Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:00

Замана тезіне түскен «Абайтану» дәрісі

Әуезов
Фото: ашық дереккөз

С.Жүнісовтің М.Әуезовтің «Абайтану» дәрістерінен конспект-дәптері жөнінде

Абай – нақтылы тарихи кезеңде, қазақ елінің ХІХ ғасырдағы саяси-әкімшілік, рухани-экономикалық қалпында ғұмыр кешкен шығармашылық тұлға. Кеңестік кезеңнің идеологиялық мұраттарында сан сараланып, адамзат тарихының ХХ ғасырдағы талқысына қайта-қайта түсіп, барын жасырып, жоғын асырып әспеттелген күрделі шығармашылық тағдыр. Абай туралы айтылуы тиісті ақиқаттар Мұхтар Әуезовтің ой көзінен бір сәт те таса болмағанын, дүниетаным аясы шалқар ғұлама абайтанушының сол ақиқаттарды қисынын тауып, қандай жағдайда да, қайда болса да айтып кеткенін уақыт озған сайын ұғына түсіп отырғанымыз – олжа.

Қазақ университетіндегі «Абайтану» арнаулы курсында оқыған Мұхтар Әуезов дәрістерінің әр жылдарда, әр шәкірттің қолымен жазылып қалған конспектілері сақталған. Айналдыра айтып отырып, Абай айналасын «айыптап» отырып Мұхтар Әуезов Абай ғұмыр кешкен кезең, дәуір сипатын тұтас қамтып, қайран қаларлық тарихи танымдық, саяси, рухани өреде салмақтап саралайды, бағалайды.

Жазушы Сәкен Жүнісовтің «Мұхтар Әуезовтің абайтану туралы лекциясынан» атты шағын кітапшасы да Мұхтар Әуезовтің тұтас тұлғалық, жойқын танымдық әлеуеті менмұндалып тұрған, абайтануда да, әуезовтануда да мәні бар жәдігер.

«Құнанбай – біріншіден ел ішіне ислам дінін таратушы: молла ұстаушы – және балаларының атын кітап аттарымен, яғни шаман емес, ислам арқылы берген. М.Ибрагим, Оспан, Халиолла. Аға сұлтан кезінде Қарқаралыға мешіт салдырады. Онда ишандар бар. Тіпті ол Қодардың өзін шариғат жолымен өлтірдім дейді. Балаларын ескіше оқытады. Тек Халиолласын (Халел) ғана орысша офицерлік оқуға берген. Меккеге барды. Меккеге барып келген соң шымылдықтың ішіне жатып алады, діншілдікті сыйлаған болып, бірақ әкімшілікті жүргізіп жатады. Міне, осының бәрі исламшылдығына дәлел бола алады» (Жүнісов С. Мұхтар Әуезовтің Абайтану туралы лекциясынан студент Сәкен Жүнісовтің конспектісі. Көмекші оқу құралы. – Алматы: Санат, 1996. – 80 б. (26-б.)

Қым-қиғаш, қырық құбылған уақыттың ағыны сондай қайтусыз еді. Осында жалғыз ескекпен шыққан жалқы қайықтың күйін кешкен қазақ зиялысының мұхиттағы мұзжарғыш кемедей жойқын тегеурін, қайтпас қарсылығы бір бойынан табылған Мұхтар Әуезовтің сан сала саясаттың ығына жығылмаған, ырқымен жүрмеген тұлғалық айрықшалығы Сәкен Жүнісов конспектісінде де зор әлеуетімен көрініпті.

«Естіген құлақта жазық жоқ, біз солардың жау екеніне сенетінбіз де, бірақ не үшін жау екенін сұрап, білмейтінбіз, оны ешкім айтпайтын да. Әйтеуір кейбір студенттер ғылым докторлары Қ.Жұмалиев пен
Е.Ысмайыловтың суреті кездескен жерде, баяғы 37-жылдың тәжірибесі бар, бетіне крест салып, Қ.Ж.Жұмалиев деген оқулық сыртындағы фамилияны пысықсынып: «халық жауы Жұмалиев» деп жазып та үлгерген» (сонда, 4-бет).

Сәкен Жүнісов конспектісінің алғы сөзіндегі сол бір және қысталаң уақыттың көпшілік ұзақ уақыт біле бермеген, білсе де ненің не екенін парықтауға мұрша келтірмеген замана желі ұшырып әкеткен ауыр шындықтар дерегі маңызды. Сол тұс Мәскеу зиялылары қолұшын берген Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтбаев өмірбаянындағы қайсыбір беласу шақтарға қарайлата жазылған естелік.

