Ыбырайымның сүйіктісі

– Сонда өзі былай… асқан сұлу ма? Жоқ, жай қазақтың жабайы қыздарының бірі ме?
Аузы жыбырламаса отыра алмайтын Ерқараның тақ осы жерде киіп кетіп, сөзге араласқаны:
– Ата, сіз де қызықсыз.
Қайдағы бір жадағай қызға көз салса, Ыбыш ағаның өзіне обал емес пе? Бүкіл укреплениеге аты шыққан атақты кісі болып жүріп… Қой, ондай емес шығар.
Ыбырайым іні досына жалт қарады да, өзіне тән биязы жымиыспен ақырын ғана езу тартты:
– Енді, былай… жаман емес сияқты. Көңіліме қонады, әйтеуір...
– Көңіліңізге қонса… Қасы-көзі қап-қара, қаса сұлу шығар онда... – деп сұрады Ерқара ентелей түсіп. – Анау көршіміз Айбикенің көзі ботакөз ғой, соған ұқсайтын шығар көздері қарақаттай болып...
— Енді көздері соншалықты қап-қара деп айта алмаймын, Ерқара.
— Онда ол перизат… тегі, аппақ болар? Кәдімгі хор қызындай, а?
— Иә, шағаладай аппақ шығар, – деп қойды Ерғали отағасы Ыбырайымға қырындай бұрылып. – Әй, қаланың аққұба қыздарына көзің үйреніп қалған мырзамыз, шынында да, сондай бойжеткенге тоқталған болар.
Әлденеге қысыла күлімсіреген Ыбырайым баяу ғана бас шайқады:
– Жоқ, ондай да емес.
— Сонда қалай? Қоңырқайлау болғаны ма?
- Жоқ, қоңырқай деп те айта алмас едім.
Әңгіме осы жерге келгенде Ерқара сақылдай күліп жіберді:
– Апыр-ай, Ыбыш аға, – деді өзінен-өзі мәз болып: – Сонда бұл, өзі… бұл шіркінің бір жұмбақ қыз болды ғой. Ата, өзіміз барып көзімізбен көрмесек, тіпті ішегіміз үзілетін түрі бар.
Ыбырайым өзі сыр ашып отырған мына адамдарының түбірлей тергегенінен жалығайын деді ме, ақырын ғана бас изеудің ырымын жасады.
Былайырақ шыққаннан кейін құлағында жаңғырып тұрып алған әлгі әңгіменің сарыны: «Япыр-ай, сонда қалай болғаны? Шынында, ана кісілер айтып отырғандай, қара көз, қара қасты қаса сұлу емес. Ендеше… – деп түйіле келіп, бір тоқталып қалды. – Әкем-ау, осы бір қызға деген көңілім сонда неге елжіреулі? Неге оны көргенде «Әй, мынау осы менің бос көңілімді, аңсаған аңсарымды толтыратын бейне болар. Әй, осы-ақ ежелден ойлап армандап жүргенім» дейтіні қалай? Ойлай беретінім қалай?» «Қызды ұнатып қайттым, маған керегі осы екен-ау» дегеннен-ақ Ерғалилар елеңдесіп қалып еді.
«Баяғы ауылымызға келін болып түскен жеңгеміз Күміскүл қандай еді, – деді Ыбырайым балалық шағына көз жүгіртіп. – Сонда ауылдың бәрі жапырыла, бүкіл Алтыбастың үлкен-кішісі «Әй, қаса сұлудың нағыз өзі ғой. Не деген перизат!» деп таңғалысып, таңдай қағысып еді ғой. Енді қарап отырсам, мен айтып жүрген қыз ондай сұлуларға ұқсамайды. Бүкіл әйелдік қалпы әлгі жырларда айтылатын Қыз Жібек, Баян сыңды арулардың маңайына жоласа, неғыл дерсіз».
«Сонда қалай болғаны?» деген сұрақ қайда барса да, Ыбырайымның соңынан үнсіз ғана ілесіп, біздеңдеп қалар деген не. Оған жауап таба алмай, ойындағысымен қиыстыра алмағаннан бері іштей мазасы да жоқ. Өзінен-өзі қайталай сұраса да, не үшін жақсы көретініне лайықты жауап таба алса неғыл дерсіз.
