Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:00

Забира Мырзатаева, тарихшы: Әбдіғапар Алашордалықтар ханы

Зәбира Мырзатаева
Фото: Зәбира Мырзатаева

  Алдағы жылы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске 110 жыл толады. Соған сәйкес ғалымдар Торғай көтерілісін бастаған Әбдіғапар Жанбосынов және оның саяси репрессияға ұшыраған әулеті жөнінде алғаш рет жаңа, тың құжаттар негізімен монографиялық еңбек даярлады.

 Кітапта 1916 жылғы Торғай көтерілісі тарихы алғаш рет, өңірде он үш жылдан кейін қайта орын алған 1929-1931 жылдары Батпаққара, Қарақұм көтерілістерімен тарихи сабақтастықта қарастырылады. Осыған орай «Жас Алашқа»Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті жанындағы «Айтылған тарих» ғылыми лабораториясының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, университеттің қауымдастырылған профессоры Забира Мырзатаева сұхбат берді.

– Забира ханым, Торғай көтерілісінің басшысы Әбдіғапар Жанбосынұлы туралы жазу идеясы қалай басталды?

– Жалпы, Әбдіғапар Жанбосынұлының есімі қайта жарыққа шығып, бағы жанған мезгіл тәуелсіздік жылдардан бастау алады. Оған дейін бұл мәселе бұлыңғыр тақырып болып келді. Академик Манаш Қозыбаев 1994 жылы «Жауды шаптым ту байлап» аталатын кітаптың бір бөлімін «Әмір Әбдіғапарға» арнады. Міне, сол уақыттан бастап, хан Әбдіғапар тұлғасына байланысты бетбұрыс орын алды. Содан кейін аталған тұлға жөнінде Ә.Жанбосынұлының немересі Марат Мырзағалиев, жазушы Мақсұтбек Сүлейменов көпшілік оқырманға арналған еңбектерін жарыққа шығарды.

Алайда Әбдіғапар хан есімі бүгінде қоғамға толыққанды жете қойды деуге болмайды. Мысалы, бұл мәселе мектеп оқушылары, студент жастар, тіпті мұғалімдер мен ЖОО оқытушылары үшін әлі де жеткілікті таныс емес. Өйткені 70 жылдық советтік тарихнамада атақты Торғай көтерілісінің жетекшісі Амангелді Иманов есімімен шектеліп қалды. Біз сол идеологиядан әлі де арыла алмай келе жатырмыз. Тарихи жадты қалпына келтіретін мезгіл жеткен сияқты. Жұмыстың өзектілігі осында.

– Бірақ Торғай көтерілісінде Амангелді Имановтың алатын орны ерекше екені рас емес пе?

– Біз Амангелді Имановтың құралайды көзге атқан мерген, жаужүрек батыр болғанын жоққа шығармаймыз. А.Иманов ханның бас сардарбегі болып сайланған. Ә.Жанбосынов және А.Иманов бірге талай қанқұйлы шайқастардан жүріп өткен майдандас серіктер. Алайда тарихи шындық солай, Ә.Жанбосыновты 1916 жылы Торғай уезінің 13 болыс елі бірауыздан хан сайлаған. Хан сайланған соң уезде барлық билік хан кеңесіне көшеді. Халық соттары да қайтадан құрылады. Салықтардың барлығы әкімшілік пен құрылған әскердің қажетіне жұмсала бастайды. Торғай халқының дербес ел болып, билік құрған бұл аз уақыты ішінде араларында қылмыстың, тіпті барымта мен ұрлықтың да азайғаны байқалған. Елге орнатқан бұл жаңа тәртіпті патшалық әкімшілік жіті бақылап отырса керек. Өйткені хандықты құру тәуелсіз мемлекет құру дегенді білдірмей ме?

Міне, осы айтылғандарға байланысты жаңадан келген совет билігі хан Әбдіғапармен өш болды, ақырында түбіне жетті, онымен тоқтамай ханның ұрпақтарының соңына түсті.

– Торғай уезінің 13 болысының Әбдіғапарды бірауыздан хан сайлауына не себеп болды?

– Біріншіден, Әбдіғапар Жанбосынұлы халық оған «хан боласың» дегенде ол өзін «әмір» атауларын өтінген. Өйткені расында Әбдіғапардың арғы тегінде хан болған адам жоқ-тын. Неге халық оның хан болғанын қалады десеңіз, оның арғы аталары ұрпақаралық сабақтастықта ел билеген тұлғалар еді. Мысалы, Тілеулі Әбдірахманұлы жоңғар көтерілістерінде мыңдаған қол басқарған хас батыр болса, ал Тілеулі батырдың ұлы Нияз би Абылайдың мықты кеңесшілерінің бірі-тін.

Әбдіғапардың әкесі Жанбосын ұзақ жылдар болыстық қызмет атқарған, Әбдіғапар өз ортасына парасатты, жаңашыл тұлға ретінде танылған. Яғни, ол ауылына мектеп, медресе, мешіт тұрғызған, ж.б. қызмет жасаған. Сондықтан халық оны хан сайлады.

– Олай болса, Торғай тарихында өз орны бар Ә.Жанбосынұлы неге көлеңкеде қалып қойған?

– «Қаһарлы 1916-жыл» социалистік революцияның жаршысы ретінде идеология құралына айналғаны белгілі. Совет билігі қоғамды жікке бөліп, көтеріліске таптық сипат берді. Соған сәйкес ауқатты отбасынан шыққан Әбдіғапардан гөрі шаруа отбасынан шыққан Амангелдіге назар аударуды дұрыс деп тапты. Бұл 1936 жылғы 5 наурызда партияның Қазақ өлкелік бюросы 1916 жылғы Қазақ халқының көтерілісіне жиырма жыл толуына орай қабылдаған қаулыда бекітілді. Содан былай қарай А.Иманов көтерілістің ең көрнекті тұлғасы ретінде айтыла бастады.

Әбдіғапардың тарихи тұлғасы заман куәгерлерінің шығармашылығында азды-көпті орын алып үлгерген, мысалы, Әлихан Бөкейханов пен тарихшы Шестаковтың бірлестікте жазған мақаласында «қысқа қарсы Торғай елі Ғабдығаппарды хан сайлап, патшаға қарсы соғыс ашты» дейді, сонымен қатар Әлихан Бөкейханов Ахмет Байтұрсыновпен бірге шығарған «23 жоқтау» жинағына Әбдіғапарға арналған жоқтауды да енгізген. Сол мәтіннің соңында «1916-ншы жылғы 25 иіуіннің жарлығына Торғай уезі қарсы болғанда, Әбдіғапар елге басшы болып, пеуірал төңкерісіне дейін үкімет әскерімен соғысып келген. Торғай елі Әбдіғапарды қан сайлаған. 1920-ншы жылы өлген. Әбдіғапар - ұзын Қыпшақ» деп тағы да баса көрсетеді. Айта кеткен орынды болар, Әбдіғапардың анасы Алуа Ақтасқызы Ахмет Байтұрсынұлының әкесі Байтұрсынның ағасы - Ақтастың қызы. Көріп отырғанымыздай, Ә.Жанбосынұлы қазақ интеллигенциясы өкілдеріне бір табан жақын болған адам. Ал большевиктер ұлттық мемлекеттілікті қайта құрғысы келген Алаш қайраткерлері төңірегінде болғандардың бәрімен өш болды емес пе?

Жалпы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісте хандық билік қайта жаңғыртылды, әр аймақта бірнеше хан сайлау дәстүрге айналып кетті. Торғайда қалай болды?

– Торғай көтерілісінің алғашқы зерттеушісі тарихшы К.В.Харлампович өз кітабында (1929, Қызылорда) Торғай көтерілісшілерінің (шығыс, батыс және солтүстік) үш хандыққа бөлінгенін атайды: шығыс хандықты Әбдіғапар Жанбосынұлы, батыс хандықты Оспан Шолақұлы басқарды дейді, ал солтүстік хандық арғындарға тиесілі еді, ондағы екі Наурызым болыстығындағы тұрғындардың басым бөлігі орыс ұлтынан болғандықтан, дербес хандық ретінде өзін сақтай алмай оның тұрғындары осы екі хандыққа қосылғанын айтады.

