ЮНЕСКО қорғауындағы мұралар
Халқымыз үшін сан ғасырдан бері келе жатқан ұлттық мұра мен тарихи жәдігердің орны ерекше.
Сондықтан ата-бабалар аманат еткен құнды дүниелерді көздің қарашығындай сақтап, келешек ұрпаққа ұғындыру осы күннің маңызды міндеті. Себебі тарихын білмеген ұлттардың болашағы бұлыңғыр болатыны да ақиқат. Ал қазақ халқының әлем тарихшыларының таңдайын қақтырып, шетелдік туристердің көптеп келуіне себепші болып отырған тарихи нысандарымыз да аз емес. Олардың біразы әлемдік мұра қатарына кіргізілді де.
Бүгінгі күні ЮНЕСКО қорғауындағы мәдени мұралар тізімінде еліміздің бірқатар тарихи нысаны бар. Атап айтсақ, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Алматы облысындағы Тамғалы петроглифтер кешені, Сарыарқа – Солтүстік Қазақстан даласы мен көлдері. Сондай-ақ 2014 жылдан бері бұл тізімге Тянь-Шаньдағы Ұлы Жібек жолының нысандары енген болатын-ды. Мәселен, Қаялық, Қарамерген, Талғар, Ақтөбе, Ақыртас, Құлан, Қостөбе, Өрнек қалашықтары қазір әлемдік мұралардың тізіміне жатады.
Түркістан қаласындағы XIV ғасырдың соңында тұрғызылған архитектуралық ғимарат Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бүгінде мұсылмандардың жаппай тәуеп ету орнына айналды. Тарихшылардың айтуынша, орта ғасырларда бой көтерген ең керемет сәулет өнерінің бірі саналатын кесенеде қазақтың 21 ханы жерленген екен. Күмбезді кесенеде түрлі мақсатқа арналған 35 бөлме салынған. Айтпақшы, археологтар бұл жерден тапқан ерекше олжалардың бірі – керамикалық цех орны. Бұл ата-бабаларымыздың ежелден бері өндіріс көздерін игергендігі мен өндіріс технологияларын жасап, кеңінен қолданғандығын айғақтай түсті. Бұл біздің елде алғаш рет анықталған цех орны. Мамандардың айтуынша, бұл жерде ыдыс-аяқ пен құрылыс кірпіштерін күйдіретін үлкен көлемдегі кешенді цех болған. Сондай-ақ көне шахристаннан табылған кішігірім монша құрылысы да бірнеше бөлмеден тұрады. Су резервуары секілді сардоба да жақсы сақталған. Құрылыстан бөлек, қызметкерлері үшін арнайы бөлмелер, емдік қасиеті бар тұнбалар дайындайтын арнайы ыдыс та сақталған.
Айта кетейік, соңғы жылдары Ясауи кесенесі мен Жеті ата қақпасына дейінгі магистральды көшеде түрлі зерттеу жұмыстары жүргізілді. Мәселен, 620 метрді құрайтын бас көшенің бойында қазылған 170 метр аумақтың, ені 25 метрден тұратын 70 метр жері және қалған бөлігіндегі ені 5 метр тұратын жерлері зерттеліп, хан мешіті жанынан хандардың жеке намаз оқитын махсура бөлмесі мен әскери мұнаралар, мешіт мұнаралары мен қонақ қабылдайтын мәлзел бөлмесі анықталған. Бұл құрылыстарды тарихшылар «XV-XVI ғасырларға тиесілі», деп санайды. Жалпы, Түркістан аумағында өмір сүрген көшпенділер өмірі әлі де зерттеліп жатыр. Тіпті осы күні көне дәуірдегі адамдардың тұрмыс-салты мен қолданған бұйымдары әлемдік тарих үшін бағалы бола түсті.
Тарих ғылымының докторы, археолог Мұхтар Қожаның пікіріне сүйенсек, әдетте, алтыннан жасалған жәдігерлер қаланың ішінде емес, сырттағы обалардан табылған. Күлтөбеден табылған сирек кездесетін жәдігердің де ерекшелігі осында көрінеді.
«Мұның жасалу үлгісі сақ дәуірінде басқаша болған, қосымша тастарды әшекейлеп бетіне жапсыру болмаған. Бұл ғұн, сармат кезеңдеріне тән, II-III ғасырларға тән алтын қатарын толықтырып тұр. Әрбір жәдігер ата-тегіміз бен салт-дәстүр, ғұрпымыздан хабар береді», – дейді тарихшы.
Мамандардың сөзінше, тарихтың талай жұмбағы сақталған кесененің таңғажайып сырлары әлі алда. Болашақта жүргізілетін зерттеу жұмыстары тарихи жәдігерлердің ашыла түсеріне себеп болары ақиқат.
«Әзірет Сұлтан пантеоны тарихта өте сирек кездесетін құбылыс. Табиғи жолмен пантеонға айналған Англиядағы Аббат Вест министрлігі ғана онымен шендесе алады. Париждегі немесе Кремльдегі пантеондар сакральдік тұрғыдан бәсі төмен. Пантеонның ішкі мәні ғайыппен ұласып жатпаған соң, адамның жүрегін соншалықты қозғамайды. Әзірет Сұлтан кесенесінде көне түркі мәдениеті мен ислам өркениетінің тоғысқан бекетін көресің. Кеудең мәнге толып, адам рухының мәңгілік сипатын жан-жүрегіңмен сезініп қайтасың», – дейтін тарихшы Мұхтар Қожаның сөзінен ұққанымыз, киелі жәдігердің сақталуы да саяси тұрақтылықтың кепілі бола алады.
Ал 2008 жылы табиғи мұраларды қорғау жөніндегі талапқа сәйкес, әлемдік қорғауға алынған Сарыарқа – Солтүстік Қазақстан даласы мен көлдері Қазақстан ғана емес, Орта Азиядағы Әлемдік мұра тізіміне бірінші болып енген табиғи нысан. Бұл Қазақстанның далалық аймағында орналасқан жалпы ауданы 450344 шаршы шақырымды құрайтын екі қорықтан тұрады. Атап айтқанда, Қорғалжын және Наурызым қорығы. Тұщы және ащы сулы екі өзені солтүстіктегі Арктикаға және оңтүстіктегі Арал-Ертіс бассейніне құяды. Жыл сайын Африка, Үндістан және Оңтүстік Еуропадан Батыс және Шығысқа ұшатын жыл құстары үшін аялдау орнына айналған. Қорыққа жүздеген мың арктика қаздары, үйректері, тырналары көктем мен күзде көлге ұшып келеді. Олардың арасында жойылып бара жатқан түрлері бар. Сол себептен тоғыз жыл бойы жыртқыш құстар бойынша маман, орнитолог, танымал орнитологиялық орталық AVIARY бағдарламасының директоры Тодд Катцнер Наурызымдағы жыртқыш құстарды зерттегенде, әлемдегі ең көп жыртқыш құстардың тығыздығы осында екенін айтқан еді. Шамамен, бұл өлкеде қазіргі күні бүркіттердің 30 жұбы мекен етеді. Әлемді назарына іліктірген Наурызым қорығы бұл ғана емес, қарағай ормандардың ғажайып сұлулығымен ерекшеленеді. Қорықтың эмблемасы ықылым заманнан бері аққу болып саналады. Сонымен бірге әлемнің ешбір жерінде кездеспейтін қырғыз аққайыңдарын да осында кездестіруге болады.
Жалпы, Наурызым қорығы тұрақты зерттеулер жүргізіліп келе жатқан өңірдің бірі. Соңғы жылдары шетел ғалымдары қорықтың бірегей табиғатын зерттеуге үлкен қызығушылық танытып келеді. Табиғи мұра болып танылмай тұрғанға дейін Наурызым қорығы орман шаруашылығына айналып, ондағы ағаштар аяусыз кесілген болатын. Кейін, тіпті қорықтық-аңшылық шаруашылығы болып, жан-жануарлар өміріне қауіп төне бастады. Сұмдығы сол, қорық табиғи орманды жалмап өткен үлкен өртті де, жоғарыдан түсірілген шөп шабу жоспарларын да, жиырма жылға созылған қарағайлардың өнеркәсіп мақсатына қолдан отырғызу науқандарына да жұмыс істеді. Салдарынан, табиғи орман өскен алқаптар көлемі азайып кеткен еді. Экологтардың дабылынан кейін ғана қорық аумағында химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге тыйым салынды. Шөп шабу тоқтатылып, браконьерлермен күрес басталды. Артынша, «Наурызым» атты қоғамдық-экологиялық бірлестік құрылып, оның атынан хаттар жазылып, басшылар алдында проблемалық мәселелер қойылды. Осылайша, қорық аумағын кеңейту талап етілді. Соның арқасында ғана 2004 жылы үкіметтің Наурызым қорығын 103 мың гектарға кеңейту туралы қаулысы қабылданды. Қаржыландыру жұмыстары жақсарды, күзет күшейтілді, ғылыми жұмыстар жүргізіле бастады. Тұмса табиғатымен талайды сүйсіндіріп келе жатқан қорықтың тарихи-мәдени орындары да баршылық. Бір әттегенайы, осы артықшылықтарды жарнамалау жағы жетіспей келеді. Егер Швецарияның табиғатын мың орап алатын осындай келісті де келбетті мекенді аялап қана қоймай, отандық туризмді дамыта алсақ, ел экономикасына да орасан пайда әкелер едік.