Оның үстіне анасы Айменмен оңаша әңгімелескенде де айналып соға беретіндері – бойдақ Ыбырайымның жағдайы. Бірі сонау Тобылда, бірі Торғайда жүріп, екеуінің де қабырғаларына батып, уайым қылатыны осы мәселе болып шықты. Екеуінің де сөздерінің ұштасқан тұстары: «Салаң-салаң етіп қашанғы жүре бермек? Қалайда бас құрау керек қой енді!» Айменнің сөзінің түйіні «осы шаруаны енді өзің мойныңа алмасаң болатын емес, қарғам» дегенге сайған. Осыдан кейін ойының түбіне тиянақтап бекіп қалған «қалайда бару керек, анықтауым керек» деген мызғымас шешім.
Сонымен, «Сабақта ине сәтімен» дегендей, шілденің ыстығы қайта бастады-ау деген уақытта Жаппас елі отырған жайлауға екеулеп сапар шегудің сәті түсті.
Көпті көрген әрі арғы-бергі ескі әңгімелерден де, шежіреден де құралақан емес Ерғали отағасының көмейін түртіп қалсаң – шежіре. Ескілікті сөздер мен ескі жырлардың басын шалып қоятыны бар. Ол кісінің кейбір айтқандарын Ыбырайымның қағазға түсіріп алғанша асығып жүретіні де тегін емес.
Аздап ән салатын отағасы, маңайдағы білетін кісілердің айтуынша, жас кезінде қыз-келіншектерге өлең, жыр шығаратын, бірақ желікпейтін, әйелдің бағасын білетін орнықты адам. Өз басы бұл адамның әйел құмарлығын, біреуге көзінің сұғын қадап, тамсана қарағанын аңғарған емес. Есесіне сөзі орнықты, абзал ақсақал болуға қазірден-ақ лайықты ағаларының бірі деп ойлайды.
… Жаппас елі отырған жайлауда бір күн еру болған жолаушылар кері қарай ертеңінде түс қайта бір-ақ аттанды.
Ауылдан былай шығысымен-ақ Ыбырайымның бағып келе жатқаны – аға серігінің қас-қабағы. Оңайшылықпен ішін бере қоймайтын отағасының бет ажарынан бүлк еткен бір бөтен нышанның сызатын байқасашы. Атына тіп-тік отырған қалпы екі көзін көкжиекке қадай түсіп, ақырын ғана желіп келеді. «Апыр-ай, үндемейді… Ұнатпаған болды… Жақтырмағаны. Соны ашып айтпай, маған қалай жеткізерін білмей келеді. Бұл кісі жақтырмады деп, қалай енді бас тартам одан? Қайтсем екен?»
Сынату үшін әдейі алып шыққан серігі үндемеген сайын, көз алдынан жаңағы қыздың бейнесін өткізіп, өзінше бағалауға тырысып, далбасалап қояды.
Сырт пішіні баяғы Әнипаға онша жақындай қоймайды десе де болғандай. Аздап ұқсайтыны – кірпіктері баяу қағылатын үлкендеу қой көздері ғана. Әнипа секілді тығыршықтай толық емес, аяқ-қолы сидиыңқы, ашаң денелі. Ол қыздың дөңгелек жүзін қызыл шырайлы десе жарасар еді, ал бойшаң келген мына бойжеткен ақ сарылау, сопақша жүзді.
Жусанды даланың біраз шақырымын ұтыңқырап тастаса да, аға серігі әлі де үнсіз. Осылайша тымырайып бүлкектей беру жан ауыртар жазамен тең көрінді де, ақыры Ыбырайым өзін бағанадан бері мазалап келе жатқан сұрақты төтесінен қойып қалды: – Ер-аға, «Әкесі өлгенді де естіртеді» деген. Айтсаңызшы, ойыңызды енді бітеу жара қылмай...
Ерғали отағасы бұны жаңа көргендей болып, ажырая қарап қойғаны болмаса, сол қайдағы бір зарлы әуенді ыңылдаған қалпы. Осы үнсіздік ішкі күдігін растай түскендей болды да:
– Өзіңіз көрдіңіз, – деді Ыбырайым жаңағыдан гөрі даусын қатайта сөйлеп. – «Қыз Жібек» жырында айтылғандай, көздері қап-қара болып мөлдіреп тұрған жоқ. Қасы-көзі қиылып, белі де талшыбықтай бұралып тұр десем, тағы өтірік болар еді. Былайша айтқанда… жұрттың аузыңда жүретін сұлу емес. Сізге ұнамаса да...
– Маған ұнамады дейсің бе, шырағым?
– Иә, сізге ұнамаса да… мен осыған тоқтаймын. Не құдіреті барын білмеймін… жоғалтқым келмейді, – деп барып бір тыныстады.
– Құдірет дедің бе? Сонда өзің несіне бола ұнатқаныңды түсінбейтін болып тұрсың-ау, ә?
– Иә… әйтеуір, көңілімнен шығады. Жүрек түбіндегі көрінбес пернелер болады ғой. Соларды әлсіз ғана қозғап қояды. «Сонда онысы қалай?» деп, өзімнен-өзім дал боламын да баяғы. Сіздің лебізіңізді естігенше асығып, шыдамсызданып едім. Оның ақыры мынандай болды, – деп, үмітін үзген адамдай біртүрлі торыға сөйледі. Серігі үшбұрыштанған байсалды жанарын сәл-пәл сығырайтып алып, үлкен ауыздарын кере, есінегендей қимыл жасады.
– Өткендегі ана Ерқара жаманның, – деді Ерғали өзінің немересін еске алып, – қиямпұрыс сұрақтар қойып, қазбалағаны жаныңа батқан-ау. Сабырлы жігітсің ғой, айтайын, – деп, ыңыранғандай болып келді де, шақшасын суырып алып, ердің алдыңғы қасына қағып-қағып жіберді. Насыбаймен ұртын сәл томпайтып алғаннан кейін, қоңырқай даусы сәл өзгеріңкіреп:
— Иә, сұлулық деген не, өзі? Қалай ойлайсың? – деп, Ыбырайымның өзіне қадала сұрақ қойғаны.
– Сұлулық деген ол… енді… сұлулық қой.
– Сұлулық дегеннің не екенін бір білсе, сен білесің ғой деп ойлаушы едім… Бірақ тая соғып кеттің...
– Енді сонда не, аға? – деді мына шалдың әлі ашыла қоймай, қибыжықтай бергенінен көңіліне дүдәмал кіріп. Ауылдан едәуір ұзап, иек астындағы ілініп үлгергендері иен өлке болса да, әлі де екеуара түсіністік орныға алмай келе жатқаны анық еді.
– Бері қарашы, Ыбырай! Мысалы дейік… кішкентай бұтаға үлкен қисық-қисық жапырақтар бітсе жарасар ма еді? Жараспай біртүрлі болып тұрады, ә? Атан өгіздің құлағына күмістен сырға іліп қойсақ ше? Жараспайды, ә? Неге?
Ыбырайымның естілер-естілмес етіп айтқан сөзі құлақ түбіндегі жел уілінен құлаққа әрең жетті:
– Енді… ол… ондай нәрсе үйлеспейді ғой.
– Міне, міне… Тілімнің ұшына келіп, айта алмай тұрған сөзім осы ғой. Иә, иә, үйлесімділік жоқ.
– Үйлесіп тұру керек дейсіз бе?
– Иә, иә… Сонда сұлулық дегеніміз не болды, өзі? Әрине, үйлесім емес пе? Енді бері қарашы өзің. Енді ана бір келіншекті «ауылымыздың сұлуы» десіп отырды ғой бәрі. Нені байқадың оның бойынан?
– Иә, енді, шынында да, сұлу ғой. Нағыз қарақат көз, қара қастының өзі. Беті де, білегі де аппақ.
– Сонда ол саған қалай әсер етті?
– Енді мен ол адамға онша көз тоқтатпадым. Біреудің келіншегіне сұқтанған ұят қой, тіпті.
– Сұқтану міндетті емес. Бірақ қазақ жиі айтатын сұлулықтың белгілері тұр емес пе, ол келіншекте. Енді осы екеуін салыстырып көрейікші.
– Ер-аға, шынын айтқанда, мен сол салыстыру жағын ойламаппын.
– Онда мен айтайын. Қарашы енді, ана мақтаған айтулы сұлудың сүйек бітіміне... Қасы-көзі қап-қара болса да, аузы оймақтай болса да, сұлулыққа келмейтін жері бар.
«Ер-аға да қу екен. Тура жауаптан тайқып, басқа жаққа қарай лағып барады. Менің өзіме айтқызбақшы».
– Ол қандай жері, Ер-аға?
– Бері қарашы, сол сұлу келіншектің мойны қысқа, беті жалпақ. Мұрнының ортасы батыңқы. Оймақ ауыз екені рас. Бірақ сонысы анау жалпақ бетке жарасып тұр ма? Кішкене мұрын, кішкене ауыз қайта беттің жалпақтығын тіпті әйгілеп тұрған жоқ па? Бетінің бәрі еттен тұратын сияқты. Көбінесе сұлуларды айтқанда, «оймақ ауыз, «жұқа ерін», «пісте мұрын» деп жатамыз ғой. Есіңде болсын, бұл айтылғандар сопақтау бетке ғана үйлеседі. Адамның беті жалпақ болса, сыны бұзылады олардың.
– Ойбай, Ер-аға. Әбден сүмірейттіңіз ғой. Ана біздің Ерқарамыз естімесін мұныңызды...
– Ал мына қызымыз… – деп, отағасы негізгі әңгімеге қарай қайта қайырылған кезде Ыбырайымның жүрегі әлдеқайда безе қашқан асау аттай атқақтай соғып ала жөнелді:
«Оны да сүмірейтетін болды».
– Мынау қызымыз… көрсетемін деп алып келгенің тіпті басқаша ғой. Қасы-көзі жұрт айтатындай қап-қара емес. Бірақ адамға жаман көрінбейді, неге? Әр өсімдіктің, әр жануардың, тіпті әр нәрсенің сұлулығы неде? Өзің айтқандай, тағы да нықтап қояйыншы, үйлесімді болуында. Бірден-ақ аңғардым, бұл баланың бойында сол үйлесімділік бар екен. Қарашы өзің, қас пен көздің бітімі бір-біріне қалай сәйкес келген? Көздері үлкендеу, қой көзді.
– Солай! – деді Ыбырайым басын шұлғып. Отағасының түпкі ойын қалай қарай иіп әкеле жатқанына іші лезде жылып қоя берсін. – Қазақ қыздарының көбінде кездесе бермейтін қыр мұрын. Енді өзің аса елбірей бермей, жүрек тоқтатып қарашы. Беті мен көздерінің, ауыз бітімі, құлақ бітімі суреттегідей бір-біріне үйлесіп тұр. Артық та, кем де емес. Соның өзі ана Ерқара айтқан қарлығаштың қанатындай қара қасты да, оймақ ауызды да, пісте мұрынды да қажет етіп тұрған жоқ. Тіпті сағақты мойынға қарамайсың ба? Ана сұлу деген келіншектің мойны қысқа дедім ғой. Бойы қазақтың көп қызынан гөрі биік, сұңғақ, – деп, Ерекең одан арман қарай сілтей түсті: – Тіпті сенен де қалқынқы ма деймін. Қазақ қыздарының кейбіреуінің бастары үлкен болып, есесіне бойлары аласалау келеді. Сирақтарының арасы сәл қисықтау болып жатады ғой.
Тұла бойындағы сүйек бітімін қарашы енді. Екі иығы өте тар да, кең де емес. Мойны сағақты, ана келіншектікі сияқты тығылып тұрған жоқ. Сыртынан қарағанда-ақ сымбатты мүсіні менмұндалап тұр емес пе?! Аяқтарының қисық емес, түзу екені, жуан да, жіңішке де емес екені сезіледі. Әлдекімдердей былқылдап жүрмейді. Денесі тік болғаннан кейін аяғын сәл қаздаңдап басады. Онысы да жарасып тұр, – деген кезде жігіттің қуаныштан көз алды буалдырлана бастады. – Тек бір көргенге жауырын бітімі сәл ғана кеңдеу. Бірақ оның зияны жоқ. Есесіне жауырынның, иықтың кеңдігі мен мықынның кеңдігі бірдей. Міне, үйлесіп келген деген осы.
