Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:00, 11 Сәуір 2024

Зағип жандарға арналған кітапханада қазақ тіліндегі кітаптар тапшы

зағип жандар

Алматыда зағип жандарға арналған республикалық кітапхананың оқырмандарға қызмет етіп келе жатқанына біраз жылдың жүзі болды.

 Ал зағип жандардың білім нәрімен сусындайтын жалғыз орны – арнаулы кітапхана ғана. Себебі жарық дүниенің дидарын көре алмаса да көкірек көзі ашық зағип жандар аз емес. Олардың да оқығысы, білгісі келетіні заңдылық.

Бүгінгі таңда елімізде осы санаттағы жандарға арналған 1 республикалық, 7 облыстық, 4 қалалық арнайы кітапханалар мен 5 бөлім қызмет көрсетеді. 1971 жылы ҚазақССР министрлігінің бұйрығымен құрылған Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана зағип және әлсіз көретін жандардың оңалту, әлеуметтендіру, білім алу, демалу шараларын ұйымдастыру процесіне қатысады. ​Сол жылдан бастап үздіксіз нүктелі-бедерлі (Брайль қарпі) қарпімен жазылған, дыбыстандырылған әдебиеттер және тифлология (зағиптықты зерттейтін ғылым) саласы бойынша құжаттарды жинақтап, өңдеуге бағытталған республикалық кітапхана қызметін абыроймен атқарып келеді. Сондай жандарға қызмет етіп, қажетті кітаптармен қамтамасыз етіп жүрген кітапханашылардың да еңбегі зор. Кітапхананың жұмысы туралы аталмыш орынның маманы Гүлсая Сәтбай пікір білдірді.

«Кітапхана қорында 260 мыңнан астам кітап бар. Оның 61 262 дана нүктелі-бедерлі қаріппен жазылған әдебиеттер. Қазіргі таңда, өңірдегі кітапханаларға әдістемелік орталық қызметін атқарып отырмыз. Жалпы, кітапханада 8 бөлім жасақталған. Оқырмандарымыз ерекше болғандықтан, қызмет көрсету тұрғысынан өзге кітапханалардан айырмашылық жасаймыз. Мәселен, «Жеке қызмет көрсету» бөлімінде – зағип пайдаланушыларымызға қызметкерлер кітаптарды дауыстап оқып беріп, оларға қажетті материалды іздеп, олардың қалауы бойынша, тапқан материалын немесе ойын қағазға түсіру үшін, компьютерге теріп те көмектесіп жатады. «Кітапхана ісін дамыту, библиография және тифлология» бөлімі – өңірлермен тікелей ақпарат алмасып, зағип жандар туралы ақпаратты, осы ғылымдағы өзгерістер, жаңашылдықтарды бақылап, жинақтайды. Зағип оқырмандардың құқығына байланысты, олардың өмірін жеңілдетіп, түрлі әдістер қамтылған мақала, еңбектерді сараптап, хабардар ету мақсатында қызмет көрсетеді. «Өнер және спорт әдебиеттері» бөлімінде тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы және т.б. ойын түрлері туралы мағлұматтар, сонымен қатар музыка, көркемсурет, қолөнерге қатысты әдебиеттер оқырман қауым игілігіне ұсынылған. «Кітап қорын сақтау және абонемент» бөлімі зағип оқырмандардың ақпараттық қажеттілігін өтеуде. Дәл осы бөлімде нүктелі-бедерлі қаріптегі кітаптардың алуан-түрлерімен таныс боласыздар», – дейді.

кітап

Сондай-ақ маман бірнеше бөлімнен тұратын кітапхананың «Сөйлейтін» және Брайль кітаптарын шығару» бөлімі қазақ тілді авторлардың кітаптарын нүктелі-бедерлі қаріпке аударып, кейде суреттері мен автопортреттерін де кітапқа қосып, басып шығаратынын алға тартты. Сонымен қатар шығармалар мен зерттеу еңбектерін, кітаптарды дыбыстандырып, оқырмандарға аудионұсқада тыңдауға ұсынады екен. Кітапхананың тағы бір артықшылығы – дыбыстандыру студиясы толығымен жаңа технологияда жұмыс жасайды.

Аталмыш кітапхана баспасөз бағытындағы мерзімді басылымдардан да кенде емес. Бұл турасында маман: «Жедел ақпарат тарату қажеттілігі өзекті заманда рухани құндылықтарымызды насихаттау мақсатында «РБНСГ-Вести» интернет-газеті нүктелі-бедерлі және жайпақ баспа қарпімен таратылуда. Сөйлейтін «Менің жолым» газеті де жарық көреді. Аталған газеттердің тұрақты оқырманы қалыптасқан. ​Жобалар хақында айтып өтсем, арнайы кітапхана болған соң әлеуметтік жобаларымыз көп. Соның бірегейіне тоқталайын. Ол – «EREKŞE» халықаралық кітапханалық жобасы.Мақсаты – көру қабілеті бұзылған отандастарды нүктелі-бедерлі қаріппен басылған қажетті әдебиеттермен қамтамасыз ету. Соған орай, қазақ тілінде нүктелі-бедерлі қаріппен, жайпақ баспалы қаріппен және дыбыстандырылған арнайы әдебиеттер шығару жұмыстары жүргізілуде», – дейді.

