Ядролық энергетика төңірегіндегі миф: 5,5 млрд долларға АЭС салу мүмкін емес

Қазақстанда Атом электр станциясының (АЭС) құрылысы – қоғам талқысының басты тақырыптарының бірі. Елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жоспарланған бұл жобаға қатысты түрлі болжамдар мен мифтер таралып жатыр. Соның бірі – АЭС құрылысы небары 5,5 миллиард долларға түседі деген пікір. Алайда бұл ақпаратты "Ядролық физика институтының" бас директоры Саябек Сахиев шындыққа жанаспайтын, "фантастикаға жақын" миф деп отыр.
Саябек Сахиевтің айтуынша, АЭС сынды стратегиялық нысан тек саяси шешім емес, ғылыми негізделген қадам болуы тиіс. Осы тұрғыда Ядролық физика институты елдегі атом саласындағы басты ғылыми-өндірістік құрылым ретінде қызмет етіп келеді. Мұнда медициналық және өндірістік изотоптар өндіріледі, радиациялық диагностика мен стерилизация әдістері қолданылады, ал жас мамандар арнайы оқыту орталықтарында даярланады.
Институт сондай-ақ төртінші буын реакторлары мен термоядролық реакторлар үшін жаңа материалдар мен отындарды сынақтан өткізумен айналысады. Бұл – елдегі ядролық кластердің іргетасы саналатын ғылыми база.
Соңғы күндері ақпарат кеңістігінде Қытай тарапы Қазақстанда АЭС-ті 5,5 миллиард долларға салып береді деген сөз тарады. Алайда Сахиев бұл мәліметті нақты фактілермен теріске шығарды.
«Мұндай ауқымды нысандардың орташа құны әлемдік тәжірибеде 10–15 миллиард доллар шамасында. Қытайдың Пәкістанда салған екі блокты АЭС-і 2013 жылы 9,1 млрд доллар болған. Қазір бұл сома инфляцияны ескерсек 12,5 млрд доллардан асады», – деді ол.
Сарапшының айтуынша, Қазақстанда да екі блокты, қуаты 2,4 ГВт болатын АЭС салу жоспары бар. Демек, 5,5 млрд доллар деген сома – шындыққа жанаспайтын арзан үміт.
АЭС құрылысының құны көптеген факторға байланысты:
-
Инженерлік зерттеулер – жер бедері, сейсмологиялық және климаттық жағдайлар құрылысқа әсер етеді.
-
Құрылғы мен жабдықтардың сапасы – кейбір технологиялар басқа өндірушілерден алынуы мүмкін.
-
Жергілікті өндірістің деңгейі – құрылыс материалдарының сапасы халықаралық стандарттарға сай болуы тиіс.
-
Кадрлық ресурстар – жергілікті мамандардың біліктілігі мен құрылысқа қатысуы маңызды.
-
Логистика және қаржылық шығындар – тасымалдау мен инфрақұрылымдық қолдаулар.
Саябек Сахиевтің пікірінше, бұл – бір ғана қаржылық есеп емес, елдің ғылыми-технологиялық дамуына серпін беретін шешім.
Сарапшы атом энергетикасына балама барын жоққа шығармайды. Алайда қазіргі экологиялық және экономикалық жағдайда АЭС – ең тиімді әрі ұзақмерзімді шешім екенін алға тартады.
Қазақстанда АЭС салу мәселесі 1990-жылдардан бері көтеріліп келеді. 2024 жылдың қазан айында өткен референдумда халықтың 71%-ы АЭС құрылысын қолдап дауыс берді. 2025 жылы Үкімет ресми түрде Жамбыл облысы, Үлкен ауылын АЭС орны ретінде бекітті.
Қазіргі таңда Қытай, Ресей, Франция және Оңтүстік Корея секілді төрт елдің компаниялары технология жеткізуші болуға үміткер. Соңғы шешім жақын арада қабылданбақ.