«Ал өзіміздің елде, өзіміздің қазақтарымыздың ішінде Мұхаңды көре алмайтындар бар, дұшпандары бар, қайсыбір өрісі бар, білім деңгейі төмен адамдар бар – Әуезов Сұлтанмахмұт Торайғыровпен бірігіп, Алаш партиясының гимнін жазған, содан бертін 30-жылдары сотталып, ақыры Ермеков екеуі «Еңбекші қазақ» газетінің бетіне жаздым-жаңылдым деп, өз қателіктерін, жаулықтарын мойындап, ашық хат (мақала түрінде) жазып, түрмеден босаған. Оның социалистік қоғамға жат екені рас...» деп жүргендерін естідік. Бірақ ол кезде алаштықтардың (Байтұрсынов, Дулатов, Бөкейхановтар да бар) ақ-қарасын сарапқа салып, безбендейтін бізде маман да жоқ, қолымызда материалдар да жоқ. Болған күнде онымен не бітіресің, арандап қалғаннан басқа. Бар қолдан келгені – екі-үш студент құпия келісіп кітапханадан жасырын алып, 1932 жылғы «Казахстанская правда» газетінен (кейін қазақшасын) Әуезов пен Ермековтың өз қателіктерін мойындап жазған хаттарын оқыдық. Оқыдық та иландық (Әуезов, Мұқанов, Мүсірепов өмірінің қызықты да қиын бір сәттерін алып жазған «Кемеңгерлер мен көлеңкелер» деген пьесамда кейбір жерін тілге тиек етіп пайдаландым да). Орайы келіп тұрғанда сол хаттың текстін бере кетейік, бұл да осы кітапшаның (конспектінің) қайсыбір тұспалды жерлерін, Мұхаңның замана тезіне түсіп, өз ойын, білетінін көпе-көрінеу бұрмалауға не шындықтың ауылын амалсыздан айналып өтуге мәжбүр болған себептерін түсінуге, әрі бұл хатты оқудың ғалым, жазушы, – ұлы адам өмірінің қилы-қилы кезеңдерін тереңірек біле түсуіне көмекші болар» (сонда, 5-бет).

Бұл «Ашық хат» бүккен, ашылмаған сырлар аз емес. Осында Мұхтар Әуезовтің абайтану тарихындағы зор әлеуеті де жоталанып жатса керек. Абайды тануда нені іркіп, неден серпілді? Неге қарайлап, неден қашқақтады? Неге? Не дегенде де, айтарын айтып өткенін қалай түсінерміз? Қай тараптан тартсаң да Абай ақиқатын уақыт былғанышынан арашалап отырыпты. Айтпағаны қалмапты да. Абайдың ақындық кітапханасына қатысты тап басып, тарқатып айтқаны да сол.

Ә дегенде-ақ өзінің азаматтық позициясын бекітіп алған Мұхтар Әуезовтің осы хатының саяси, тарихи бағасы туралы талқылау болмаған да сияқты.

«Менің әдебиет пен саясат жолында бұрын қандай адам болғандығым туралы Қазақстан партиялық, кеңестік жұртшылығы өзінің қоғамдық сынын айтқан болатын. Ол сын ашық, нық айтылған дұрыс сын еді. Ондағы берілген баға бойынша мен: «байшыл, алашордашы одағындағылардың салт-санасын әдебиет жүзінде іске асырушы кісі» болғам.

Осы жай барлық жұртшылыққа да, менің өзіме де мәлім» (сонда, 5-бет).

Хатта Мұхтар Әуезов өз «қаталарын» бірінен соң бірін атап көрсетіп, «Шолпан» журналындағы қазақ әдебиетінің тарихына; қазіргі дәуіріне қатысты пайымдауларын өз қолымен терістеп жазды. Абайға қатысты да қателіктер болды дейді.

«Сол қаталарым кейбір кейінгі тексерулерімнен де арылған жоқ. Мысалы, соған ұқсаған қаталар Абай шығармаларын тексеруімде де бар» (сонда, 10-бет).

Бұл хат 1932 жылы жазылды. 1934 жылы Мұхтар Әуезов әйгілі «Абай ақындығының айналасы» атты зерттеуін «Әдебиет майданы» журналында жариялады. Ғұмырлық позициядан қылдай да ауытқымаған зерттеу. Кейін, 1951 жылы осы мақаладағы ғылыми негіздеме, ұстанымдар, бұл бағыттың Қайым Мұхамедханұлының Абайдың ақындық мектебі, ақын шәкірттері бойынша жазылған диссертациялық еңбегіндегі ықпалды тегеуріні Мұхтар Әуезовтегі пантүрікшілдік, панисламшылдық пиғылдың айғағы ретінде айқындалды.

Сәкен Жүнісов тұлғатанудағы дерекнамалық негіз, уақыт факторына ұтымды екпін түсіріп отырып ұсынған қысқа конспект дәптерде Мұхтар Әуезовтің шығармашылық ғұмырбаянындағы қилы этаптар шындығынан сыр тарқатады. Ғылыми зерттеуде де, оқыту әдістемесінде де септігі тиетін деректер, тұлға болмысының қилы кезеңдеріндегі стихиясы түскен пайымдаулары мәнді.

«Ендеше, М.Әуезовтің осы 1959 жылдан кейінгі оқу жылдарында оқыған лекцияларында айтарлықтай өзгерістер де болуы мүмкін. Мысалы, Құнанбайға, Шәкәрімге, дінге көзқарастары, олардың қасиетін студенттерге жеткізу мазмұнында айтарлықтай өзгерістер, басқа бетбұрыстар, яғни, қайсыбір амалсыздықтан туған талдаулардан айығу сарыны байқалар. 1953 жылға дейінгі, яғни, дәл осы лекцияның, келесі жылдардағы лекциялардан айырмашылығы да (тіпті екі, үш пікір ғана болса да), сол арқылы Әуезов көзқарасының оқушы қауымға айқындала түсуі ғажап емес. Құнанбайды үнемі таптық сипатпен ғана бағалауы, Шәкәрімді жыланша иірілген зымиян, қу етіп көрсетуі, 37 жылдың зардабы, шындықты айтудан зәрезап болып, көпе-көрінеу бұра сөйлеуінің әсері деп түсіну керек. Тіпті «Кейінде халық жауы болған Шәкәрім дегенде де» деп халық жауы екенін студенттерге баса айтып, «деген де» деп менсінбей сөйлеуінде, әрине, үлкен гәп бар» (сонда, 15-бет).

Сәкен Жүнісов конспектісінің алғы сөзінде сол елуінші жылдарда естіген біраз қаңқу әңгімелерді де айтып өтуі арқылы уақыт бейнесіне кідіріс жасаған. Қайсыбір алыпқашпа әңгіме дерегі ендігіде айтылып та, ашылып та жүр. Мәселен, Шәкәрім мен Мұхтар Әуезов арақатынасындағы «Ләйлі-Мәжнүннің» 1922 жылғы «Шолпан» журналындағы басылымы туралы дерек. Шәкәрім мәтіннің техникалық қатесі көп болып шыққанына қынжылған. Бұл бір-бірінен бірі кетісіп жатқан қатты уақыт болатын. Бір сөзден мың сөз балалап жататын кекті уақыт болатын. Дәл осы үшін екі заңғар кетіспегені – және анық.

Сәкен Жүнісовтің «Мұхтар Әуезовтің Абай тану туралы лекциясынан» атты көмекші оқу құралы есебінде жазылған «Абайтану» курсынан дәптерге түсірген конспектілері Абай мұрасын игеру бағыттарындағы қилы кезеңдік тосқауылдардың Мұхтар Әуезовтің азаматтық тұлғалық, зерттеушілік ұстанымын қайткенде де бұза алмағанына, бұра алмағанына дәйек, дәлел болатын ондаған айғақтың бірі. М.Әуезов баспа жүзіне, кейде ұсынғанының өзін, шығаруға кеңшілік бермеген, кейде шетжағалап жеткізуге тура келген аса тұғырлы, принципті, өзгертуге, өшіруге келмейтін ақиқаттарды «Абайтану» курсының белгілі бір мәнде оқшау, оңаша дәрістерінде негіздеп отырды.

Сәкен Жүнісовтің конспект-дәптерінің қайсыбір мәнде Мұхтар Әуезовтің ғылыми-шығармашылық зертханасы бойынша зерттеу жұмыстарда септігі тиетіндігі анық.

Абайдың ақындық кітапханасы бойынша абайтануда қилы себептерде арнайы зерттеулер жүргізілмеді. Мұхтар Әуезов бұл мәселеде атын атап, түсін түстеп, жеке зерттеу де жазып (1934), кіріктіріп отыратын нақтылы дереккөздердің маңыздылығында Сәкен Жүнісов хатқа түсірген дәрістер дерегінің де мәні бар.

«Медреседе Абай мантықты да (логика), теософияны (діни философия) да оқиды. Шағатай, фарсы тілдерінде еркін оқитын болған. Науаи, Физули (азербайжан), Сағди, Абдірахман жағдиларды көп оқыған. Бұл кез оның бала бозбалалық (отрочество) кезі еді. Мешітте Құтпа оқытқан. Мұны уағыздайтын Қожақмет Уассай, Сүлеймен Бақырғани, Софаллаяр, Машраб («Дюсон» деген жинағы) деген ақындардың өлеңдерін оқуға ұлықсат етілген. Мұның бәрі түркі тілінде жазылған. Абай шағатай, иран ақындарын көп оқиды. Мүта Рабби, т.б. арабтың жақсы философ ақындарын айтпайды. Өйткені олармен артық жете таныс еместігі» (сонда, 28-бет).

Абай ақындығының қайнар көздері мәселесінде Мұхтар Әуезов осы дәріс барысында атын атаған ақындардың басым көпшілігін ұдайы айтады, басқа дереккөздерде кездеспейтіні – Машрабтың «Дюсон» жинағы.

2011 жылы құрастырылған «Абай мұражайы қорының сипаттамасы» атты жолкөрсеткіштен қарап көрдік.

«Кітапта Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайының қорында сақтаулы қолжазбалар, қазақ және орыс тілінде шыққан ескі, сирек кітаптар, Абай оқыған медресе кітаптарының, ХІХ ғасырдың аяғында – ХХ ғасырдың басында шыққан мерзімді баспасөз басылымдары, құнды архив құжаттарының тізбесі, қысқа сипаттамасы жарияланып отыр.

Кітап Абай Құнанбайұлының, оның заманы мен өмір ортасын тереңдеп тануға қызыққан зерттеушілер мен әдебиеттанушыларға, магистранттар мен студенттерге және жалпы оқырманға арналған» (Абай мұражайы қорының сипаттамасы (жолкөрсеткіш). – Семей. – Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайы, 2011. – 279 б.).

Осы жолкөрсеткіште Сәкен Жүнісов конспектісінде аталған Машрабтың «Дюсон» жинағы жоқ.

«Абай ақындығының айналасында» айтылған тақырып аясындағы қайсыбір тоқтамдардың түпкілікті зерттеу ұстанымдарда Сәкен Жүнісов дәптеріне түскен, сабақ барысында айтылған жекелеген мәселелердің дерек-дәйегі де мәнді.

Қанша жерден «оңаша», «оқшау» болғанымен, дәрісханада да сарқып сөйлеу мүмкіндігі шектеулі болғанын білеміз. Сақтана сөйлеудің де ығына жығуға келмейтін принципті мәселеде Мұхтар Әуезов ірікпей айтқан тоқтамдар Абай кітапханасына алып барар төте жол іспетті. Алайда мұсылманшылықтың басым өрістеріне жол табылған кезеңдер көп дүниені көмескілендіріп өтті. Ендігіде сөз білетін, тіл білетін, жазу танитын, жөн білетін мамандар тапшы.

1934 жылғы аталған «Абай ақындығының айналасын» зерттеуіндегі қадау-қадау тоқтамдарды Мұхтар Әуезов ХХ ғасырдың елуінші жылдарының басында Қазақ мемлекеттік университетінде оқыған дәрісінде қысқа қайырып, саяси мұраттар ыңғайында бұрынғы тоқтамынан (1934) «тайқыңқырап» айтуды жөн көрген.

Абайдың Шығысы туралы осы бір тоқтамынан кейін Мұхтар Әуезов жеке өлеңдерді талдауында мәселе бойынша ойталқы пікірлерін жалғастырып отырады.

Шығыс, мұсылмандық әдебиеттің қазақ сөз өнеріндегі ықпалды шығармашылық өріс болғандығына «Абай және «Әліппе» жанры» атты «Абай мұрасы және ортағасырлық Түркі жазба жәдігерлері: әдеби компаративистикалық талдау» зерттеуінде берілген тарауда шығыстанушы
Т.Қыдыр елеулі мән береді. Белгілі көрінгенімен, бұлайша бекітіліп айтылуы – маңызды. Абайдың «Йүзі – раушан», «Физули, Шәмси, Сайхали», «Әліппе» өлеңдеріне қатысты ой-тоқтамдарында нақтылы бір хронологиялық шеңберге «сыймай» тұрған әдеби үдеріс тұрғысында тосын, тың қырларына да ден қояды.

