WSJ: Украина мен АҚШ дрон технологияларын беру жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр

The Wall Street Journal басылымының хабарлауынша, Украина делегациясы АҚШ-қа сапарлап барып, Вашингтонмен ұрыс даласында сыналған дрон технологияларын беру туралы келісім жасауға тырысып жатыр.
Мәміле аясында Киев өз технологияларын бөліседі, ал АҚШ оған өтемақы түрлерін төлейді.
Келіссөздерге АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина басшысы Владимир Зеленский қолдау көрсеткен. Қазанның 30-ынан бері Пентагон мен Мемлекеттік департамент өкілдерінің қатысуымен көпкүндік келіссөздер өтіп жатыр. Украин делегациясын қорғаныс министрінің орынбасары Сергей Боев бастап барған.
Америкалық дереккөздердің айтуынша, мәміленің құны бірнеше миллиард долларға жетуі мүмкін. Алайда келісімнің түпкілікті мақұлдануына бірнеше ай қажет болуы ықтимал.
Украина дрон өндірісінде қалай көш бастады?
Мақалада АҚШ-тағы дрондар күрделі технологияға негізделгені айтылған. Ал Украина соғыс кезінде арзан әрі тиімді дрондарды жаппай өндіруге ден қойды. Бұл аппараттар майдан даласында өзін жақсы жағынан көрсетті.
2024 жылы Украинада 2 миллионнан астам дрон шығарылған. Қазір елде шамамен 300 дрон өндіруші компания жұмыс істейді.
Сарапшылардың пікірінше, соғыстың өзі соғыс өнерін түбегейлі өзгертіп жіберді. Сол себепті Еуропадағы үкіметтер, инвесторлар мен компаниялар украин дрон технологияларына үлкен қызығушылық танытып отыр.
Мәміле нені қамтуы мүмкін?
WSJ деректері бойынша, Украина мен АҚШ бірнеше нұсқаны қарастыруда:
украин компаниялары АҚШ-қа дрон технологияларын және прототиптерін беріп, роялти алу;
украин фирмасы АҚШ-та еншілес кәсіпорын құрып, өндірісті сонда жолға қою;
немесе АҚШ-тың Қарулы күштері дрондарды тікелей Украинадан сатып алуы.
Келісім тек әскери-техникалық емес, саяси тұрғыдан да маңызды. Зеленский Трамппен қарым-қатынасты күшейтуді көздейді. Себебі Вашингтонның Украинаға қолдауы кейде «тұрақсыз» сипатта болған.
27 қыркүйекте Зеленский дрондар келісімін АҚШ-пен жасалатын ауқымды «мегакелісімнің» бір бөлігі ретінде қарастыратынын айтты. Оның айтуынша, Киев ондаған миллиард долларға АҚШ қаруларын сатып алғысы келеді.
Украина алғысы келетін қарулар
Зеленскийдің сөзіне сүйенсек, Киев әсіресе мынадай қару түрлерін алғысы келеді:
Patriot зениттік-зымыран кешені,
HIMARS қондырғылары (GMLRS зымырандарын ататын),
ATACMS алыс қашықтықтағы зымырандары,
көпмақсатты әскери ұшақтар.