Ал енді анау мақтаған келіншекті қарашы… Иығы кең де, бөксесі болса шөмейген шағын. Онысы жарасып тұр ма, ал, айтшы. Көздері қап-қара екені рас. Бірақ тым кішкентай, мына сенікінен де кіші, сығырайып қалған. Жұрт қалай мақтаса да, нағыз сұлу деп айта алмас едім.
– Бері қарашы, сонымен, – деді Ерекең Ыбырайымға бұрыла қарап. Мына қыздың сені тартып тұрғаны… – Қайтер екен дегендей серігіне үшбұрышты көзінің қиығын бір салып қойды. – Сол үйлесімділігі, жарау аттай сүйек бітімі екен. Бет пішінінің де, аяқ-қолының да бір-біріне соншалықты жарасып тұрғаны екен.
Осы жерге келгенде басы айналғандай болған жігіт одан арғы сөздерді дұрыстап ұға да алған жоқ. Әйтеуір, құлағы күңгір-күңгір бірдеңе: «Мұндай кемел бітім сенің ғана емес, біздің елдің де олжасы болмақ, айналайын. Тұқымың да жақсы болып жаратылады. Мінезі біртоға, енді ол жағын өзің білесің», – деп екпіндетіп келді де, Ерғали ағасы бір-ақ тыныстады.
Манадан бергі қобалжуы жайына қалып, енді осынша мол қуаныштан, қуаныш тасқынынан Ыбырайымның екі құлағы шыңылдап, аздап басы да айналып кеткендей болды. «Мына Ер-ағаң үндемей жүріп әйел адамның сынын қандай дәл айтады десеңші».
– Ой, аға! Мен шеше алмай жүрген жұмбақты шешіп, мен тани алмай жүрген… құдіретті анықтап бердіңіз. Алланың сүйікті құлы бола беріңіз дегеннен басқа сөз аузыма түспей тұр, тіпті...
– Өзі сондай сабырлы да ұстамды бала сияқты. Тәрбие әбден сіңгені көрініп тұр, – деген кезде Ыбырайымның қызға деген сенімін одан арман бабына келтіріп, әбден тиянақтап тастағандай болды. – Батамды бердім, қарағым. Саған әбден лайықты жан. Алла екеуіңді бақытты қылсын!..
«Мына Торғай аймағынан аттап шықпаған жайдақ шалыңның әлгі тұжырымы не деген дәл еді. Қалай бейнелеп келтіреді, ә? Қандай аңғарымпаз, тиянақты жан десеңші. Ел ішінде жүрген осындай ағаларымызды бағалай да алмаймыз-ау, осы».
Бірақ сол қуанышқа бөккен сәттерінде болмашы күбірлегенімен, бұл сөзінің сыртқа шыққаны елге келгеннен кейін ғана. Ретіне қарай жастарға ақыл айтқан кездерде жалаулатып адамның талғамын кеңейтетін Ерғали ағаның тұжырымды лебізін сол қалпыңда көлденең тарта сөйлеуге дағдыланды.
– Аға, болды, болды! Қолмен қойғандай қылып жеткізе айттыңыз. Көңілімдегі дүдәмал қалған жоқ. Ашығын айтайыншы, аға. Енді менің көз алдымда… көз алдымда осы қыздың бейнесі тіпті асқақтап кетті...
«Ойпыр-ай! – деді Ыбырайым оңаша қалып, жамбастап жатқан уақытында. – Менің білемін дегенім асылық екен-ау. Талай кітапты оқыған, қазақтың ғана емес, Орынбор сияқты үлкен шаһардағы орыстың, татардың, т.б. халықтардың қыздарын көріп, қазақтыкімен салыстырып өскен мен жайыма қалдым ғой. Әлдеқайда аңғарлы екен Ерғали аға. Сонша бәрін көріп жүріп, менің білуім керек еді ғой қайта...»