Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:30, 15 Наурыз 2024

Заманауи өнер бағытын айқындаушы – Рустам Хальфин

Рустам Хальфин

Рустам Хальфин – авангард бағытының көрнекті өкілі, Қазақстандағы алғашқы постмодернистердің бірі, қазіргі заманауи өнердің нысаны инсталляция, спектакль сияқты түрлерінің негізін қалаушы һәм қазақ бейне өнерінің жолбастаушысы.

 Көптеген кураторлық жобалардың авторы және қатысушысы ретінде ол Орталық Азия аймағында да, одан тыс жерлерде де заманауи суретшілердің шығармашылығының дамуына әсер етті. Өзін қоршаған өнерпаздардың интеллектісі мен білімін арттыру жолында аянбай еңбек етіп, тұтас мектеп деп бағалауға тұрарлық шәкірттер плеядасын даярлаған тұлға.

Күні кеше арт новатордың онлайн-мұрағаты аясында көркем сурет, графикалық еңбек, этюд жұмыстары, суретшінің жеке фотосуреттері, видео-арт, сонымен қатар энвайронмент, инсталляция, перформанс фотосуреттері, іскери хаттар, Хальфиннің шығармашылығы туралы көпке белгісіз мақалалар мен оның осыған дейін жарияланбаған мәтіндері секілді 900-ден астам жұмыс цифрландырылды. Мұрағат заманауи өнер саласындағы кәсіби мамандарға, сондай-ақ жас суретшілерге, осы бағытта білім алып жүрген студенттерге және жалпы оқырманға арналған. Онлайн-мұрағат – Рустам Хальфин шығармашылығы қорының мәліметтерді жинау, жүйелеу және цифрландыру бойынша екі жыл бойы жүргізген жұмысының нәтижесі. Мұрағат Қазақстан мен Орталық Азиядағы заманауи өнердің қалыптасуына және дамуына қатысты процестерді ескере отырып, суретшінің мұрасын зерделеуге мүмкіндік береді. Материалдардың басым көпшілігі 80-жылдар мен 2008 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Жоба жұмысы ары қарай жалғаспақ: бұл ретте 3000 шамасындағы ақпарат жинақталады және кезең-кезеңімен цифрландырылады. Онлайн-мұрағат Рустам Хальфиннің LOOK Gallery атты галереясының құрметіне аталды. Бұл галереяны суретші 1999 ашқан болатын. Онда Хальфин инсталляцияларын, жобаларын, перформанстарын жүзеге асырды. Мұрағат қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылып отыр.

Рустам Хальфин (1949-2008) – Қазақстан мен Орталық Азиядағы заманауи өнердің басты тұлғасы. Зерттеуші және суретші ретінде Рустам Хальфин Қазақстанның қазіргі арт-қауымдастығының қалыптасып, өркендеуіне үлкен ықпал етті, жекелей алғанда, суретшінің шығармашылығы туралы мақалалар жарияланды, каталогтар жарық көрді, оның жұмыстары отандық және халықаралық көрмелерде, мәселен, 2005 жылы 51-ші Венеция биенналесіндегі Орталық Азия павильонында ел назарына ұсынылды. Суретшінің еңбектері нонконформистік өнердің Зиммерли музейі (Нью-Брансуик, АҚШ), M HKA заманауи өнер музейі (Антверпен, Бельгия), Мемлекеттік Третьяков галереясы (Мәскеу, Ресей), Шығыстың Мемлекеттік музейі топтамасы (Мәскеу, Ресей), Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі (Алматы, Қазақстан), ҚР Ұлттық музейі (Астана, Қазақстан) секілді танымал орындарда, сонымен қатар жеке коллекцияларда сақталған.

Өз шығармашылығында суретші көшпенділерге тән қасиеттерді зерттеп, Қазақстанның мәдени тарихына қатысты жеке пайымын қалыптастырды. Мамандығы сәулетші бола тұра ол өз бетінше көркем сурет техникасын игеріп, Владимир Стерлиговтың көркем сурет-пластика мектебінен өтті.

Казимир Малевичтің соңғы оқушысы саналатын суретші-философ Владимир Стерлигов тостаған-күмбез теориясын әзірлеген болатын. Бұл теория бойынша, Ғаламдағы барлық пішін тостаған мен күмбез сипатына ие болуға ұмтылады екен.

Хальфин Ленинградта Стерлиговтың оқушысы және мұрагері, суретші Геннадий Зубков ұйымдастырған пленэрлерде болған. Хальфин оған жазған хатында «Тірі жұмысқа қатысты бірқатар кеңес пен ескертпе алған айрықша маңызды. Ең үлкен тілегімнің бірі – пішінмен жұмыс істеу, сол үшін жолға шықтым» дейді. Рустам Хальфин «таза өнердің» қағидаттарын тануға, «табиғат геометриясын» білуге, «уақыт пен кеңістік шекарасынан» шығуға және «пішін қалыптастыратын өз элементін» табуға тырысты.

 Қыз қуу»
Рустам Хальфин, «Солтүстік варварлары. 2-бөлім. Қыз қуу», 2000 ж

Өзінің қай жергілікті ортаға тән екенін анықтауға ұмтылған суретші көшпенділер архитектоникасы туралы, күмбезді киіз үй, тостаған, кесеге дейін Стерлигов теориясын зерттейді. Осы жолда Хальфин пікірлес адамдардың басын қосып, мектеп ұйымдастырады, пәтер көрмелерін өткізеді. Қайта құру жүріп, өнердің энвайронмент, видеоарт, фотосурет, инсталляция және перформанс секілді жаңа түрлері пайда болғанда, Хальфин оларды да пайдаланады. Іздеуін тоқтатпай, зат пен кеңістіктің бір-біріне байланысты және тәуелді, бір бүтін екенін, оларға ортақ мағына, ортақ геометрия тән екенін айғақтайтын Стерлигов теориясын растайды. 1991 жылы Хальфин пулота атты «қосымша элементті» ойлап табады. Бұл – Малевичтің теориясына сәйкес, жаңа өнердің жарық көруіне әкеледі. «Пулота» деген сөзді Хальфиннің өзі шығарған. Ол әлдебір орынның бір сәтте бос тұрғанын («пустота») әрі толы болғанын («полнота») білдіреді. Пішінді пішін тудырады, зат пен кеңістік бір-біріне ықпал етеді. Қолыңызға аздап саз балшық алып, уысыңызда қысып ұстадым деп елестетіңіз. Алақаныңызды ашқанда, саз балшықта саусақтың ізі қалады. Хальфин осыны «пулота» деп атаған. Суретшінің жұбайы Лидия Блинованың сипаттауынша, «пайда болған пулота қарапайым мүсінге айналады. Ал бос орын ретінде ол кәдімгі оптикалық құралдың, айналаны шолуға арналған аспаптың рөлін атқара алады».

Көшпенділер мәдениетінің тактилдігін зерттеген Рустам Хальфин пулотаны түркілердің дәстүрлі дүниетанымына сәйкес қарастырады. Жекелей алғанда, «Құт» түсінігіне тоқталып, оны жан, қуат шоғыры, Тәңірдің сыйы, береке, бақыт деп тәпсірлейді. Бұл ретте суретші авангардтық дәстүрді ұстанады, яғни өнер күнделікті тірліктен тыс, танып-білу мүмкін емес деңгейде болуы керек.

Табиғатынан көшбасшы, зиялы, шығармашылық тұрғыдан стратег болған Рустам Хальфин әрдайым алғашқы болуға ұмтылды: бірінші болып «жаңа өнер» түрлерін игерді, бірінші болып арт-қауымдастықты бірігуге шақырды, «үлкен өнер әлеміне кіру» керектігі және бұл жолда біреуге ұқсамай, керісінше, ерекшелеп тұратын дүниелерді пайдалану қажет екендігі жайлы алғашқы болып айтты.

Рустам Хальфин мен Лидия Блинова
Рустам Хальфин мен Лидия Блинова

Рустам Хальфин және оның альтер эгосы Лидия Блинова жайлы былай деуге болады: «Рустам майталман шебер, ал Лидия Маргарита болды. Рустам шығармашылықты, Лидия махаббатты бейнеледі. Шығармашылық пен махаббаттың тұтасуы – адамның ғалами болмысының көрініс табуының жарқын белгісі». Лидия Блинова 1996 жылы, Рустам Хальфин 2008 жылы қайтыс болды. Олар үшін өнер қандай да бір байлық-мансаптан артық тұрған еді.

Орталық Азиядағы заманауи өнердің негізін салушылардың бірі – Лидия Блинова көпшілікке әйгілі қазақстандық суретші Рустам Хальфиннің әйелі және әріптесі ретінде танымал, ал өнер сүйер қауым оны таланты үшін бағалайтын. Ол тым ерте өмірден өтсе де, оның инсталляцияларының көпшілігі уақытша сипатта болса да, артына өшпес өнер қалдырды.

Оның қызығушылықтарының аясы шексіз еді. Сәулет өнерімен, поэзиямен, мүсінмен, дизайнмен және зергерлік бұйымдармен айналысты. Оның шығармалары мен идеяларының аз ғана бөлігі сақталғанына қарамастан, ол Орталық Азиядағы заманауи өнердің дамуына үлкен әсер етті.

Рустам Хальфиннің әйеліне арналған «Альтер эго» инсталляциясын да мұрағаттан тамашалауға болады.

«Рустам Хальфин шығармашылық мұрасының мұндай ауқымды мұрағатын зерттеу және ғылыми тұрғыдан саралау суретшінің Қазақстан мен Орталық Азиядағы заманауи өнердің көшбасшысы ретіндегі бейнесі жайлы сараптамалық пікірді аша түсуге мүмкіндік береді», – дейді мұрағат таныстырылымында Хальфин туралы ойын бөліскен Роза Абенова, куратор, галерист, Қазақстанның Ұлттық музейінің Заманауи өнер орталығының басшысы (2014-2019): «Рустам Хальфин – Қазақстанның заманауи өнерінің халықаралық арт-сахнаға шығуына ықпал еткен негізгі тұлға. Ол Қазақстаннан гөрі, шетелде танымал отандық суретшілердің бірі. Рустам Хальфин өз заманындағы жаңа өнер түрлері арқылы Қазақстанның мәдени өткенін алғашқы болып жаңаша байыптап, зерделеді. Суретші шығармашылық ізденіс жолында Каземир Малевичтің теориясында көрсетілген, «өнер уақыт пен кеңістік шекарасынан шығуға тиіс», «жаңа өнер тудыру үшін «қосымша» элементіңді ашу қажет» деген қағидаттарды басшылыққа алды. Рустам – Қазақстан мен Орталық Азияның заманауи өнерінде өз шығармашылығы үшін осы қосымша элементті ойлап тапқан жалғыз суретші. Яғни ол зерттеуді қажет ететін өз өнерін жарыққа шығарды. Міне, онлайн-мұрағат осы жолда, Рустам Хальфиннің шығармашылығын, жолын толық әрі мұқият зерттеуде қажет».

Қазақтың заманауи өнерінің өзін-өзі анықтау кезеңіндегі көшбасшысы осы Рустам Хальфин болды. ХХ ғасырдың соңындағы Қазақстандағы көркемдік ахуалдың күрт артуы – аталған тұлғаның ықпалы мен күш-жігерінің жемісі. Ол алуан түрлі ақпарат құралдары: кескіндеме, инсталляция, объект, спектакль, қоршаған орта, бейне-арт арқылы көшпенділер дәстүрін әлемдік мәдени мұрамен диалогқа түсіреді. Хальфин шығармаларында қарама-қайшылықтардың бірлігін байқауға болады: пішін – антиформа, бүтін – үзік, ішкі – сыртқы, қуыс – толыққандылық. Шығармашылықтың шыңы, барлық идеялардың квинтэссенциясы және Хальфиннің жеке трагедиясы – «Нөлдік деңгей. Саз жоба» (1999-2001). Бұл екі қабатты ғимараттың барлық бөлмелеріне еніп тұратындай етіп орналасқан балшықтан жасалған 18 метрлік жатқан адамның фигурасы. Тұжырымдамасы терең, орындауы күрделі, посткеңестік кеңістікте теңдесі жоқ бұл туынды беймәлім жағдайлардың салдарынан суретшінің өз қолымен жойылды. Саз иілгіштіктің квинтэссенциясы және өнердің нөлдік деңгейін сондай-ақ физикалық, тактильділік идеяларын һәм суретші үнемі дамытып отырған топырақ пен саз сияқты архаикалық материалдарға жүгінуді бейнелейді. Бұл тақырып жалаңаш әйел сұлбасын саз балшықпен жасаған спектакльде дамыды – алғашқы адамды жасау әрекеті, адам мен табиғат арасындағы байланыс туралы мифологиялық ойларды білдіру идеясы болды.

