Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:31

Залужный Украина президентін 2022 жылғы қарсы шабуылдың сәтсіздігі үшін айыптады

Залужний
Фото: Ukraine's Presidential Office

Украинаның Ұлыбританиядағы елшісі, Украина Қарулы күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы Валерий Залужный Associated Press агенттігіне берген сұхбатында президент Владимир Зеленскиймен болған келіспеушіліктер туралы айтты.

Залужныйдың сөзінше, олардың арасындағы алғашқы шиеленістер Ресейдің Украинаға қарсы кең ауқымды соғысы басталғаннан кейін көп ұзамай туындаған. Қақтығыс 2022 жылдың күзінде Украина Қауіпсіздік қызметінің (СБУ) ондаған қызметкері Залужныйдың кабинетіне тінту жүргізуге келген кезде шегіне жеткен.

Залужный бұл оқиға 2022 жылдың қыркүйек айының ортасында, Украина қарулы күштері елдің солтүстік-шығысында қарсы шабуыл жасаған тұста болғанын айтады. Киевтегі оның кабинетіне СБУ агенттері, сол кезде ішінде британдық офицерлер отырғанына қарамастан, кіріп келген.

СБУ қызметкерлері нақты нені іздеп жатқанын түсіндірмеген, ал Залужный құжаттар мен компьютерлерді тексеруге рұқсат бермеген. Оның пікірінше, бұл тінту «қорқыту әрекеті» болған.

Залужный сол кезде Зеленский кеңсесінің басшысы болған Андрей Ермакқа хабарласып, «бұл әрекетті тоқтатуды, себебі қалай соғысу керегін өзі білетінін» айтқан. Ол қажет болса, әскери күш қолдануға дайын екенін де мәлімдеген.

Сондай-ақ, ол сол кездегі СБУ басшысы Василий Малюкке қоңырау шалған. Малюк тінту туралы ештеңе білмейтінін айтқан. Кейін Залужный СБУ Киев сотынан оның мекенжайында тінту жүргізуге ордер сұрағанын білген. Ордерде бұл мекенжайда қылмыстық ұйым басқаратын стриптиз-клуб орналасқаны көрсетілген. Алайда бұл мекеме Ресей басқыншылығына дейін-ақ жабылған еді. Залужныйдың пікірінше, СБУ мұны білмеуі мүмкін емес.

Зеленский кеңсесі мен СБУ бұл мәлімдемелерге түсініктеме беруден бас тартты.

2023 жылғы қарсы шабуыл неге сәтсіз болды?

AP агенттігіне берген сұхбатында Залужный 2023 жылдың жазында НАТО серіктестерімен бірге әзірленген қарсы шабуыл жоспары Зеленский мен басқа шенеуніктер қажетті ресурстар бөлмегендіктен жүзеге аспай қалғанын айтты.

Бастапқы жоспар бойынша, Запорожье облысын азат ету үшін күштерді біріктіріп, кейін Азов теңізіне шығу көзделген. Бұл Қырымға баратын ресейлік қамтамасыз ету жолын кесуге мүмкіндік берер еді.

Залужныйдың айтуынша, бұл үшін күштерді кең көлемде шоғырландырып, тактикалық тосын әрекеттер жасау қажет болған.

Алайда іс жүзінде күштер кең аумаққа шашырап, шабуыл қуаты әлсіреген.

2023 жылдың желтоқсанында Зеленский қарсы шабуыл күткен нәтижеге жеткізбегенін мәлімдеген. Оның айтуынша, Украина одақтастардан қажетті қаруды алмаған, ал әскер саны шектеулі болған.

Залужный қазір майдандағы жағдайды мұқият бақылап отырғанын, бірақ 2024 жылдың ақпанында қызметінен босатылғаннан бері әскери шешімдерге қатыспайтынын айтты. Ол Зеленскиймен содан бері екі рет «достық сипатта» сөйлескенін мәлімдеді.

Саяси амбициялары туралы сұраққа ол:

«Соғыс аяқталмайынша немесе әскери жағдай алынбайынша, бұл туралы талқыламаймын», – деді.

Associated Press мәліметінше, оған кеңесшілер мен партия өкілдері сайлауалды науқанын әзірлеуге көмектесуді ұсынып жатыр. 2025 жылдың көктемінде оған «өте танымал» америкалық саяси кеңесшілер жүгінген. AP дерегіне сәйкес, сөз Дональд Трамптың бұрынғы штаб басшысы Пол Манафорт туралы болуы мүмкін. Залужный бұл ұсынысты қабылдамағанын айтты.

Бірнеше рет ол Украинада президенттік сайлау өтсе, Зеленскийдің басты бәсекелесі болатыны айтылған. 2026 жылдың қаңтарында жарияланған сауалнама нәтижесіне сәйкес, респонденттердің 23 пайызы Залужныйға, 20 пайызы Зеленскийге дауыс беруге дайын екенін білдірген.

2026 жылдың ақпан айының басында Financial Times газеті Зеленский 24 ақпанда – соғыстың төрт жылдығына орай сайлау жариялауы мүмкін екенін жазған. Зеленский бұл туралы:

«Мен бұл жайында алғаш рет естіп тұрмын», – деп жауап берген.

Тегтер: