Юлия Навальная Ресейде «террористер мен экстремистер» тізіміне енді
Росфинмониторинг Юлия Навальнаяны «террористер мен экстремистер» тізіміне енгізді. Бұл туралы Meduza агенттігі хабарлады.
Бұған дейін 9 шілдеде ресейлік оппозиция жетекшісінің жесіріне «экстремистік қоғамдастыққа» қатысты деген айып тағылғаны белгілі болды (Қылмыстық кодекстің 282.1-бабының 2-бөлігі). Навальная Ресейде федералды іздеуде болды. Сонымен бірге Мәскеудің Басманный соты оны сырттай қамауға алды.
«О, Құдай, мен бір сағат бойы телефонымды ашпадым. Осы сағат ішінде террористке айналып үлгердім. Күйеуін өлтіріп, әйелін террорист ретінде тіркейтін - әдеттегі Путин», - деп жазды Навальная твиттер әлеуметтік желісінде оның «террористер мен экстремистер» тізіміне енуі туралы жаңалықтарға түсініктеме беріп.
Интерфакс дереккөзінің мәлімдеуінше, тергеу Навальнаяны «интернетте билік өкілдерінің беделін түсіруге бағытталған бейнероликтер жасап, таратқаны және ФБК (жемқорлыққа қарсы күрес ұйымы) үшін қайырымдылық жинады» деп айыптап отыр.
Оппозициялық саясаткер Алексей Навальный мен оның серіктеріне қарсы «экстремистік қоғамдастықтың» ісі 2021 жылдың қыркүйегінде ашылған. Бұл іс бойынша ұсталған бірінші адам Навальныйдың Уфадағы штабының бұрынғы басшысы Лилия Чанышева болды. Нәтижесінде ол тоғыз жарым жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұл іс үшін Навальный ерекше режимдегі колонияда 19 жыл жазасын өтеп, кейін Ямало-Ненецк автономиялық округіндегі Харп ауылындағы колонияға ауыстырылып, сол жерде қайтыс болды. Ол қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай Юлия Навальная күйеуінің жұмысын жалғастыратынын мәлімдеді. Қазір ол Ресейден тыс жерде тұрады.
Сондай-ақ бұл іс бойынша саясаткердің Томскідегі штаб-пәтерінің бұрынғы басшысы Ксения Фадеева мен Навальный Live YouTube арнасының бұрынғы техникалық директоры Даниэль Холодный да сотталды. Навальныймен ұзақ жылдар жұмыс істеген адвокаттар да қылмыстық қудалауға ұшырады: Вадим Кобзев, Алексей Липцер және Игорь Сергунин тергеу изоляторына жіберілді, Ресейден кеткен Ольга Михайлова мен Александр Федулов сырттай қамауға алынды.