ракеталарын сатуды мақұлдады

АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Украинаға алты апта ішінде жеткізілетін 3350 дана ERAM (Extended Range Attack Munition) алыс қашықтықтағы ракеталарын сатуға келісім берді.
Бұл туралы The Wall Street Journal хабарлады.
Жалпы құны 850 миллион доллар болатын қару-жарақ пакеті құрамына ERAM ракеталары кіреді. Бұл соманы негізінен Еуропа елдері өтемек. Алайда жеткізілімдер Трамптың Ресей президенті Владимир Путин және Украина президенті Владимир Зеленскиймен жүргізген келіссөздерінен кейін ғана мақұлданған.
Америкалық шенеуніктердің WSJ-ға айтуынша, Украина бұл ракеталарды қолдану үшін Пентагоннан рұқсат алуы тиіс. ERAM үлгісіндегі зымырандардың ұшу қашықтығы 240–450 шақырымды құрайды.
АҚШ Мемлекеттік департаменті әзірге бұл ақпаратқа ресми түсініктеме берген жоқ.
ERAM ракеталарының ерекшелігі
ERAM – «әуе–жер» класына жататын алыс қашықтықтағы зымыран. Оның модульдік құрылымы жердегі де, теңіздегі де нысандарды жоюға мүмкіндік береді.
WSJ еске салғандай, АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байден әкімшілігі 2023 жылы Украинаға ATACMS ракеталарын жеткізуге рұқсат берген. Бастапқыда олардың Ресей аумағына қолданылуына тыйым салынғанымен, 2024 жылдың күзіне қарай шектеулер алынып тасталды. Бұл шешім Мәскеу жағына Солтүстік Корея әскерінің қосылуынан кейін қабылданған.
Алайда соңғы айларда Пентагон Украинаға ATACMS ракеталарын Ресей аумағына қарсы пайдалануға тыйым салды.