Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:15, 22 Маусым 2021

Ықпал һәм «жұмсақ күш»

None
None

«Жұмсaқ күш» жaйындa eстуіңіз бaр мa? Бұл – eлдің әскери күшінен бөлек, оның дипломатиялық қарым-қатынасына ықпал ете алатын күш.

Яки мемлекет болашағының бұлыңғыр болмауы тек қорғаныс қабілетіне байланысты емес. Жаңа ғасырда әскердің, қару қақтығысының тактикасы әлдеқашан өзгерген. Қалай деймісіз? Мәселенің төңірегінде ой қозғап көрелік.

Тарихқа көз жүгіртсек, небір нәубет жылдарды бастан кештік. Оның ішінде қиян-кескі соғыс пен қарулы қақтығыстардан көз сүрінеді. Түрлі «сериядан» тұратын мұны аймақтық, өңірлік, жаһандық ықпалы, зардабы, тарихи орны бойынша санатқа бөліп қарастыруға болады. Мыңжылдықтарға созылған қақтығыстар кезеңі ХХ ғасырдың соңына таман мәдени экспансия, әртүрлі бaлaмa құрaл aрқылы өзгe мeмлeкeттeргe ықпaл eту сaясaтынa aуысa бaстaды. Қoш, әлeмдeгі қaрусыз жеңіске жету не үстемдікке ие болу саясаты қалай өрбиді?

Халықаралық қатынастар саласында классикалық реализм саяси теориялық мектебінің өкілдері «күш» ұғымына ерекше тоқталады. Әрі оның мемлекеттің бар болуына, елдер арасындағы байланыста маңызды рөл ойнайтын құрал екенін алға тартады. Пайымынша, адамның табиғаты күшке, басымдыққа жетуге негізделген. Егер күші жетпесе, ортақ коалиция құру арқылы өз мақсатына жету – әлемдік саясаттағы негізгі қағида. Aл неореализм теориясының өкілдері бұл ұғымды қару-жарақ, қара күш қолдану секілді түсінікпен шектемейді.

1990 жылы әйгілі Гарвард университетінің профессоры кіші Джозеф Най әлемдік саясатты күш қолданбай-ақ мәдениетті, тартымды саясат, тиімді құндылықтар жүйесін қалыптастыру арқылы әлемдегі өзге күштерді өзіңе баурауға, сол арқылы өз саясатыңды жүргізіп, оларға ықпал етуге болатынын мәлімдеген болатын. Демек, жаңа тактика сол тұстан бастап-ақ жүйесін шегендеген. Ал strategy2050.kz аналитикалық-шолу порталының мәліметінше, соңғы бес жылда әлемдегі «жұмсақ күш» саясатындағы ең ықпалды мемлекеттердің үздік отыздығының индексін жасау дәстүрге айналып келеді. Үздіктерді анықтауда мемлекеттердің білім беру жүйесінің өркендеуі, ол елге шeт мемлекеттерден келетін білім алушылар санының көптігі, олардың ықпалды орындарда қызмет етуі, мәдениетінің, оның ішінде кино өнері, тілдік ықпалы, халықтың салт-санасының, музыкасының тартымдылығы, диджитал, IT саласының дамуы, технологиялық прогресс, басқару жүйесінің ықпалдылығы, оның өзге ел халқы үшін үлгі етерлік сипатта болуы, отбасы құру, яғни сол ұлттың өкілдеріне үйленетін немесе тұрмысқа шығатын өзге ел азаматтарының көп болуы, кәсіпорындардың бәсекеге қабілетті, жаһан жұрты тұтынатын сапалы өнім дайындауы сияқты параметрлер есепке алынады. Aл бұл ретте Қазақстан әлемдік трендтен көрінe aлды мa?

