Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:47, 30 Қыркүйек 2025

YouTube Трамп аккаунтын бұғаттағаны үшін бірнеше миллион төлейді

Трамп
Фото: ашық дереккөз

YouTube Трамптың  талап-арызын реттеу үшін 24,5 миллион доллар өтемақы төлеуге келісті. Бұл туралы Associated Press агенттігі 30 қыркүйекте хабарлады.

Трамптың YouTube-ке қарсы соты оның 2021 жылғы 6 қаңтардағы Капитолий оқиғасынан кейін аккаунты уақытша бұғатталғанына байланысты қозғалған. Ол мұны заңсыз цензура деп атап, Facebook пен Twitter-ге де осындай талап-арыздар берген болатын.

Сол кезде Трамптың Facebook, Instagram, YouTube және Twitter парақшалары бұзақылықты «қолдап отырды» деген уәжбен бұғатталған еді. Әлеуметтік желілердің басшылығы экс-президенттің мәлімдемелері бүлікті одан әрі өршітті деп шешкен.

Өтемақы қалай бөлінеді?

Келісімге сәйкес, 22 миллион доллар Trust for the National Mall ұйымына аударылып, Ақ үйде жаңа бальный зал салуға жұмсалады. Қалған 2,5 миллион доллар істің басқа қатысушыларына — жазушы Наоми Вульф пен Америкалық консервативтік одаққа бөлінеді.

Технологиялық алпауыттарға қарсы істер

Alphabet компаниясына тиесілі YouTube — Трамппен сот дау-дамайын келісіммен жапқан үшінші ірі IT-корпорация. Бұған дейін:

  • Meta Platforms (Facebook) – 25 млн доллар өтемақы төлеуге келіскен;

  • X (Twitter) – 10 млн доллар төлеу арқылы істі жапқан.

Осылайша, Трамп пен технологиялық алпауыттар арасындағы ұзаққа созылған тартыс біртіндеп келісімдер арқылы аяқталып келеді. Дегенмен, бұл жағдай АҚШ-тағы сөз бостандығы мен әлеуметтік желілердің жауапкершілігі жөніндегі пікірталасты тоқтатқан жоқ.