Ядролық қаруға тыйым салу және Нью-Йорктегі конференция

Қазір әлемде геосаяси жағдай ушығып, алпауыт мемлекеттер өзара келісімдерді қайырып қойып, ядролық сынақтарға қайта кірісіп жатқаны жұртты алаңдатады.
Кей елдің басшылары арасында жаппай қырып-жоятын қаруымен бір-біріне қыр көрсету өте қауіпті тенденцияға айналып барады. Ядролық қаруларды сынақтан өткізу және қолдану адамзат қоғамына үлкен апат әкелуі мүмкін. Сондықтан тараптарды жаһандық қауіпсіздікті нығайту үшін өзара диалогқа шақырудың маңызы зор.
Осы мақсатта Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарт құрылып, оған әлемдегі көптеген мемлекет мүше болып отыр. 2017 жылғы 7 шілдеде Біріккен ұлттар ұйымына мүше 122 мемлекеттің қолдауымен қабылданған шарт ядролық қаруды толық жою жолындағы маңызды қадам саналады. Қазақстан кезінде әлемдегі ірі ядролық арсенал иесі бола тұра одан бас тартып, ядролық қаруды таратпау ісіне белсене атсалысқанын білеміз. Демек еліміздің Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартына қосылуы заңды жағдай болатын.
Қазақстан 2018 жылғы 2 наурызда 57-болып Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартына қол қойған мемлекет атанса, 2019 жылғы 29 тамызда БҰҰ хатшылығына ратификациялау құжатын енгізген 26-мемлекет. Ал 2019 жылғы 3 шілдеде ел президенті «Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты ратификациялау туралы» ҚР Заңына қол қойды.
Биыл наурыз айының басында Қазақстан Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің үшінші конференциясына төрағалық етуді бастады. 3 наурызда Нью-Йорктегі үшінші конференцияда БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Қарусыздану мәселелері жөніндегі Жоғары өкілі Изуми Накамицу Қазақстанның төрағалығын құптап, еліміздің ядролық қарусыздану процесіне қосқан елеулі үлесіне жоғары баға берді.
Бір аптаға созылған конференция аясында ядролық қарусыздану саласындағы әлемдік сарапшылар қатысқан тақырыптық пікірталастар өтті. Пікірталасқа ресми тұлғалар ғана емес, азаматтық қоғам өкілдері, жастар ұйымдарының мүшелері, ядролық сынақтардан зардап шеккендер және әлемнің көптеген мемлекетінің өкілдері қатысады. Атап айтқанда, конференция жұмысына Шартқа қатысушы мемлекеттер мен бақылаушы елдердің 75 делегациясы, сондай-ақ әлемнің әр түкпірінен жиналған 150-ден аса үкіметтік емес ұйым өкілдері атсалысты.
Конференция төрағасы, Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин қазір халықаралық жағдай қанша күрделі болса да, әлемде ядролық арсеналды толық жоюды және ядролық қауіп-қатерден азат әлем құруды қолдайтындардың саны артып келе жатқанын айтты.
2025 жылы Хиросима мен Нагасакиге жасалған ядролық соққыға 80 жыл толады, осыған орай мұндай қайғылы оқиғаның енді қайталанбауы үшін қажетті шара қабылдаудың қандай маңызды екенін әлем жұрты жақсы біліп отыр. Бірақ кейбір империалистік көзқарастағы елдер жаһан тыныштығын бұзып, «қызыл тетікке» қол созуға ниет білдіріп отыр. Жаппай қырып-жоятын қаруға жататын химиялық және биологиялық қаруларды қолдануға әлемдік деңгейде тыйым салынған. Бірақ кейбір мемлекет ядролық қарудан бас тартпай отыр.
Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарт 122 мемлекеттің қолдауымен 2021 жылы күшіне енген болатын. Аталған құжат әлем тарихында алғаш рет ядролық қаруды иеленуге халықаралық құқық негізінде тыйым салады. Дегенмен қазіргі күрделі геосаяси жағдай астында қандай да бір халықаралық құжат әлем елдерін тәртіпке салады деп сену қиын. Әлемдік тәртіп жылдам өзгеріп жатқанын көріп отырмыз. Демек болашағын ойлаған ел қорғаныс саласын күшейтіп, қауіпсіздігін бекемдегені жөн.
Еламан Өмірхан