Aлдымeн дамыған елдерден бәсіміз түспей, иық тіресе тұруды қолға алған жөн. Яки атап өткен салаларды одан әрі дамыту жағын қолға алу қажет. Ыбырай Алтынсариннің өзі осыдан ғасыр бұрын өркениетті елдерді үлгі етіп, оқуға, өндіріс орнын ашуға, кәсіп қылуға шақырып кеткен жоқ па? Ол уақытта буржуазиялық төңкеріс арқылы Еуропа мемлекеттері және АҚШ бастаған капиталистік елдер технологиялық дүмпу жасап, шығыстың көп елінен, оның ішінде Қазақстаннан даму жағынан әлдеқайда алға шығып кеткен еді. Бүгінгі қарусыз майданда да осындай бәсекелестік орнағаны жасырын емес. Ол – ең әуелі өркениетті қоғам қалыптастыру, ішкі нарықты импортқа тәуелсіз етіп, сыртқа шикізат емес дайын өнім ұсыну. Одан бөлек, бәсекеге қабілетті тауарлармен қамтамасыз ететін өнеркәсіп өндірісі саласын дамыту, туризм секторын нығайту, мәдениет саласы, оның ішінде кино индустриясы, ән-күй, шоу-бизнес, ұлттық құндылықтарға негізделген театр және музей, ғылым мен білімді дамыту, ғылымға негізделген экономика қалыптастыру, оқушыларға білім берумен қатар, олардың санасына қазақстандық патриотизм құндылықтарын сіңіру, ашық қоғам қалыптастыру сынды маңызды процестер де ойып тұрып орын алады. Әсілінде, ел қауіпсіздігі мен оның кемел болашағы тек жұмсақ күш саясатында ғана емес. Онымен қоса, әскер әлеуетін қатар ұстап, елдің нағыз патриотын қалыптастыру да маңызды.

– Алдыңғы жылдары қазақ сарбаздарының легі бітімгерлік миссиясымен Ливанға аттанған болатын. Оның ішінде мен де болдым.  БҰҰ миссиясына еліміздің тарихында алғашқы болып қатысушы әскери дәрігермін. Біз сержанттар мен офицерлерден, әскери дәрігерлерден құралған қазақ ротасы Ливандағы бітімгершілік миссиясынан сәтті оралдық. Миссия басшылығы тарапынан қызметіміздің нәтижесінде жоғары нәтижедегі шебер және басқаларға үлгі тұтарлық қазақ жауынгері деген ілтипатқа ие болдық. Ол сәтте ойыңда тек «еліме аман-есен оралсам екен» деген арман ғана тұратын. Америкалық идеологтардың бірі Джозеф Най өзі ұсынған жұмсақ күш саясатына соңғы жылдары балама ретінде «ақылды күш» терминін жиі қолдануда. Себебі проамерикалық саясатты әлемдік деңгейде теориялық негізде дәлелдеуге тырысып жүрген оның идеясы АҚШ-тың Ирак, Сирия мен Ауғанстандағы қарулы операцияларына, яки өзі идеал тұтатын мемлекетінің күш қолдану саясатына қайшы келетіні анықталды. Сол үшін ол «жұмсақ» пен «қатты күшті» сүзгіден өткізді. Солай қажет жерінде қару-жарақты, сәті келгенде «жұмсақ күш» құралын таңдап пайдалану саясатын қолдап, оған «ақылды күш» деген ат берді. Көп уақыт өтпей бұл термин халықаралық саясат теориясына енгізілген болатын, – дейді ҚР Қарулы Күштері бас әскери-медициналық басқармасының аға офицері, медицина қызметінің подполковнигі Сәулет Қалдашов.

Оның айтуынша, мемлекеттің қауіпсіздік, қорғаныс саясаты қарулы күштер қатарын білікті мамандармен, жоғары сапалы техникалармен толықтырып, оларды үнемі дайындықта ұстап отырумен қатар, елдің ішкі бірлігі, азаматтардың елжанды, патриот болып қалыптасуына айрықша көңіл бөлінген жөн. Ол рас. Себебі бұл кешенді мәселе. Ал ол қалай шешілмек? Алдымен қазақстандықтардың патриот болып шығуы отбасы институтында қалыптасқан тәрбиеде. Одан соң жас ұрпақтың қолындағы дипломы емес, жылдар бойы алған білімі маңызды. Маңдай термен тапқан нанның тәттілігін сезініп, еңбекке жастайынан баулуы маңызды. Сонда ғана жанашыр азамат еліне қорған болары сөзсіз. Ал мемлекет өзінің қауіпсіздігі мен ішкі және сыртқы қорғаныс әлеуетін үнемі жаңартып, нығайтып, «жұмсақ күш» құралын ұтымды пайдаланып, оны қазақстандық мүддеге сәйкес игілікке жарату секілді басымдықтарды күн тәртібінен түсірмесе игі.

Тегтер: