Z-блогерлер: Ресей армиясы Купянскідегі бақылауды жоғалтты
Z-блогерлер мен әскери Telegram-арналар Украина Қарулы күштерінің (УҚК) Харьков облысындағы Купянск қаласы үстінен бақылауды қайта қалпына келтіргенін мәлімдеп жатыр. Олардың дерегінше, Ресей әскері үшін қаладағы жағдай «өте ауыр», ал Купянск іс жүзінде уыстан шығып кеткен.
Бұл туралы 24 желтоқсанда Ресей Қорғаныс министрлігімен байланысы бар Рыбарь Telegram-арнасы хабарлады. Арна мәліметінше, Купянскідегі және Оскол өзенінің шығыс жағалауындағы жағдай Ресей әскерлерінің жағдайы нашар».
«Купянскінің өзінде жағдай өте қиын, шығыс жағалауда да ахуал осыған ұқсас», – деп жазады “Рыбарь”.
Арна дерегіне сәйкес, Оскол өзенінің батыс жағалауындағы плацдармның бір бөлігі қолдан шыққан. Атап айтқанда, Кондрашовка, Радьковка және Московка ауылдары Украина күштерінің бақылауына өткен. Сонымен қатар, УҚК Купянскідегі сүт-консерва комбинаты маңын да өз қолына алған.
«Жалған есептер» және шығын
“Рыбарь” арнасының хабарлауынша, Купянск бағытында әрекет еткен Ресей армиясының бөлімшелерінің бірі желтоқсан айында «жалған есеп беруге тырысу» кезінде ауыр шығынға ұшыраған. Арна дерегінде қарашада «алынды» деп жарияланған елді мекендердің бірінің маңында шамамен 150 әскери қызметкер қаза тапқаны айтылады.
Арна авторының пікірінше, қараша айында Купянск толық бақылауға алынды деген алғашқы мәлімдемелер қалада «өте шағын топтар ғана» жүрген кезде жасалған.
«Алайда қалада нақты бекіну де, тұрақты қорғаныс та мәлімдемеге дейін де, одан кейін де болмаған», – дейді "Рыбарь".
Әскери басшылыққа сын
Z-блогерлер Ресей әскери қолбасшылығын жоғарғы жаққа жалған ақпарат бергені үшін ашық сынап отыр. “Рыбарь” пікірінше, дәл осы жалған баяндамалар Купянск бағытындағы ахуалдың ушығуына әкелген.
«Жоғарыға жағдай туралы бұрмаланған мәлімет берілгендіктен, Купянскіні басып алуға енді қажет емес деп есептелген резервтер басқа бағыттарға жіберілді», – делінген хабарламада.
Путинге берілген есеп
Желтоқсан айының басында, АҚШ делегациясының Мәскеуге ықтимал бейбіт келіссөздерге келуі қарсаңында, Ресей Қарулы күштері Бас штабының бастығы Валерий Герасимов Ресей президенті Владимир Путинге Волчанск қаласы алынғаны және Купянск «бақылауға өткендігі» жөнінде есеп бергені хабарланған еді.
Алайда сол күні-ақ Украина Қарулы күштері Купянскінің басым бөлігі Украина бақылауында екенін мәлімдеді. Бұл дерек украиналық DeepState аналитикалық жобасының 3 желтоқсандағы картасымен де сәйкес келеді.
DeepState жобасының теңқұрушысы Руслан Микула DW басылымына берген түсіндірмесінде Ресей әскерінің «елеулі ілгерілеуге қол жеткізе алмағанын», ал Купянскіні қоршау туралы ақпарат мүлде жалған екенін атап өтті.