Суреткердің осындай теңдессіз туындыларын онлайн тамашалауға мүмкіндік беретін платформаның пайда болғаны елеулі оқиға, әрине.

«Хальфин туындыларының цифрлық коллекциясының пайда болуы – суретшінің шығармашылық мұрасын сақтап, насихаттау жолындағы маңызды қадам. Бұдан бөлек, бұл ауқымды жария онлайн-мұрағат – Қазақстандағы қандай бір суретші жұмыстары туралы ең алғашқы осы тектес жоба болып отыр. Біздің тәжірибе басқа суретшілерге, олардың мұрагерлері мен өзге де институцияларға пайдалы болса қуанамыз. Тәжірибемізді бөлісуге дайынбыз», – дейді Руслан Хальфин, Рустам Хальфин мұрасы қорының негізін қалаушы.

Өнер жолын сәулетші (70-жылдардың басында Мәскеу сәулет институтын бітірген) Рустам Хальфин бірегей өнерпаз ғана емес, сонымен қатар интеллектуал еді. Ол әр туындысы арқылы әлемдік көркем мәдениеттің тарихи өткенін түсінуге бет бұрды. Осындай мысалдардың бірі – атақты испан суретшісі Веласкестің «Мениндер» атты хрестоматиялық туындысы. «Айнасыз автопортреттер» сериясынан басталған автордың өз жан дүниесін зерттеуі Рустам Хальфиннің шығармашылық әлеміне төңкеріс әкелген өте маңызды жаңалықтарға толы болды.

Рустам Хальфин, «Нысансыз кеңістіктің белгісі» диптихі
Рустам Хальфин, «Нысансыз кеңістіктің белгісі» диптихі («Мениндер» вариациясы), 1990 ж.

Суретшінің көптеген туындылары абстрактілі болып қабылданады, дегенмен негізі ол үздіксіз табиғаттың өз заңдылықтарын үздіксіз ұстанумен болды. Ол, әрине, суретшіге қатысты шығармашылық түсінік призмасынан өтіп, әлдеқайда ауқымды пәлсапаға бойлай білген өнерпаз.

ХХ ғасырдың көптеген суретшілері қоршаған әлемнің тікелей фотографиялық көшірмесінен бас тартады, өйткені біздің әлем көру мүшесі көмегімен қабылдайтынымыздан әлдеқайда терең және күрделірек екенін айқын ұқты олар. Рустам Хальфин шығармашылығы да осының айқын дәлелі бола алады.

Уақыт бәрін өз орнына қояды. Бұған Хальфин аты уақыт өткен сайын аңызға айналып келе жатқаны айғақ.

Әрине, есімін мәңгілікке жазу үшін Хальфин қандай құрбандықтарға барғаны мен ішкі күш-жігердің арқасында қол жеткізгені оның өнерін бағалаушыларға аян.

Оның көркемдікке құштар көздері ескі фотосуреттерден қалай жарқырай қараса, оның әр туындысы да сондай әсер қалдырады. Мұны тіпті автордың өзі дүниеге әкелген «артық элемент» немесе «пулота» сияқты ұғымдар мен терминдерін білмейтін тәжірибесіз көрермен де сезеді.

Айымгүл Мақсұтқызы