К.В.Харлампович зерттеу еңбегін заман куәгерлері естелігіне сүйеніп жазады, ал естелік айтушылар Әбдіғапарды көтерілістің көшбасшысы ретінде және оған үлкен құрмет көрсетілгенін баян еткен. Халық өткеннің ең елеулі оқиғаларын жадында сақтайтыны белгілі, яғни, Әбдіғапар есімінің ел аузынан түспей айтылуы оның шын мәнінде кім болғанын көрсетіп тұрса керек.

Соған байланысты мынадай тарихи сюжетке назар аударсақ, Торғай уезнойының көмекшісі Ткаченко деген шектен шыққан қиянатшыл адам болған. Міне, соның жазбасында Батпаққараға, яғни, ондағы хан Әбдіғапардың ставкасына қарай (Ырғыздан, Қостанайдан, Сыр елінен, тіпті бірі Арқадан) ағылып келіп жатқан елді көргенін жазады. Ол адамдар бір атқа екі-үштен мінгесіп келіп жатты дейді. Шынын айту керек, естеліктердегі мәліметтер архив құжаттарындағы жазбалармен ғажап сәйкес келіп жатты. Мысалы, халықтың Әбдіғапарға деген зор сенімі «Бабалар сөзі» кітабының 96 томында бір естелікте «қалың жұрт Әбдіғапар не десе, соны орындауға келістік, хан ордасына қарай бетбұрған адамда есеп болған жоқ» делінеді. Міне, Торғай елі хан Әбдіғапарға зор құрметпен қараған, осылайша ханның армиясы құрылған...

– Торғай көтерілісшілері 50 000 адамды құраған деген дерек рас болды ғой?

– Иә, деректерде солай жазады, егер көрші аймақтардан халық осындай қарқынмен бір кісідей жиналып бас қосқан болса, 50 000 адам жиналуы мүмкін шығар.

– Екі жақтың күші тең емес, бірақ, соған қарамастан, көтерілісшілер жылға жуық қарсылық көрсете алған, солай ғой?

– Әскери күші тең емес қазақ сарбаздарының қайсарлығында шек болмады, бұған патша әскербасшыларының өзі де таңғалған. 1916 жылы 20 қазанда Татыр көлі маңындағы шайқасқа 4 000-ға жуық көтерілісшілер қатысады. Бұл Әбдіғапар сарбаздарының ең алғашқы үлкен даярлықпен келген шайқасы болатын. Көтерілісшілер найза, балта, кетпен-күрек, көп болса бірлі-жарымы мылтықпен қаруланды. Шайқас алаңында төрт сағат ішінде 200-ге жуық сарбаз мерт болды. Ұрыс даласындағы қырғынды өз көзімен көрген генерал А.Г.Сандецкий Петроградтағыларға: «Қазақтар орыс әскерін түпкілікті жоямыз деген табанды мақсатпен келген. ... смелые настойчивые атаки киргизов доходили до такой дерзости, что несмотря на артиллерийский и пулеметный огонь, киргизы подходили к наступающим частям на расстояние 100 шагов…», ал бір жазбасында ол «торғайлықтар Алтын орданың ұрпақтары», «торғайлықтар өз отанының нағыз патриоттары» деген ойларын жеткізді. Оларды тағы да таңғалдырғаны - сарбаздардың жаралы серіктерін өздерімен бірге ала шегінуі еді. Есіл елдің қор болғанына куә болған Ә.Бөкейханов мақаласының бірінде патша әкімшілігін «осындай да соғыс болады ма, бір жағында, күшті қаруланған әскер, ал екінші жағында, қарапайым қара халық!», - деп сөккен. Бұл шынымен де нағыз әділетсіздік болатын.

Торғайда мұндай ірі шайқастар Торғай гарнизонын алуда (1916 ж. 22 қазан), Құмкешу (1917ж. 10 ақпан), Батпаққара немесе Доғал-Үрпек (1917 ж. 21 ақпан) деген жерлерде де жүріп өткен.

Айта кеткен орынды болар, тура осындай тарихи сюжетті біз 1930 жылғы Созақ, Қарақұм көтерілістерінен байқаймыз. 1930 жылы 16 ақпанда қызыл армия әскері Созақтағы шайқаста төрт сағаттың ішінде 300-ге жуық сарбазды қырып салған, ал 200-ге жуық адамды тұтқындап, оның 150-ін ату жазасына кескен, 18-і түрлі мерзімге қамауға алынған. Қарақұмда да солай, тұтқынға түскен 227 адамның бір мезетте-ақ, 118-і ату жазасына кесілген, 109 адам 3 жылдан 10 жыл мерзімге концлагерьлерге айдауға жіберілген.