Кітапхана қорындағы зағип жандарға арналған нүктелі-бедерлі әдіспен жазылатын кітаптардың басым бөлігі Ресейден келеді екен. Елімізде әдебиеттерді нүктелі-бедерлі қаріпте басып шығаратын кішігірім баспаханалар болғанымен, олардың сапасы сын көтермейді. Осыған орай зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана жанынан министрлік қолдауымен баспахана ашу мәселесі қарастырылып жатыр.

«​Кітаптарымыздың дені орыс тілінде жарық көрген. Себебі орыстілді оқырмандарымыз көп. ​Мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс бойынша көршілес Ресейден нүктелі-бедерлі қаріптегі әдебиеттерді сатып аламыз. Алдымен оқырмандардың көзқарасын, қызығушылығын анықтап, жеткізушіден тізімін алып, қысқаша мазмұнымен танысып, көңілге қонымдысын таңдаймыз. Тапсырыс береміз, үкімет қаржыландырады, сыйға тарту арқылы да кітаптарымыздың саны артуда. ​Елімізде әдебиеттерді нүктелі-бедерлі қаріпте басып шығаратын кішігірім баспаханалар бар. Бірақ олардың сапасы сын көтермейді. Көптеген фактор әсер етуі мүмкін: қаржылық қолдау, сұраныс жеткіліксіздігі, т.б. Кеңес заманындағы құлдырау кезеңдерінде баспаханалар жекешелендіріліп, кітаптар мемлекеттік тілде басылмай қалды. Бұл да көп себептердің бірі. Осы уақытқа дейін қазақ тілінде әдебиеттерді шығарып, қалың оқырман назарына ұсынғанбыз. Көптеген қарапайым кітапханалардан айырмашылығы – оның жеке баспаханасының болуы. Оның мақсаты – бар әдебиеттерді оқырмандар қажет ететін әртүрлі форматтарға айналдыру. Өйткені басқа ешбір кітапхана мұндай сан алуан қажеттіліктерге тап болмаса керек».

кітап

Бүгінгі күні кітапханаға тіркелген оқырманның жалпы саны 2855 адам. Оның 1267 көзі көрмейтін, 854 нашар көретін азаматтар. Гүлсая Ғанибекқызы «Кітап қорын сақтау және абонемент» бөліміне жас маман болып жұмысқа кіргелі байқағаным, көз жанарында мүгедектігі бар оқырмандардың оқуға деген ынтасының жоғарылығы, бұл кімді де болсын таңғалдырғанын алға тартты. «Көп жағдайда оқырмандар арасында кітаптарға кезек туындап қалып жатады. Сұраныс деңгейін осыдан-ақ жобалай берсек болады. Тағы бір айта кететін маңызды жайт, аптаның әр сәрсенбісі оқырмандарға үй жағдайында қызмет көрсетеміз. Олар бізбен байланысып, қалаған кітаптарына тапсырыс береді, әрі қарай үйлеріне жеткізіп береміз», – дейді. Оның үстіне, қызметкерлердің 4/1 бөлігін осы санаттағы жандар құрайды екен. ​Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханасында 55 қызметкер болса, оның 15-і көз жанарынан айырылған І топтағы мүгедектер. «​Кондратьева Анна және Полянный Евгений өздерімен тағдырлас зағип пайдаланушыларға телефон, компьютермен жұмыс істеуді, қарапайым дағдыларды түсіндіріп береді. Өте сұранысқа ие қызметкерлеріміз, келушілер үзілмейді. Техника дамыған тұста заман талабына сай болу үшін, қазметкерлеріміз оқырмандарға ұялы телефондарын тиімді пайданудың қыр-сырын жіті баяндап, өздері толық меңгергенше жанында болады. ​Оңалту кабинетіндегі қызметкер Алмас Мырзабеков зағип жандармен бірге жұмыс атқарудағы ерекшеліктер, олардың психологиясы туралы кеңестерімен бөліседі. Туындаған сұрақтарға жауап береді.

​ Біздің кітапхана қызметіне қызығушылық жылдан жылға артып келеді. Сол себепті студенттер, оқушылар кітапхана қызметімен танысу мақсатында келіп, оқырмандарымыздан, зағип қызметкерлерімізден сұхбат алып та жатады.

Кітапхана – мәдениеттің мәйегі. Ақпарат алуда шектеу болмауға тиіс. Біздің жұмысымыз зағип жандар мен оқыс жағдайларға байланысты көру қабілетінен айырылған нашар көретін азаматтардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған. Біз техникалық қызмет көрсетуге көмектесетін барлық заманауи технологияларды қолданып, ақпарат алуда кедергі болмағанын қалаймыз. Бұрын бір формат басым болса, бүгінде мүмкіндіктер әлдеқайда кең. Кітапхана тең дәрежеде зағип жандардың ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етуі тиіс. Әрине, абсолютті теңдікке жету қиын – ол ақпарат пен арнайы жабдықты алу үшін көбірек күш салуды қажет етеді. Соған қарамастан, бәрі де мүмкін. Міндетіміз – зағиптардың әлемдік ақпараттық ресурстарға қолжетімділігін ұйымдастыру», – дейді жас маман.

Сәруар БАҚБЕРГЕН