Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:02

Ява аралындағы көшкін: 8 адам қаза тауып, 80-нен астамы хабар-ошарсыз кетті

Индонезия
Фото: ашық дереккөз

Индонезияның Ява аралында болған жойқын көшкін салдарынан кемінде сегіз адам қаза тапты, ал 80-нен астам тұрғын әлі де хабар-ошарсыз. 

Бұл туралы Sky News хабарлады.

Табиғи апат сенбі күні Батыс Бандунг ауданында, Батыс Ява провинциясы аумағында тіркелді. Бірнеше күнге созылған нөсер жаңбыр өзендердің арнасынан асуына, топырақтың шайылып, таулы аймақтарда көшкіннің жүруіне себеп болған.

Ең ауыр зардапты Пасир Кунинг елді мекені тартты. Құтқарушылар бұл ауылдан сегіз адамның мәйітін тапты, ал 30-дан астам тұрғын үй лай мен қирандылардың астында қалды.

Индонезияның Табиғи апаттарды басқару жөніндегі ұлттық агенттігінің мәліметінше, іздестіру-құтқару жұмыстары әлі жалғасуда. Қазіргі уақытта 82 адамды іздеу жұмысы жүріп жатыр, ал 24 тұрғын аман қалған.

Пасир Лангу ауылында құтқарушылар мен жергілікті тұрғындар үйінділерді қолмен аршып жатыр. Жолдар, егістік алқаптар мен үйлерді қалың лай, тас және тамырымен жұлынып кеткен ағаштар басып қалған.

Батыс Явадағы табиғи апаттармен күрес басқармасының басшысы Тетен Али Мунгку Энгкуннің айтуынша, төтенше қызметтер апат орын алған сәттен бастап дереу жұмылдырылған. Қайта көшкін жүру қаупі жоғары болғандықтан, маңайдағы елді мекендердің тұрғындары эвакуацияланды. Ол топырақтың әлі де тұрақсыз екені мен жаңбырдың тоқтамауы құтқару жұмыстарына елеулі кедергі келтіріп отырғанын атап өтті.

Билік өкілдері көшкін қаупі бар аймақ тұрғындарын барынша сақ болуға және жер қозғалысы, күмәнді дыбыстар немесе өзге де қауіпті белгілер байқалған жағдайда дереу қауіпсіз жерге көшуге шақырды.

Айта кетейік, бұған дейін Шри-Ланкадағы су тасқыны мен көшкін салдарынан 47 адам қаза тапқаны хабарланған. Ал Индонезияның Суматра аралында болған осындай апаттарда құрбандар саны 442 адамға жеткен.