Батпаққара, Қарақұм көтерілісшілерінің өмірінде он үш жылдан кейін қайталанып келген қасіреттің тағы мынадай ұқсастықтарын атаған болар едік.

1916 жылы шайқас алдында ата-анасын тыңдамай жүздеген жастар молданың алдына барып, қолдарын жайып, бата сұрап тұрып алған екен. Ал 1930 жылы Қарақұм көтерілісшілерінің басшысы хан, әрі дінбасы Жұмағазы Бәйімбетов ОГПУ алдындағы көрсетуінде: «Маған жиналған халық шайқас жүріп жатқанда сен дауыстап Құран оқисың! Осы шайқаста мерт болған барлық азаматтардың жаны жаннаттық болсын деп тапсырды», - дейді. Қосимпериялық жүйедегі биліктің қазақ еліне деген ұстанымы бірдей болғанын көре аламыз.

Көтерілістердегі сабақтастық сарбаздар құрамында әйел-аналардың сап түзегенінен де байқалады. Патша шенеуніктерінің бірі 2-Наурызым болысынан сарбаздардың жанынан айла, айбалтамен қаруланған әскерше киінген әйелдер туралы жазады. 1916 жылы әйелдерге көрсетілген қиянатта шек болған жоқ, мысалы, бір көзкөрген куәгер жазалаушы отрядтан қашып келе жатып, қатыгездікпен өлтірілген, ішінен өмір есігін ашып үлгермеген сәбиі сыртқа ақтарылып жатқан әйел баласының мүрдесін көргенін жазады. Публицист В.Бегман «ауылдар өртенді, ал дүние-мүлікпен бірге оған қуып тығылған тірі адамдар да жалынға оранды. Азапты өлімнен құтылу үшін қырғыз (қазақ) әйелдері биік шыңнан төменге басымен құлады» деп жазды. Бұл 1916 жылғы қырғынның бір ғана көрінісі еді.

Ал 1930 жылы Альшанскийдің Қарақұм операциясы бойынша Данилевскийге жолдаған оперсводкасында «В числе наступающих в колонне были женщины, которые стреляли в упор из наганов в наших бойцов» делінеді. Міне, осылайша, патша билігі халықты қалай аямай қыру жолында болса, советтік билік те көріп отырғанымыздай, аяған жоқ.

– Ал енді Ә.Жанбосынов әулеті жөнінде қандай жаңа деректер ғылыми айналымға тартылды?

Ең алдымен, Әбдіғапар және оның елінің осы екі бірдей зобалаңды ұрпақаралық сабақтастықта бастан өткергенін айтқымыз келеді. 1916 жылғы көтерілісте болғандар 1929-1930 жылғы көтерілісте де болды. Он үш жыл ішінде бір буын өсіп шығады емес пе? Әбдіғапар 1916 жылы бауырлары Садыман, Жалмағамбетов Уәлилермен бірге күреске шыққан болса, 1929-1930 жылдары көзі тірі Жалмағамбетов Уәли ендігі таңда өзінің ұлы Ғаббаспен, Садыман Жанбосынұлы Әбдіғапардың ұлдары: Мағзұм, Назар, Зейнолла, Зәңгелермен бірге соғыс алаңына қайта шықты.

Садыман 1929-1930 жылдары советтік реформаларға халықпен бірге күресіп, ату жазасына бұйырылды. Жалмағамбетов Уәлидің де тағдыры осылайша аяқталды.

Кітапта Батпаққара мен Қарақұмдағы оқиғаларға қатысқан Әбдіғапар ханның ұлдары: Мағзұм, Зейнолла, Назар (шайқас үстінде опат болды), Зәңге және туған бауыры Жанбосынұлы Садыманның, немере бауырлары Жалмағамбетұлы Уәлидің, Уәлиұлы Ғаббастың, ал кейін 1937 жылы Әбдіғапардың ұлы Рүстемнің ату жазасына кесіліп, совет билігінің қолынан опат болғаны құжаттық деректер негізінде баяндалды.

ОГПУ материалдарында кездесетіндей, Әбдіғапардың ұлдарын, әсіресе Рүстемді ұстағанда «Абдулгафар хан алашордынцев» болған деген айып тағып, жөн-жосықсыз ату жазасына кескен.

Кітапта соған қатысты айтылатын Мағзұмның араб графикасымен жазылған хаты табылды. Онда Мағзұм: «менің әкем Әбдіғапар еңбекші халық қамы үшін жауыз Николай патшаға қарсы 1916 жылы көтеріліс жасап, қазақ әдетімен хан болған еді. «Сенің әкең хан болды, жуан жұдырық еді» деп қызмет басындағы […] атты ақ-қарасын ажыратып алмай жәбір береді. Жәбірінің түрі толмайтын малдың доходымен салық заңының 28-статьясына жатқызып, түрлі әлім келмейтін салықтар салып, өзімізді жер аудармақшы қылып айдаған кесірінен басымызды қорғап Қарақұмға қашып келгенімізге 4-5 күн болды. Жасым 24-те, әкем Әбдіғапар өлгенде 13 жасымда қалып едім. Мағзұм Әбдіғапарұлы. 30 сәуір 1930 ж.», - дейді.

Әбдіғапардың ұлдары бәрі де сауатты болған. 1926 жылы курсант Мырзағали Жанбосыновтың советтік партия мектебінен негізсіз шығарылуына байланысты Өлкелік (б) БКП-на жазған шағым хаты осы мазмұнда болды. Ол «менің әкем 1916 жылы Торғай уезінде патша үкіметіне қарсы көтерілісті басқарды...» деп, бұл ойын баспа бетінде жариялайды.

Сондай-ақ 1929-1930 жылдары советтік реформаларға қарсы наразылық актілеріне қатынасып, саяси-қуғынға ұшыраған осы әулеттің адамдары Әбдіғапар ұлдары Қали мен Мырзағалидің азапқа толы тағдыры да сөз болады. Әулеттен Мағзұмның жолдасы Ұлбосынның тергеуге алынғаны жөнінде жаңа деректер беріледі. Жалпы кітаптың екінші тарауы, жүз жыл құпия болған архивтік құжаттар негізімен көрсетілді.

Сонымен қатар кітаптың соңғы бөлімінде Әбдіғапардың елі - Батпаққара көтерісшілерінің тізімі беріледі. Олардың мүмкін болғанша есімдері мен ерлік істері кітапта баяндалды.

Архивтік құжаттардан әулетке қатысты бүгінге дейін еңбектерде кездеспейтін Әбдіғапардың бауырлары Рахымжан, Әбдірахым және Әбсейіт Жалмағамбетовтер туралы мәліметтер анықталды.

Әбдіғапардың Назар есімді ұлының тағдыры осы уақытқа дейін қате көрсетілді. Оны зерттеушілер біздегі құжаттардың қолжетімсіз болуына байланысты «ОГПУ қызметкерлерінің шешімімен атылған» деп қате көрсетіп келді. Ал, шын мәнінде, Әбдіғапарұлы Назар Қарақұм шайқастарының бірінде мерт болған.

Жұмыста Әбдіғапардың Зәңге есімді ұлының болғаны және оның есімін ОГПУ қызметкерлері Әбдіғапардың Зейнолла есімді ұлымен шатастырып көрсетілгенін байқадық. Осындай олқылықтардың негізінен олардың сот ісі құжаттарынан да, реабилитация құжаттарынан да қателіктер орын алған. ОГПУ қызметкерлерінің Зәңгені Зейнолламен шатастыруы себепті Зәңге туралы ақпарат openlist.wiki аталатын қоғамға белгілі сайт жүйесінен шықпады. Бұл олқылық болашақта жойылып, ақиқат өз орнын алуға тиіс.

Сонымен, саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы шындықты ұлт жадында сақтау, сол арқылы өскелең ұрпақты мемлекетшіл рухта тәрбиелеу маңызды іс болып табылады. Көтерілісшілердің арман-тілегі тәуелсіз ел болу еді, тарихтың бұл кезеңі жас буынға мейлінше нақты, тарихи фактілер негізінде тартымды түрде жеткізілгені тура болмақ.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Бек РАУШАНҰЛЫ