Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
19:00, 18 Қаңтар 2024

Ян Моррис: Соғыстың бар ма қайыры?

Ian Morris
Фото: из открытых источников

Ян Моррис (Ian Morris) – британ тарихшысы, археолог, Стэнфорд университетінің профессоры.

Соғыс тақырыбын қаузайтын еңбектердің басым көпшілігі соғысты бастан кешкендердің, көз көргендердің естеліктеріне құрылған. Осы саладағы зерттеулердің тағы бір кең тараған бағыты – соғыс науқандары, шайқастар, қақтығыстар тарихы (соғыс тарихы). Келесі бағыт – кәсіби әскерилер, дипломаттар мен стратегия саласы мамандарының соғыс қағидаларына, техникасына ден қойған зерттеулері. Соғысты зерттеудің төртінші үлкен бағыты оны биологиялық эволюция (ресурстар мен репродукция үшін күрес) тұрғысынан талдаумен байланысты (антропология, археология, тарих, саясаттану, т.б. сала мамандарының басын қосқан бағыт). «Соғыстың бар ма қайыры?» деген тосын сұраққа жауап іздеген британ ғалымы Я.Моррис өз зерттеуінде аталған төрт бағытты ұштастыруға тырысқан.

Танымал америкалық әнші Эдвин Старрдың 1970 жылы шығып, Вьетнамдағы соғысқа қарсылық білдірген пацифистердің әнұранына айналған «Соғыс» атты әнінде: «...Соғыстың бар ма қайыры?» деген сауалға: «Жоқ оның еш қайыры. ...Соғыс! Шектірер тек қасірет қана. Соғыс! Қуанар оған сүйекші ғана...» деп жауап береді.

Жоқ оның еш қайыры... Көпшілік шәк келтірмейтін осындай қорытындыға«келісе алмаймын» деген ұстанымдағы Я.Моррис – адам қазасы арқасында табыс тауып жүрген сүйекшілердің, шын мәнінде, қуанатындай жайы жоқ: түптеп келгенде, соғыс – олардың басты жауы, адамзат бастан кешкен соғыстар нәтижесінде әлдеқайда қауіпсіз күйге түсті, оның дәулеті артты деген тосын пайымды алға тартады. Талай адамның өмірін жалмап, бейбіт елдерді қан жылатқан соғыс атаулыны ешкім жақсы құбылыс деп ақтап отырған жоқ. Алайда оны тарихтың ең үлкен парадоксы деп қарастыру қажет: соғыс – тозақ, дегенмен ол болмаса, ұзақ мерзімді тарихи перспективаға салып қарағанда, оның орнына жүрген үрдістер (яғни соғысқа «балама» болатын құбылыстар) адамға әлдеқайда көп азап шектірер еді.

Морристің пайымдауынша, соғыс жүргізіп үйренген адамдар уақыт өте келе топтасып, бұрынғыдан әлдеқайда үлкен әрі ұйымдасқан қоғамдар құрды, осының арқасында қоғам мүшелерінің бөтен біреуден зорлық көріп, жазым болу ықтималдығы азайды. Қазіргі қоғамда бар кедергі, шектеу механизмдері әлі қалыптаспаған сонау тас дәуірінде өмір сүргендердің шамамен 10-20% өзге адамның қолынан қаза тапқан деген болжам бар. ХХ ғасырда адамзат екінші дүниежүзілік соғысты бастан кешті, бұған қоса геноцид, ашаршылық сияқты нәубетті де көрді. Өткен ғасырда соғыста қаза тапқандардың жалпы саны 100-200 млн адам десек, жер бетін мекендеген халық санына шаққанда (ХХ ғасырда өмір сүргендердің саны 10 млрд адам десек), тұтас соғыс шығыны планета халқының небәрі 1-2 пайызына тең болады екен. Соғыс нәтижесінде әлдеқайда үлкен қоғам, ұйымдасқан елдер құрылды, ондағы тәртіпті сақтау үшін мықты үкіметтер жасақталды, сол үкіметтер билікте қалу үшін ел ішіндегі зорлық-зомбылықтың өршуіне, сырттан қауіп төніп, соғыстың тұтануына жол бермеуге мүдделі болды. Жалпақ тілмен айтқанда, «соғыс – үкімет тудырды, ал үкімет – бейбітшілік орнатты». «Елдің дәулеті артты» дегеніміз – соғыстан кейін орнаған бейбіт заманда экономикалық дамуға қолайлы жағдай туғаны, жұрттың тұрмысы түзелгені.

«Ұйымдасқан қоғам құру ісін соғыс жүргізбей-ақ, бейбіт жолмен құруға болмай ма?» деген сұраққа: «Өкінішке қарай, жоқ!» – деп жауап қайтаруға мәжбүрміз», – дейді автор. Адам бойындағы «өзгені ырқына бағындырамын, күш қолданып, дегенімді істетемін, қажет болса – қарсы шыққандардың басын аламын» деген талпынысына, пиғылына тұсау сала алатын бір ғана күш бар, ол – соғыс. Соғыс – тура логикалық тұжырымдарға бағына бермейтін, парадокстарға толы күрделі құбылыс. Әйгілі соғыс тарихшысы, соғыс теоретигі Бэзил Лиддел Гарт айтпақшы, сайып келгенде, соғыс дегеніміз – біреуге «арты жақсы болар» деп жамандық жасау. Соғыстың арты – бейбітшілік; жеңілгенге де түбінде бір пайда бар... Осы орайда соғысты «өркениеттендіруші» күш деп атайтын ғалымдар да табылады. Бұған мысал ретінде Рим империясын көп айтады: «Күш қолдану (бағынбағандарды қару күшімен тізе бүктіру, қарсы шықса, сес көрсетсе – қырып салу) құқығы тек үкіметте ғана бар» деген қағиданың толыққанды орнығып, көпшіліктің игілігіне жарағанын Рим империясынан көруге болады. Рим құзырына өткен тараптар даулы мәселелерді бұрынғыдай өзара текетірес, ұрыс жолымен шешуден тартынатын болды. Неге десеңіз – бұлар енді өз еркі өзіндегі тарап емес, император әміріне бас игендер. Жоғарғы биліктің санкциясынсыз күш қолданудың салдары ауыр болатынын біледі.

Римдіктер өз қарамағына өткен аумақтардағы (иә, сол аумақтарды келіссөз жүргізіп қосып алмаған, қарсыласын қырып-жойып, жермен жексен етіп, бағындырған) қарақшылар мен пираттардың әрекетін тыйып, сауда-саттықтың дамуына жағдай жасады. Үкімет әскер мен флоттың кедергісіз жүріп-тұруына қажет жолдар мен көпірлер салды, сол инфрақұрылымды саудагерлер де пайдаланды. Өкімет сауда-саттық жүргізгендерден жиналған салықты көбіне қарулы күштердің қажеттіліктеріне жұмсаған. Үстемдік құрып, билікті ұстап тұру ісіне келгендегі соғыс парадоксы: дұшпандарын қырып-жойып, күш асырған жауынгерлер (қолбасшылар) патшалықтар құрды, содан иелігіндегі жерлерді басқару үшін жауынгерлердің менеджер болуына тура келді! Юлий Цезарьдің әйгілі «Veni, vidi, vici» («Келдім, көрдім, жеңдім») деген сөзін осы орайда «Veni, vidi, vici, administravi», яғни «Келдім, көрдім, жаулап алдым, әкімшілік басқару жүйесін енгіздім» деп өзгертуге болатын еді...

Саясаттанушы Мансур Олсонның сөзімен айтқанда, бұрын шапқыншылық жасап, жеріңді талан-таражға салып, қашып кететін қарақшы (жаратылысынан зорлық-зомбылыққа бейім, күш қолданып, үстемдік орнатқан тарап) бақылауына өткен аумақта тұрақтап, «отырықшы бандитке» айналады.

Жерорта теңізі өңіріндегі соғыстар бейбітшілікке жол ашты, нәтижесінде тұрақтылықты, тәртіпті сақтап отыратын «Левиафан» (Рим империясы, билік) пайда болды. Алайда осы өңірде құрылған империядай алпауыт мемлекет әлемнің қалған аймақтарының бәрінде болды деп айта алмаймыз. «Жауыздың» – «отырықшы бандитке» айналғанын аңғартатын осы сияқты басқа да мысалдар неге көп емес? Бұл сұраққа жауап іздеген автор ауыл шаруашылығы факторының ықпалын («жауызды ауыздықтаған фактор») талдауға ден қойған.

Ежелгі дәуірде ұлан-байтақ аумаққа әмірін жүргізген Рим империясынан бөлек өзге де алпауыт мемлекеттер болған: мысалы, Қытайдағы Хан империясы, Үндістандағы Маурья (Маурия) империясы, Ирандағы Парфия патшалығы. Автор ерекше атап өткен осы қуатты империяларға ортақ бір сипат бар: бұлардың бәрі адам баласы алғаш рет ауыл шаруашылығымен айналыса бастаған, мал басын көбейтіп, егіншілікті кәсіп етуге аса қолайлы географиялық аймақтарда орналасқан. Иелігінде шаруашылық жүргізуге ыңғайластырылған, күнкөріс көзіне айналған жері бар адам жау шапса, ертедегі аңшы-терімшілер ұқсап, бәрін тастап, ауып кете алмайды. Халық саны, тығыздығы артқан сайын, осындай аумақтарда «қапас» немесе «тар жер» эффекті пайда болады: тар жерге «қамалған» жұрт сырттан келген жауға төтеп беру үшін күш біріктіруге, әлдеқайда ұйымдасқан үлкен қоғам құруға мәжбүр, әйтпесе, оны одан да мықты ұйымдасқан қоғам басып, жұтып алады.

Варварлардың соққысы. Ғасырлар бойы жүрген үрдістерден байқағанымыз – соғыстардың нәтижелі болғаны: жаугершілік соғыстардың нәтижесінде үлкен империялар бой көтеріп, қарамағындағы халықтардың бірте-бірте дәулеті артты, қауіпсіздігі нығайды. Алайда империализмнің осы бір көне түрі шырқау шегіне жеткен кезде соғыс бұрынғыдай «нәтижелі, өнімді тірлік» болудан қалды. Бұл өзгерістің басты себепшісі – алпауыт империялардың б.д. І ғасырында шексіз Еуразия даласын мекендеген, соғыстың өзгеше тактикасын меңгерген салт атты көшпенді жауынгерлермен (скифтер, түркілер, моңғолдар) бетпе-бет келуі. Жауға қарсы үлкен жаяу әскер жіберіп дағдыланған империялар соғыс алаңында өздерінен әлдеқайда ұтқыр әрі тез қимылдап, дес бермейтін жаңа күштің бар екенін аңғарды, алпауыттардың қарулы күштері ұрыстың жаңа, асимметриялық түрінің ауыртпалығын көтере алмады. Империяның шеткері аймақтарын көшпенділердің шапқыншылығынан қорғап тұру үшін біраз шығындалуға тура келді. «Отырықшы бандит» өзіне қарасты аумақты «көшпелі қарақшылардың» шабуылынан бұрынғыдай оңтайлы қорғап тұра алмады, осылайша бір кездері гүлденген, қуатты, бай империялар ыдырай бастады.

Жалпы, автор біраз кезеңді қамтыған соғыс тарихын осындай нәтижелі, «өнімді» және өнімсіз соғыс циклдерінің бірін-бірі алмастыруы деп қарастырады. Шамамен XVI ғасырдың екінші жартысы мен XVIII ғасырдың соңғы ширегі аралығында «қоңыржай ендіктер» бойындағы империялар жаңа қару түрлерін (зеңбірек, мылтық, т.б.) жетілдіріп, меңгеріп, әскери экспедициялар жасақтап, бұған қоса бұратаналар иелігіндегі ұлан-байтақ жерлерді игеру үшін шаруаларды қоныстандырып, жаңа аймақтарды өзіне бағындырып, жоғарыда аталған соғыс циклдерін бұзады, яғни жаугершілік соғыс қайтадан бұрынғыдай «өнімді, қайырлы» іске айналды. Өз құрлығындағы аумақтарды ғана қамтыған дәстүрлі империялар емес, мұхит асып, жаңа жерлерді отарлаған Батыс Еуропа державалары экономиканың жаңа түрін қалыптастырды – метрополиялар бұрын-соңды болмаған байлыққа кенелді (мысалы, Британияның экспорт көлемі 1700 жылы шамамен 2 млн фунт-стерлинг болса, сол ғасырдың соңында 40 млн-ға жеткен).

Екінші дүниежүзілік соғыс – адамзат бастан кешкен ең жойқын соғыс. Ұрыс алаңында мерт болғандар, аштық пен дертке душар болып қырылғандар, концлагерьлерде (неміс, совет, жапон лагерьлері) қаза тапқандарды қосқандағы жалпы адам шығыны 50-100 млн (Бірінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқандар саны шамамен 15 млн адам, ал содан кейін тұтанған азамат соғыстарында 20 млн адам құрбан болды). Ақшалай шығынды шамалап 1 трлн доллар деп бағалайды. Дегенмен автор бітім орнағаннан кейін өрбіген процестер тұрғысынан қарағанда, Екінші дүниежүзілік соғыс тарихтағы ең «өнімді» соғыс деген пайымды алға тартады.

Бұл соғыс Британ империясы (Моррис оны үстемдік құрып тұрған шағында globocop – «глобокоп», жаһандық полицей деп атаған) құлдыраған соң пайда болған хаостан – бір жүйеге, жаңа әлемдік тәртіпке өту процесіне түрткі болды. Жаһан бір жағынан АҚШ-тың, екінші жағынан Кеңес Одағының ықпалындағы өзара қырғи-қабақ екі блокқа, қарама-қарсы екі полюске бөлінді. Үстемдікке жеткен екі жаңа жаһандық полицей көп ұзамай қақтығысып, тағы бір сұрапыл (әрі «өнімді») соғыс басталып кете ме дегенде, күштер балансына түбегейлі өзгеріс енгізген бір жайт болды: адам баласы атом бомбасын ойлап тапты. Бірақ адамның түскен жердегі тіршілік атаулыны түп-тұқиянымен жойып жіберетін бұрын-соңды болмаған осы қару түрін жапа-тармағай әзірлеп, оңды-солды іске жаратуға болмайтынына көзі жетті. Қаруы бар алпауыттар енді жаппай «семсерден соқа соға ма» деген үміт болды. Бірақ ол ақталмады, жаңа жойқын қаруды жаппай ешкім қолданбады, дегенмен одан бас тартпады да. Қолы жеткен елдер ядролық қаруды – қауіпсіздік кепілі, дұшпан әрекетін тежеу құралы деп білді.

