Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:38, 12 Тамыз 2023

Ясауи кесенесін көгалдандырамыз деп көгертіп алмаймыз ба?

None
None

«Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасы жарияланды. Құжатты Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген және ол 23 тамызға дейін «Ашық НҚА» порталында  талқылауға ұсынылды.

Осындай заң жобасын әзірлеуді былтыр президент Түркістанға жасаған сапары барысында тапсырған.

Біз қызығы, біз бұған дейін Түркістанды түркі әлемінің рухани орталығы ретінде дәріптеп келдік. 2021 жылы Түркітілдес мемлекеттер ынты­мақ­тастығы кеңесінің бейресми саммитінде Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы болып жарияланған. Алайда жоғарыдағы заң жобасында «түркі әлемі», «астана» деген бір ауыз сөз жоқ. Бұл нені білдіреді?  

Заңның бірінші бабында «Түркістан қаласы Қазақстан Республикасының рухани және тарихи орталығы ерекше мәртебесіне ие Түркістан облысының әкімшілік орталығы болып табылады» деп жазылған. Мұндай заң не үшін қажет? Бұл сұраққа заң жобасында түсініктеме берілген. Қасиетті қалаға ерекше мәртебе берудегі мақсат: Түркістан қаласының Қазақстан Республикасының рухани және тарихи орталығы ретіндегі жалпымемлекеттік маңыздылығын тану; Түркістан қаласының тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау басымдығы; Түркістан қаласы экономикасының негізгі драйверлерінің бірі ретінде туризмді дамыту үшін жағдай жасау екен.

Бұдан әрі Түркістан қалалық мәслихатының, Түркістан облысы мен Түркістан қаласы әкімдіктерінің өкілеттіктері жазылған. Бірақ анау айтқандай асып бара жатқан, елден ерек өкілеттікті, артықшылықты көргеніміз жоқ. Бірақ бір байқағанымыз, жергілікті билік Түркістандағы тарихи нысандарды қорғауда бірқатар басымдықтарға ие болатын сияқты.   

 Түркістан облыс орталығы болып, құрылыстың қарқыны қызғалы шырылдап жүрген ғалым, археолог Мұхтар Қожа «Түркістандағы тарихи ескерткіштерді қорғайтын заң, арнайы мәртебе бұған дейін қабылдануы тиіс еді» дейді.

– Сол кезде тарихи ғимараттарды қалпына келтіруде асығыстыққа, бәрін қопарып тастауға жол берілмеген болар еді. Түркістандағы ең басты нысан – Әзірет Сұлтан кесенесі. Бұл жер тарихи, киелі мекен. Оны қазір паркке айналдырып жіберген сияқты. Әртүрлі мүсіндер орнату, көгалдандыру, жаппай ағаш егу қаншалықты қажет еді?! Тәртіп бойынша кесененің айналасында қорғау аймағы бар. Ол жерді Мәдениет министрлігі көгалдандыру үшін жергілікті әкімдікке беріп жіберді. Осы жөнінде алқалы жиындарда айттық. Менің білуімше, ол жер әлі қайтарылған жоқ. Бізге көгалдандыру қымбат па әлде кесене қымбат па? – дейді археолог.

Мұхтар Қожаның ойынша, қазір бірінші кезекте кесененің айналасындағы көгалдандыру жұмыстарын тоқтату қажет. Себебі ғимарат қабырғаларының ылғалдануы тікелей осы көгалдандыруға байланысты. Бұл мәселеге жуырда облыс әкімі Дархан Сатыбалды елордада өткен брифингте арнайы тоқталып, кесенедегі ылғалды анықтау үшін әр бөлмеге арнайы құралдар қойылғанын айтқан. Сондай-ақ кесенеде ғылыми-зерттеу жұмыстарының жүргізіліп жатқанын мұның алдында «Жас Алашқа» берген сұхбатында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Мәулен Садықбеков те айтқан еді. Ал археолог бұлардың бәрі әшейін шығарыпсалма сөз деген ой айтты.

– Бірақ мұндай әңгімелердің айтылып келе жатқанына екі жыл болды. Одан ешқандай нәтиже жоқ. Ал уақыт өтіп жатыр. Жақында кесененің айналасына қамыс өскенін байқадым. Ол жердің қаншалықты ылғалданғаны арнайы құралдарсыз-ақ байқалып тұр, – дейді ғалым.

Бұған дейін және тарихи нысандарды қалпына келтіру жұмыстарына бұл салаға қатысы жоқ адамдар жетекшілік жасады. Олар кәсіби мамандардың кеңесіне құлақ асқан жоқ.

– Күлтөбеде 1 ғасырға тән тарихи орындар ашылды. Қазақстанда бұған дейін мұндай көне орын табылмаған. Мұның құндылығын білетін маман бар ма? Кейбіреулер қайта қалпына келтіруді шлакоблоктан тұрғызу, сыртын лаймен сылап тастау деп түсінетін сияқты, – деді археолог әңгіме барысында.

Түркістанға берілген ерекше мәртебе, арнайы заң қабылдау осы олқылықтарды жоя ала ма?

Тегтер: