Заманбек Нұрқаділовке ескерткіш-бюст орнатылды

Алматы облысының Кеген ауылында орналасқан балалар өнер мектебіне Заманбек Нұрқаділовтің есімі беріліп, ескерткіш ашылды.
2 желтоқсан күні Кеген ауданының орталығында Заманбек Нұрқаділовтің құрметіне қойылған бюсттің ашылу салтанаты өтті. Бюсттің ашылу салтанаты Заманбек Нұрқаділов атындағы жергілікті өнер мектебіне іргелес алаңда өтті. Шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, жазушылар, белгілі тұлғалар, сондай-ақ Нұрқаділовтар отбасы мүшелері қатысты.
Ескерткіштің авторлары – мүсінші Айдос Бүркітбаев пен Тимур Нұрмұхаметов.
Шараға қатысқандарға Заманбек Нұрқаділов көзі тірісінде жазған "Не только о себе" атты кітабы таратылған.

Кегендегі балалар өнер мектебі 2015 жылы ашылып, домбыра, қобыз, түймелі баян, дәстүрлі ән, эстрадалық вокал, хореография, бейнелеу өнері, мүсін және сәндік-қолданбалы өнер сынды бағыттар бойынша білім береді. Қазіргі таңда мектепте 44 мұғалімнің жетекшілігімен 890 оқушы білім алып жатыр..
Естеріңізге сала кетейік, Заманбек Нұрқаділовтің құрметіне ескерткіш орнатылатыны 2024 жылдың қаңтарында белгілі болды.
Заманбек Нұрқаділов – қазақстандық саяси және қоғам қайраткері, Алматы, Алматы облысының экс-әкімі, ҚР Төтенше жағдайлар агенттігінің бұрынғы басшысы. 1944 жылы 15 қаңтарда Алматы облысы, Кеген ауылында дүниеге келген.
Ол 2005 жылы үйінде өлі күйінде табылды. Тергеу кезінде үш оқтың екеуі денесіне, біреуі басына тигені мәлім болды. Ресми дерек өлімнің себебі суицид деп қорытынды шығарылды. Бірақ қоғам мен марқұмның жақындары бұл ақпаратқа сенбеді.