Януковичтің экс-кеңесшісінің өлтірілуі: күдікті Германияда ұсталды
Испания полициясының мәліметінше, 2025 жылдың мамыр айында Мадрид маңында Украина экс-президенті Виктор Янукович әкімшілігі басшысының орынбасарының бұрынғы кеңесшісі Андрей Портновтың өлтірілуіне күдікті Германияның батысындағы Хайнсберг қаласында (Нидерланд шекарасына жақын) ұсталған.
Операция Германияның арнайы бөлімшесінің қатысуымен жүргізілген.
Испания Ұлттық полициясы 25 ақпанда жасаған мәлімдемесінде күдіктіні Мадрид полиция басқармасының кісі өлтіру істерін тергеу бөлімі қызметкерлері Германия Федералдық қылмыстық істер ведомствосының арнайы жедел тобының көмегімен қолға түсіргенін хабарлады.
Бастапқы тергеу деректеріне сәйкес, ұсталған адам Мадрид маңындағы Посуэло-де-Аларкон қалашығында орналасқан American School of Madrid оқу орнының кіреберісінде оқ атқан күдікті болуы мүмкін. Күдіктінің тұрғылықты жерінде Еуропалық ордер негізінде тінту жүргізілмек. Іс материалдары құпияландырылған, тергеу жалғасып жатыр.
51 жастағы Андрей Портнов 2025 жылғы 21 мамырда Мадрид маңындағы америкалық мектеп жанында атып өлтірілген. Испаниялық БАҚ мәліметінше, шабуыл жасаған адам оны мектеп маңында күтіп, бірнеше рет оқ атып, кейін бой тасалаған.
Андрей Портнов Луганск облысында туған. 2006 жылы Украина Жоғарғы радасына депутат болып сайланған. 2011-2014 жылдары Украина президенті Виктор Януковичтің кеңесшісі және президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарған.
2014 жылдың ақпанында Янукович Украинадан қашып кеткен. 2015 жылы Портнов та елден кеткенімен, 2019 жылы қайта оралып, кейін президент болған Владимир Зеленскийді сайлауда қолдаған. Ресейдің Украинаға басқыншылық соғысы басталған соң Портнов тағы да Украинаны тастап кеткен.
Украинада Портнов бірнеше қылмыстық іс бойынша күдікті болған, оның ішінде Қырымның Ресейге қосылуына ықтимал қатысы үшін «мемлекетке опасыздық» бабы бойынша іс қозғалған. Алайда ол бұл істердің жабылуына қол жеткізген.
Сонымен қатар Украинаға оралғаннан кейін Портновтың өзі экс-президент Петр Порошенкоға қарсы бірнеше қылмыстық іс қозғауға бастамашы болған. Олардың арасында Минск келісімдеріне қол қоюына байланысты Порошенкоға «мемлекетке опасыздық» жасады деген айып та болған.