Ядролық полигонның жабылу тарихымен танысты
Қазақстанның Литвадағы елшілігі Клайпеда ауданындағы Ева Симонайте атындағы ең әйгілі және ең ірі кітапханамен бірге Семей ядролық полигонының жабылғанына 30 жыл толуына орай, фотокөрме ұйымдастырды.
Қазақстан елшісі Виктор Темірбаев өзінің құттықтау сөзінде біздің елдің әлемдік тарихта бірінші болып ядролық полигонды жапқанын және өз еркімен төртінші қуатты әскери ядролық арсеналдан бас тартқанын атап өтті. Дипломат сонымен қатар қонақтарды Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарудан азат әлем құруға бағытталған бастамаларымен таныстырды. Қазақстанның бастамасымен Семей полигоны жабылған күн – 29 тамызды БҰҰ Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн деп жариялады.
Клайпеда қаласының вице-мэрі Арунас Барбшис өз сөзінде Қазақстанның ядролық қарусыздану жөніндегі әлемдік қозғалыстың көшбасшысы болып саналатынын, көптеген мемлекеттердің сенімі мен құрметіне ие болғанын және халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесі ретінде танылғанын баса айтты.
Іс-шара қонақтары ядролық сынақ полигонының тарихымен, ядролық сынақтар жүргізудің ерекшеліктерімен және Семей полигоны аумағындағы қазіргі радиациялық жағдаймен танысты. Көрмеге келушілер полигонның жабылу тарихы мен Қазақстанның халықаралық аренадағы ядролық қаруды таратпау саласындағы күш-жігері туралы сирек кездесетін бейнематериалдары бар деректі фильмді тамашалады.
Ашылуға қала әкімдігінің, іскерлік және академиялық топтардың өкілдері, мәдениет қайраткерлері мен студенттер қатысты.