Сонымен, қауымды тәртіпке келтіруші Левиафанның пайда болуы – адам эволюциясына тән үрдіс. Адам баласына тән бұл құбылысты шимпанзелер ортасында да байқаған ғалымдар бар: бір қауым болып топтасып, мықты еркек – аталық маймыл («альфа еркек») бастаған шимпанзелер, ішкі иерархиясы әлі қалыптаспаған босаң қауымдарға қарағанда, зорлық-зомбылыққа жиі бара бермейді екен. Мәселен, Еуропа және Солтүстік Америка халықтарының б.д. 1500 жылынан бергі эволюция жолында әлдеқайда бейбіт өмір салтына көшкенін әйгілі психолог Стивен Пинкер «пацифист дилеммасы» атты тұжырымдама көмегімен түсіндіреді. Даулы мәселені күш қолданбай, ынтымақтаса реттеген әр ойыншы +5 ұпай пайда табады. Қарсы тарапқа (ойыншыға) тұтқиылдан шабуыл жасаудан шабуылдаушы тарапқа түсетін пропорциональ емес, пайда – 100 ұпай. Екеуі бірдей шабуыл жасаса, қос ойыншының олжасы – әрқайсысына – 50 ұпай (екі ойыншы да жапа шегеді, түбінде қалағанын толық ала алмайды). Бәрінің қалағаны +5, дегенмен таяқ жеп, 100 ұпайдан айырылып қалудан қауіптеніп, – 50 ұпайлық сценариймен жүруді жөн көреді. Уақыт өте келе, күш қолданудың шығындары мен бейбіт жолмен мәмілеге келудің пайдасын бағамдаған елдердің көбісі +5 сценарийін ұстануды құп көретін болды.

Бұдан бөлек, Пинкер елдердің күш қолданудан бас тартып, бейбіт амалдарға жүгінуге ден қоюына коммерцияның дамуы, феминизация (қоғамдағы әйелдер рөлінің, мәртебесінің өсуі), эмпатия (адамшылық, ізгілік қасиеттерін дәріптеген діни, этикалық, философиялық ілімдердің өріс алуы), ғылым мен рационализмнің дамуы сынды басты факторлар әсер еткен дейді. Морристің пікірінше, осы аталған факторлар – бейбіт өмірге себепші болатын дербес күштер емес, бұлар – «өнімді» соғыс нәтижесінде орнаған бейбіт өмірдің жемісі.

Кітаптың атауына айналған «Соғыстың бар ма қайыры?» деген сұраққа автордың «иә» деген жауабын жан түршігерлік демеске болмайды, дегенмен оны елемей, мойындамай қалдыруға да болмас. Осылай болғанын көп адам қаламайтын еді, бірақ адамзат тарихы – адамзат эволюциясы адам қалауына сай өрбитін процесс емес. Қазіргі дәуір (1980-ші жылдардың соңынан бергі кезең) – бір анық «глобокоп» (АҚШ) үстемдік етіп тұрған кезең. Екінші дүниежүзілік соғысты бастан кешкен еуропалықтардың экономикалық интеграция жолына түсіп, уақыт өте келе саяси одақ (Еуропалық Одақ) құрған, одақ ішінде туындаған дауларды қарумен емес, бейбіт жолмен шешу ұстанымын айқындады. Кім біледі, Наполеон мен Гитлердің қолынан келмегені – бір оқ атпай әрекет еткен ЕО әкімшілерінің қолынан келетін шығар. Дегенмен ЕО-ның осындай бейбіт тәртіпке адал болып отырғаны – мұхиттың арғы бетіндегі глобокоптың (қажет болса, күш қолданып, тәртіп орнатуға қауқары жететін үстем тараптың) арқасы...

Жаһандық полицейдің экономикалық, әскери қуатына пара-пар күшке ие бола алатын жаңа бақталастар да бар (мысалы, Қытай). Ядролық қаруға қол жеткізгендер қатарының да сирейтін түрі жоқ. Қазіргі глобокоп позициясын сақтай алмай, әлсіреп қалатын болса, 2040 немесе 2050-ші жылдарда болуы мүмкін. Үлкен, жойқын соғыстар компьютерлер мен роботтардың қақтығысы емес, ядролық соғыстар сипатында жүруі ықтимал.

Латынның Si vis pacem, para bellum («Бейбітшілік болсын десең – соғысқа дайындал») деген көне нақылы бар емес пе... Адамзаттың тас дәуіріндегі бытыраңқы әрі өзара өшпенді, шағын тайпалар қауымынан – қазіргідей жаһанданған қоғамға дейін жүріп өткен жолында ойлап тапқан жалғыз қуатты, «трансформациялық әдісі» – соғыс екен...

Дайындаған – Ерлан Ысқақов, аудармашы