«Абай есейе келе өзінің шығармаларын, Сағдиша айтсақ, «халық тілінде», яғни, ана тілінде жазғанды жөн деп тапты. Осылайша Абай мың жылдан аса түркі мұсылман халықтарында кеңінен қолданыста болған түркі әдеби тілінің «қақпасын» үш өлеңмен жауып, қазақ тілінің көркемдік кеңістігін кеңейте түсуге кіріскені белгілі» (Қыдыр Т. «Абай мұрасы және ортағасырлық Түркі жазба жәдігерлері: әдеби компаративистикалық талдау». Ғылыми-зерттеу еңбек. – Алматы: Алгоритм, 2023. – 254 б., 130-бет).

Т.Қыдырдың аталған зерттеуі Абайдың ақындық кітапханасы, Абай ақындығының айналасы, Абай поэзиясындағы өлеңдік түр мәнінде пән тілінде жазылған аса қат зерттеудің бірі. Абайдың Шығысын айналсоқтап, алыстан қармап айту емес, ішіне түсіп, ізін тауып зерттеу.

Абайтану тарихында осы үш өлең тұрғысында айтылатын болжам-байламдарға сын көзбен қараудың мезгілі жеткенін, енді сөзбұйдамен абайтанудың қилы кезеңдерінің түрлі себептерде қисындалған өзекті зерттеу бағыттарына батыл кірісу қажеттілігін көрсеткен осы зерттеуде Абай ақындығының кешенді зерттеу міндеттері осы заманғы абайтану міндеттерінде шешімді жүйеленген.

Бір тұстарда Мұхтар Әуезов 1934 жылғы мақалада айдан анық етіп қисындаған қазақ, Абай өлеңіндегі шығыстық жүлге туралы ойларын тайғақтау етіп, тайсақтаған сыңай танытып айтуға да көндікті. Осындай сапырылыс ой-пікірлердің темірқазық ұстанымы 1934 жылғы «Абай ақындығының айналасы» зерттеуінде қапысыз негізделгені дәл осы мәселенің абайтанудағы, мұхтартанудағы шешімдерінде бұлжымас күшінде қалды. Абайдың шығысына қатыстыра қилы уақытта айтылған «шашпа» (М.Мырзахметов) ойлардың бұзылмайтын бекініс М.Әуезовтің осы, «Абай ақындығының айналасы» атты зерттеуі.

Сәкен Жүнісовтің «Мұхтар Әуезовтің абайтану туралы лекциясынан студент Сәкен Жүнісовтің конспектісінде» Машраб атты ақынның «Дюсон» жинағы да дәріс үстінде дәптерге жазылып алынғанын, алайда Әуезов еңбектерінде бұл есімді кездестірмегендігімізді айтқанбыз. Т.Қыдырдың Абай және Шығыс әдебиеті, мұсылмандық негіздер бойынша арнаулы зерттеуінде «Хақтың жамалына ынтық Баба-Рахым Машраб» туралы айтылған. Кітапхана дерегі осындай елеусіздеу бір тұстарда біртіндеп тізім құра бастайды. Және бір қайталап айтып қою керек сияқты. Осындай «кездейсоқ» деректердің көрсеткіш түзілімі қажет-ақ.

М.Әуезов баспаға ұсынған зерттеулерде Абайдың шығыс тақырыбындағы 3 өлеңіне қатысты сопылық негіздерінде іркіп қалған таным кеңістігін «Абайтану» арнаулы курсында, дәрісхана оңашалығында шәкірттерге жеткізген. М.Әуезов атаған ақындардың «Әліппе» жанрында жазу дәстүрі, бұл жанрдың басым сарыны, түп өзегі сол дәрісте аты аталған ақындардың шығармашылық өзекті бағыты екендігін білмейтіні жоқ
М.Әуезов біліп отыр. Жарияға шығарып айтуға кедергі көп уақыттың құбылған бағыттарында, не дегенде де, сол 1934 жылғы Абай Шығысына, Абай мұсылмандығына қатысты тоқтамынан тайқымайды.

Т.Қыдыр зерттеуінде Абай медреседе оқығандығын М.Әуезов «Абайтану» дәрісінде қадап айтқан Машраб ақын туралы бірқатар дерек берілген.

Қанипаш Мәдібаева,

филология ғылымдарының докторы, профессор

Әдебиет және өнер институтының

бас ғылыми қызметкері.

Тегтер: