Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:39, 30 Тамыз 2021

Забегалиннің көксегені не?

None
None

 Жыл басынан бері Сарқан ауданы өмірінің кейбір әлеуметтік және құқықтық аспектілерінің триггері аудандық мәслихат депутаты Дмитрий Забегалин болды.

Ол «Ауыл» саяси партиясы атынан ағымдағы жылдың қаңтар айында жетінші шақырылым депутаты болып сайланды. Сол уақыттан бері Сарқан аудандық мәслихатының аппараты тыныш өмір сүруден қалғандай. Жаңадан сайланған халық қалаулысы әріптестерін хаттар мен шағымдарға көміп тастаған. Барлығы оның қызметтік автокөлік пен кабинет беруін талап етуден басталды.

Сарқан аудандық мәслихатына жазған хаттарының бірінде Дмитрий Забегалин: «Сізге 2021 жылғы 17 ақпанда депутаттық қызметті жүзеге асыру үшін Мұқан Төлебаев ауылына сапармен баратынымды хабарлаймын. Осыған байланысты маған автокөлік бөлуді және жүргізуші ауырып қалса немесе келе алмаса, көлікті өзім басқару үшін құжаттарды рәсімдеуді сұраймын», – деп жазады.

Депутат мырза мұндай хабарламаларды қай жерге бармасын, сол жердің жергілікті әкімшілігіне жолдап отырған көрінеді. Десе де, ешкім оның талап-тілегін қабыл алмай, бас тартқан. Соған қарамастан, Д.Забегалин мырза хат жазып, талап етуін тоқтатпады. Мысалы, соңғыларында барлық құрал-жабдықпен жабдықталған кеңсе бөлуін сұраған екен. Сарқан аудандық мәслихаты жеке кеңсенің орнына оған мемлекеттік мекемелердің бейімделген кабинетте сайлаушылармен кездесу өткізуіне болатынын жеткізген.

Биылғы көктемде Дмитрий Забегалин Сарқан аудандық мәслихатының сессияларын орыс тілінде өткізуді талап ете бастады. Ол өзінің ұсынысын жақында мемлекеттік тілді үйрене бастағанымен және сессияда айтылған жайтты толық түсінбейтінімен ақталған. «Бұны қалай түсінеміз?» деген сауалымызға аудандық мәслихат хатшысы Марат Разбеков:

– Бізде депутаттардың 90 пайыздан астамы қазақ тілін меңгерген. Орыстілді депутат аз. Жалпы дауыс беру арқылы біз сессияларды мемлекеттік тілде жүргізуді шештік. Мемлекеттік тілді нашар меңгергендер үшін біз жазба материалдарын орыс тілінде ұсынамыз, – деп жауап берген.

Сондай-ақ жоғарыда айтылған қызметтік көлік пен жеке кабинетке қатысты аудандық мәслихат хатшысы: «Аудандық мәслихат жұмысының үлгі регламентіне сәйкес, қызметтік автокөлік пен кабинет өзінің лауазымдық өкілеттігін тұрақты және заңды негізде орындайтын мәслихат хатшысына және мәслихат аппаратына бекітіледі», – деп түсіндірді.  

Халық қалаулысы мұнымен тоқтап қалмай, облысты асып, республика деңгейіне шықты. Бұл туралы Ratel.kz ақпараттық порталында ресми хат және министрліктің берген жауабы жарияланған. Нақтыласақ, Д.Леонидович Қазақстан ұлттық экономика министрлігінен аудандық мәслихаттар жұмысының үлгілік регламенті, барлық мемлекеттік органдарға кедергісіз бару және аудандық мәслихат аппаратына тіркелген автокөлікті пайдалану  мүмкіндігі жөнінде түсініктемелер талап еткен. Онымен де қоймай, министр Әсет Ерғалиевке кеңес құруды, ал хатшы қызметіне депутаттарды тағайындауды ұсынды. Министрлікте Забегалиннің талаптары мен бастамалары назардан тыс қалды.

Бірақ бұл «эпистолярлық» жанрға деген депутаттың құлшынысы тоқтап қалмады. «Жоқ» деген жауапқа қанағаттанбады ма, әлде өзінің дұрыстығын дәлелдегісі келді ме? Ол жағы белгісіз. Десек те, ол Сарқан аудандық мәслихатының регламентін жарамсыз деп тану туралы сотқа арыз жазды. Одан бөлек, Бірлік ауылын Сарқан қаласына қосу туралы депутаттық сауалын да жолдап үлгерді. Ауыл халқын бұл мәселе алаңдатып отыр. Халықтың қамын ойлап «жазғыш» депутаттың арқасында қандай күй кешеміз деген сауалдары да бар. Әсіресе бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері бұл ұсынысқа наразы. Жергілікті мектеп ұстаздары депутат мырза бұл «зерттеулерін» тоқтатса екен деп, аудан әкімдігіне петиция дайындаған.

«Егер біздің ауыл қалаға қосылса, онда біз, мұғалімдер, еңбекақыға қосылып отырған 25 пайыздық үстемеақыдан қағыламыз. Қымбатшылық кезеңде бір жыртығымызды жамап отыр емес пе бұл қаражат?! Оқушылар да жеңілдіктерден айырылады. Бүгінде мектеп оқушылары ауыл балаларына арналған мемлекеттік бағдарламаларға, мемлекеттік грантқа түсерде ауыл квотасын да алып тастайды ғой. Мұндай ақылға қонымсыз ұсынысты бастамас бұрын, ауыл халқынан «қалалық болғыларың келе ме» деп сұрауы керек қой», – дейді мектеп директоры Шара Дүтбаева.

Депутат мырзаның істеп жатқан іс-әрекеттері «қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» дегеннің кері болып тұр. Әйтсе де оның кей талаптарын қолдаушылар бар. Ауыл қалаға қосылса, жағдайы жақсарар ма еді деген ниетпен қолдайды, әрине. Өйткені ол: «Кей адамдар заңсыз иеленген жерлерді қайтарып беремін. Ауыл маңындағы қоқыс полигоны мәселесін шешіп беремін», – деп уәде берген.

Айта кетерлігі, Бірлік ауылында 500 тұрғын бар. Аудан әкімдігі «қалаға қосылмайды» деп жауап берді. Мәслихат болса мұндай сауалдар сессия отырысында және жалпы дауыс берумен шешілетінін айтты.

Тегтер: