Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:10

YouTube белгілі журналист Лұқпан Ахмедьяровтың арнасын өшіріп тастады

Лұқпан Ахмедьяров
Фото: ашық дереккөз

Белгілі журналист Лұқпан Ахмедьяров YouTube платформасындағы «Просто журналистика» атты арнасының жойылғанын хабарлады. Бұл туралы ол өзінің Facebook парақшасында арнайы видео жариялап, жағдайдың мән-жайын түсіндірді.

Ахмедьяровтың айтуынша, кейінгі апта ішінде арнаға кибершабуылдар жасалған. Бастапқыда бұл шабуылдарды сәтті тойтарғанымен, кейін шабуылдаушылар басқа әдіс қолданған.

«Олар біздің YouTube-та қолданған рилс видеолардағы тегін музыкаларды пайдаланып, өз арналарын құрған. Сол арна арқылы әлгі музыканы бірінші жүктеп, авторлық құқықты өз аттарына рәсімдеп алған. Содан кейін біздің үш видеомызға шағым түсіріп, YouTube бізге үш страйк беріп, арнаны толық жойып жіберді», – деді журналист.

Жағымсыз жайттардың мұнымен шектелмегенін айтқан Ахмедьяров, шағым түсірген арнаның өзі кейін YouTube платформасынан жойылғанын мәлім етті.

Бұл – «Просто журналистика» жобасына жасалған алғашқы соққы емес. Бұған дейін, 7 шілде күні журналист Instagram желісіндегі жобаның ресми аккаунтының да жойылғанын хабарлаған еді. Кейінірек профиль қайта қалпына келтірілген.

Ахмедьяровтың «Просто журналистика» жобасы – тәуелсіз журналистиканың үлгісін көрсетіп жүрген платформалардың бірі болатын. Онда елдегі әлеуметтік, саяси және құқықтық мәселелерге қатысты сараптамалық бейнематериалдар мен сұхбаттар тұрақты түрде жарияланып келген.