Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:47

Юлия Навальная күйеуінің улануы туралы деректерді жариялауға шақырды

Юлия Навальная
Фото: : Алексей Тодосько

Ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың жесірі Юлия Навальная Батыс зертханаларын оның күйеуінің қандай умен уланғанын ашық жариялауға шақырды. Ол бұл туралы ол Telegram-арнасында мәлімдеді.

«Біз бәріміз бұл ақиқатты білуге тиіспіз»

Навальнаяның сөзінше, 2024 жылдың ақпанында Алексей Навальныйдың биологиялық үлгілерін шетелге жеткізіп, бірқатар Батыс елдерінің зертханаларына тапсыруға мүмкіндік болған. Кейін екі елдің зертханалары бір-бірінен тәуелсіз зерттеу жүргізіп, саясаткердің уланғанын растаған.

«Біз бірнеше ай бұрын нәтижелердің алынғанын білдік. Бірақ саяси себептер мен өзге де жағдайларға байланысты ресми қорытындыларды қолымызға бере алмай отыр. Онда нақты қандай у қолданылғаны көрсетілуі тиіс еді. Бірақ біз бәріміз бұл шындықты білуге лайықпыз. Мен осы деректердің жариялануын талап етемін – өзім үшін, балаларым үшін, Алексейдің ата-анасы үшін, біздің жақтастарымыз үшін және бүкіл әлемде бостандық пен әділдік үшін күресіп жүрген адамдар үшін», - деді Юлия Навальная.

Оның айтуынша, Батыс елдерінің ресми қылмыстық іс қозғауға заңдық негізі жоқ, өйткені Ресей азаматы өз елінің аумағында өлтірілген және негізгі айғақтар да сонда қалып отыр.

Навальныйдың улануы мен қазасы

Алексей Навальный алғаш рет 2020 жылдың тамызында Томск–Мәскеу рейсінде есінен танып, шұғыл Омскіге қонған. Кейін ол Берлиндегі «Шарите» клиникасына жеткізілген. Германияның әскери зертханасы саясаткер ағзасынан «Новичок» тобына жататын жүйке-паралитикалық заттың іздерін анықтаған. Бұған ұқсас нәтижегені Швеция мен Франция зертханалары, сондай-ақ Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым  мамандары да анықтаған.

2021 жылдың қаңтарында Навальный Ресейге оралып, бірден қамауға алынды. Ол ұзақ мерзімге сотталып, Сібірдегі колонияда жазасын өтеп жатқан. Саясаткерге билік тарапынан қысым көрсетілгені туралы бірнеше рет хабарланған. 2024 жылдың 16 ақпанында оппозиционер сол колонияда қаза тапты.