Юлия Навальная күйеуінің ісін жалғастыратынын мәлімдеді
– Үш күн бұрын Владимир Путин менің күйеуім Алексей Навальныйды өлтірді. Путин менің балаларымның әкесін өлтірді. Путин менің ең сүйікті, ең қымбат адамымнан айырды. Бұған қоса, Путин сіздерді Навальныйдан айырды... Путин Алексей Навальный деген адамды ғана өлтірген жоқ, ол сонымен бірге біздің үмітімізді өлтіргісі келді, – деді Юлия Навальная.
Юлия Навальная алдағы уақытта Алексей Навальныйдың ісін жалғастаратынын мәлімдеді.
– Біз үш күн бұрын Путин Алексейді не себепті өлтіргенін білеміз. Біз жақында ол туралы айтамыз. Біз ол қылмысты кім және қалай жасағанын міндетті түрде анықтаймыз. Біз олардың тегін тектеп, түрін көрсетеміз. Біз Алексей үшін және өзіміз үшін бұрынғыдан да екпінді күресетін боламыз, – деді ол.
Еске салайық, 16 ақпанда ресейлік оппозиционер Алексей Навальный Ямалдағы №3 «Полярный волк» түзеу колониясында қаза болды. Оның өлімі жайлы ақпарат шыққаннан кейін, кейбір дереккөздер Навальныйдың қаны ұйып қайтыс болғанын жеткізді. Ақпараттық кеңістікте өліміне қатысты басқа да нұсқалар пайда болды. Саясаткердің өліміне төрт күн өтсе де, туыстары Алексей Навальныйдың денесін әлі алмаған.